Мәңгілік өмірді іздеген миллиардер өзін "клондағанын" мәлімдеді

Қартаюды тоқтатуға жыл сайын миллиондаған доллар жұмсайтын америкалық миллиардер әрі биохакер Брайан Джонсон тағы бір даулы мәлімдеме жасады. Ол өзін жаңа туған сәби күйінде “клондағанын” айтып, болашақта сол клон арқылы ағза өсіріп, түрлі емдеу әдістерін сынауды көздейтінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
48 жастағы кәсіпкер бұған дейін де қартаю процесін баяулатуға бағытталған ерекше тәжірибелерімен танылған. Соның бірі – өз ұлының қанын құю арқылы жасару әдісін сынауы.
Бұл жолы Джонсон X әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзін “жаңа туған сәби ретінде клондағанын” жазды.
Оның айтуынша, жақында өзіне асқазанның шырышты қабығына шабуыл жасайтын жазылмайтын аутоиммунды ауру диагнозы қойылған. Осыдан кейін ол ауруды емдеудің жаңа жолдарын іздеуге кіріскен.
“Жасанды интеллект, мультиомика және арнайы жасалған ДНҚ технологияларының арқасында болашақта емделмейтін ауру деген ұғым қалмауы керек”, – дейді ол.
Миллиардердің сөзінше, әзірге зертханалық жағдайда өсіріліп жатқан “сәби Брайан” болашақта өзіне қан доноры бола алады, ағза трансплантациясына арналған мүшелерді өсіруге, жаңа емдеу тәсілдерін сынауға және жас жасушаларды енгізуге мүмкіндік береді.
“Қазір бұл сәби Петри табақшасында ғана өмір сүріп жатыр. Кейбір адамдарға бұл қорқынышты немесе антиутопиялық көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе мұндай технология қалыпты дүниеге айналады”, – деді Джонсон.
Алайда оның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Көпшілік мұндай тәжірибенің этикалық жағына күмән келтіріп, “клонның” құқықтары мен оған тәжірибе жасау мәселесін көтерді. Ал енді бір бөлігі ғылымның дамуы үшін мұндай зерттеулерді қолдайтынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Брайан Джонсон қартаюды баяулатуға арналған дәрілік препараттардың бірін қабылдап, ауыр жанама әсерлерге тап болғанын да мойындаған еді.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз