Мәңгі жастық пен өлмейтін әдіс іздеген миллиардер жазылмайтын ауруға шалдықты

Мәңгі жастықты іздеп, қартаюды тоқтатуды мақсат еткен миллиардер Брайан Джонсон жазылмайтын аутоиммунды ауруға шалдыққанын айтты. Ол ағзасы өз асқазанына шабуыл жасап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тhe telegraph порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәңгі жастыққа жету үшін жасөспірім ұлынан қан құю тәжірибесін жасаған, өзін "биохакер" деп атайтын Брайан Джонсон аутоиммунды гастрит (AIG) диагнозы қойылғанын айтты.
"Менің асқазаным өз-өзін жеп жатыр", – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Джонсон ағзаның иммундық жүйесі асқазанның шырышты қабатындағы сау жасушаларға шабуыл жасайтын бұл ауруды "шешуге" үміттенетінін айтты. Алайда оның толық емделмейтінін мойындады.
Ауру белгілеріне В12 дәрумені тапшылығынан туындайтын анемия және қабынған тіндерде қатерлі ісік қаупінің жоғарылауы жатады.
Джонсон диагнозды мамыр айында алғанын хабарлады. Ол аурудың нақты қашан пайда болғанын білмейтінін, бірақ бұл бала кезінде тәтті жармалар мен фастфуд жеген кезеңі мен жиырма жастан асқаннан кейін денсаулығын әлсіретіп, артық салмақ қосқан уақыт аралығында пайда болуы мүмкін екенін айтты.
"Аутоиммунды гастрит асқазанға қайтымсыз зақым келтіруі мүмкін. Ол қоректік заттардың жетіспеушілігіне, қаназдыққа және ұзақ мерзімде қатерлі ісік қаупінің артуына әкеледі", – деп жазды Джонсон.
Оның айтуынша, қазіргі медицина бұл диагноз қойылған жағдайда ауруды тек бақылауда ұстауға болатынын айтады.
Кейін 48 жастағы кәсіпкер миллиондаған иммун жасушаларын зерттеу үшін қан талдауларын тапсырып жатқанын айтты. Оның мақсаты – асқазанның шырышты қабатына шабуыл жасайтын жасушаларды анықтау.
"Оларды анықтаған кезде, оларды өшіру үшін қандай терапия бағытын таңдау керегін білетін боламыз", – деді ол.
2013 жылы Брайан Джонсон төлемдерді өңдеу компаниясын 800 миллион долларға сатып, осы қаражатын қартаю процесін тоқтатуға бағытталған мақсатқа жұмсады.
Ол жылына шамамен 2 миллион доллар тұратын медициналық сарапшылар тобын жалдап, өзінің қан құрамын және ағза жағдайын үнемі тексертіп отырады. Осылайша өзін "өлмеу" философиясын жүзеге асыру үшін тәжірибе нысанына айналдырған.
Миллионер өзінің жүрегі 37 жастағы адамның жүрегіндей, терісі 28 жастағы адамның терісіндей, өкпе сыйымдылығы 18 жастағы адамның деңгейінде, ал қызыл иегі 17 жастағы адамның жағдайында екенін мәлімдеген.
Ол әр түні екі сағат бойы көк жарықты сүзетін арнайы көзілдірік тағатынын, таңғы 5-те тұрып 25 жаттығудан тұратын бір сағаттық жаттығу жасайтынын айтқан. Сонымен қатар ондаған қоспалар қабылдап, тісін шай ағашы майымен тазалайды.
2023 жылы ол жасөспірім ұлы Талмейджден қан құйдыру арқылы жасушаларының зақымдануын қалпына келтіруге тырысқан. Алайда кейін бұл тәжірибенің сәтсіз болғанын мойындады.
Дегенмен оның барлық тәжірибесі сәтті бола бермеген. 2024 жылдың қарашасында 1977 калориялық қатаң диетадан кейін әлсіреген түрін қалпына келтіру үшін бетіне май тінін енгізген. Алайда бұл процедура ауыр аллергиялық реакция тудырған.
Кейін ол "Project Baby Face" деп атаған бұл жоба сәтсіз аяқталғанын мойындады. Процедурадан кейін оның көзі нашар көріп, беті қатты ісіп кеткен.
Оқыңыз