Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әзілді түсінбей, ұрып жіберген": Оралдағы тойда "тентек кәде" дәстүрінің соңы дауға ұласты

Тойда ер адам құдасын ұрып жіберді
Фото: Видеодан скриншот

Оралда үйлену тойы кезінде "тентек кәде" салты күтпеген жағдайға ұласты. Той үстіндегі әзіл-қалжыңнан кейін ер адамдардың бірі екіншісіне қол жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жазба авторларының сөзінше, оқиға сол өңірде “Тентек кәде” деп аталатын салт кезінде болған.

Әлеуметтік желіде тараған аудиохабарламаға сенсек, ер адам бұл дәстүрдің мәнін дұрыс түсінбей, әзілді шын қабылдап, екінші тарапқа қол көтерген көрінеді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде зардап шеккен адамның бірнеше тісі сынып, қабырғасы зақымданып, ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат та тарады. Алайда бұл мәліметтердің ресми түрде расталмады.

Оқиғаға қатысты Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті түсінік берді. Ведомство мәліметінше, бұл жағдай бойынша полицияға арыз немесе шағым түспеген. Видеодағы азаматтардың жеке басы анықталып, тексеру жүргізіліп жатыр.

Ең қызығы, оқиғаға қатысушылардың өздері полицияға жағдайдың қойылым болғанын және әдейі ұйымдастырылған көрініс екенін айтқан. 

“Азаматтардың түсініктемесіне сәйкес, болған жағдай қойылым сипатында болған және инсценировка ретінде ұйымдастырылған”, – деп хабарлады полиция.

Айта кетейік, “тентек кәде” – үйлену тойларында әзіл-қалжыңмен жасалатын кәделердің бірі. Оның барысында екі жақтың жастары жол бөгеу, орынға отырып алу, түрлі тапсырма орындату немесе кәде сұрау секілді әрекеттер арқылы бір-бірімен қалжыңдасады.

Stan.kz
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 19:00