Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар тұрғын үйлерін табиғи апаттардан сақтандыруға міндеттелмек

тұрғын үйді сақтандыру
Фото: magnific.com

Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи өрттерден міндетті сақтандыру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе бойынша азаматтар жылына 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін сақтандыру жарнасын төлеп, табиғи апат болған жағдайда бес күн ішінде төлем ала алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда тұрғын үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өрттері сияқты апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Тиісті бастама "Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы" жобасына енгізілген.

Жаңа жүйе табиғи апат салдарынан баспанасынан зардап шеккен азаматтарға кепілдендірілген қаржылық көмек көрсетуге бағытталған. Қазір мұндай жағдайда тұрғын үйлерді қалпына келтіру көбіне мемлекеттік бюджет немесе азаматтардың өз қаражаты есебінен жүзеге асады.

Жоба бойынша міндетті сақтандыруды алдымен табиғи апат қаупі жоғары үш өңірде пилоттық режимде енгізу көзделген. Кейін жүйе еліміздің 16 өңіріне кезең-кезеңімен таратылады.

Сақтандыру жарнасының көлемі өңірдегі қауіп деңгейіне байланысты жылына шамамен 2 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болуы мүмкін. Ал сақтандыру жағдайы расталған кезде азаматқа төлеген жарнасының 500 еселенген мөлшерінде төлем жасалып, қаражат бес күн ішінде беріледі деп жоспарланған.

Алғашқы кезеңде төлемдер зардап шеккендердің шұғыл қажеттіліктерін өтеуге бағытталады. Болашақта қордағы қаражат көлемі артқан жағдайда бүлінген тұрғын үйді қалпына келтіруге немесе жаңа баспана сатып алуға мүмкіндік беретін төлемдер енгізілуі мүмкін.

Жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы Тұрғынжайды міндетті сақтандыру қоры құрылмақ. Қор сақтандыру жарналарын жинап, резерв қалыптастырады, төлемдерді ұйымдастырады және ірі апаттық тәуекелдерді қайта сақтандырумен айналысады.

Жоба аясында үш жылдық өтпелі кезең қарастырылған. Осы уақыт ішінде қор акционерлік капитал мен қайта сақтандыру сыйлықақылары есебінен қалыптасады. Кейін тұрғын үй иелері міндетті сақтандыру жарнасын жыл сайын төлей бастайды.

2026 жылғы 1 тамыздағы дерек бойынша Қазақстанда мүлікті залалдан сақтандырумен 14 сақтандыру компаниясы айналысады. Бұл бағыттағы сақтандыру сыйлықақылары 190 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға өскен. Ал төлемдер көлемі 50 миллиард теңге болды.

Жаңа жүйе табиғи апаттардан зардап шеккен азаматтарға көмекті жеделдетіп, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмсалатын мемлекеттік бюджет шығындарын азайтуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін былтыр Қазақстанда тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру мәселесі алғаш рет талқылауға шығарылған еді. Сол кезде әзірленген заң жобасында сақтандыру жарнасын өңірдегі қауіп деңгейіне қарай жылына 1 мыңнан 20 мың теңгеге дейін белгілеу ұсынылған. Енді бұл бастама сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы аясында қайта көтеріліп отыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 17:17