Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Трамппен сенімді диалогтың арқасында": Тоқаев АҚШ-пен қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған деңгейде екенін мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президент АҚШ Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мерфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті.

Мемлекет басшысы меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударған.

Тоқаев пен АҚШ делегациясы
Фото: akorda.kz

Тоқаевтың айтуынша, парламент сайлауы еліміздегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңі басталғанын айшықтайтын тарихи уақиға болды. Бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттырады.

“АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие”, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы сан қырлы қазақ-америка серіктестігі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән бере отырып, қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

 

“Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты”, – делінген Ақорда хабарламасында. 
Жиналыс
Фото: akorda.kz

Америкалық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ президентінің сәлемін жеткізді. 

“Бүгін түнгі екіде маған президент Дональд Трамп қоңырау шалды. Мен оған бірнеше сағаттан соң Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ізгі тілегін жолдап, араларыңызда қалыптасқан сенімді әрі конструктивті қарым-қатынасқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Президент Сізді G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін айтты. Біздің сапарымыздың бір мақсаты – Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу. Біз екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолында мазмұнды диалог өрбітуге бейілміз. Президентіміз бұған айрықша маңыз артып отыр”, – деді Джейсон Смит.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Трамптың шақыруымен 2026 жылдың желтоқсанында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 22:11