Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)

той

Фото: Видеодан скрин

Желіде Жаңаөзенде той кезінде ән айтылып, би билеудің орнына қонақтар жамағатпен намаз оқығаны түсірілген видео тарады. Ал тағы бір жерде қызды ұзату кезінде Мұхаммед пайғамбарға салауат айтып шығарып салған. Осы рәсімдердің исламда нақты негізі бар ма және қазақтың дәстүрлі той мәдениетіне қаншалықты тән? Stan.kz мұны этнограф және дінтанушы маманнан сұрап білді. 

Желі жұртын не алаңдатады?

Жаңаөзендегі тойда дәстүрлі ән мен биге басымдық берілмеген. Оның орнына ер адамдар дастархан жайылған залдың ортасына жайнамаздарын төсеп, жамағатпен намаз оқыған. Әйелдер де бөлек жерде намаз оқыған.

Той басталар алдында асаба қонақтарға жиынның әдеттегіден өзгеше өтетінін айтып, оны “халал той” деп атаған. Бұл жағдай қоғамда “тойды осылай өткізу ислам талабы ма, әлде адамның өз таңдауы ма?” деген сұрақ туғызды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде қыз ұзату кезінде қалыңдықты Пайғамбарға салауат айтып шығарып салған видео тарады.

Ал желі қолданушылары тойдың өз дәстүр-жоралғыларымен өткені жөн деп отыр. 

“Намазды да таза жерде оқу керек, уақыт келіп қалды оқу керек деп, аяқ таптаған жерге емес. Ең бірінші жан мен тән тазалығы, сосын айнала тазалығы. Ал тойханада тұрып намаз оқуды түсінбедім. Мешітке барып оқысын. Жоқ жерден жаңалық ашпай”. 

“Мен түсініп отырмын Ақшам намазының уақыты келген соң оқып жатқан шығар. Ал бірақ тойға намазды араластырмау керек”.

“Бетін ашып жатыр ма, жаназасын оқып жатыр ма? Бөтен елдін дінін қабылдасаң, соңында біртіндеп салт-дәстүрін де қабылдап сол ұлтқа айналасың”. 

“Менің ата-бабамның дәстүрі неге айналып бара жатыр?”. 

“Қазақ той мен діни рәсімді араластырмаған”

Этнограф Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қазіргі тойларда ерлер мен әйелдерді екі бөлек отырғызу қазақтың дәстүрлі той мәдениетіне тән емес.

“Қазақтың дәстүрлі тойларында ерлер мен әйелдер бөлек отырған емес. Кең далада да, киіз үйде де, кейін шатыр тігіп өткізген тойларда да бәрі бірге отырған. Сондықтан қазіргі кезде той мәдениетіне діни сипаттағы жаңа элементтерді енгізіп, оны қазақтың дәстүрі деп көрсету дұрыс емес”, – деді этнограф.

Оның сөзінше, қазақ халқы дінді құрметтегенімен, той мен діни рәсімді араластырмаған.

“Дінге бағынамыз, дінді жақсы көреміз. Бірақ тойдың өзі той болып өтуі керек. Той – адамның қуанышын бөлісетін, көңіл көтеретін мереке. Дұға оқып, діни рәсім жасайтын орын – жаназа немесе ас емес. Қазақ тойды ежелден адамның көңілін көтеретін, қуанышын бірге атап өтетін үлкен жиын ретінде қабылдаған”, – деді ол.

Қызды Құранмен шығарып салу дәстүрлі рәсім болмаған

Этнографтың айтуынша, қазақтың дәстүрлі қыз ұзату рәсімінде Құран оқу немесе Құран қосып қызды шығарып салу болмаған.

“Қыз ұзатқанда Құран оқылмайды. Қыз өз үйінен шығар кезде негізгі дәстүрлердің бірі – сыңсу. Оған дейін жігіттер әужар айтады. Әужар – жігіттердің қыз отырған үйге келіп, өлеңмен әзілдесіп, тіл қатуы. Одан кейін қыз сыңсу айтып, ата-анасымен, туған-туысымен қоштасады”, – деді Бұлбұл Кәпқызы.

Оның сөзінше, әужар мен сыңсу – қыз ұзату кезінде орындалатын дәстүр, ал жар-жар келін түскен кезде айтылатын салттардың бірі болған.

“Қазір біз осының барлығын шатастырып алдық. Әужар мен сыңсу – ұзату тойының, ал жар-жар – келін түсірудің дәстүрі. Бұлардың әрқайсысының өз орны болған”, – деді этнограф.

Қыз ұзатудағы негізгі мән – қоштасу мен ақ жол тілеу

Бұлбұл Кәпқызының айтуынша, қыз ұзату кезінде діни рәсімнен гөрі, ата-ананың қызына ақ жол тілеп, өз үйінен шығарып салуы маңызды болған.

“Қызды бұрын өзінің отауымен, дүниесімен ұзатқан. Жасауын да аямай берген. Қыз үйінен шығар кезде ата-анасы оның барған жеріне балдай батып, судай сіңуін, бақытты болуын тілеген. Негізгі мәні – осы”, – деді ол.

Этнограф қыз төркінінен аттанғанда жасалатын "өлі-тірі" дәстүріне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл қазіргі түсініктегі марқұмдарға берілетін ас емес, қыздың төркінінен біржола аттануын білдіретін ғұрып.

“Қыз төркінінен кеткенде жасалатын негізгі рәсімдердің бірі – өлі-тірі беру. Оның мәні – қыздың енді осы үйден шығып, басқа әулетке кетіп бара жатқанын білдіру. Бұл өлімге қатысты ас емес. Сондықтан оны қазіргі мағынасында түсінбеу керек”, – деді этнограф.

Ол қазақтың қыз ұзату дәстүрінде діни рәсімдерді көбейтудің қажеті жоқ деп есептейді.

“Қызды әдемілеп, сәукелесін кигізіп, құтты жеріне шығарып салу керек. Ата-ана баласына ең алдымен бақыт, бақ-жақсылық тілейді. Қазақтың дәстүріндегі негізгі мән де – осы”, – деді Бұлбұл Кәпқызы.

“Бұл әсіре діншілдіктің бір көрінісі болуы мүмкін”

Дінтанушы Әл-Фараби Болатжанның пікірінше, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу қазақтың той мәдениетіне тән емес. Оның айтуынша, мұндай үрдіс кейін пайда болған және діни ықпалдың күшеюімен байланысты.

“Негізі бұндай дәстүр жоқ қой бізде. Қазақта ер мен әйелді бұлай бөліп отырғызу дәстүрі болмаған. Көбінесе мұндай отырыс оңтүстіктегі көрші халықтарда кездеседі. Ал бізде бұрын ерлер де, әйелдер де еркін бірге отырған. Сондықтан бұл үрдіс әсіредіншілдіктің бір көрінісі болуы мүмкін деп ойлаймын”, – деді ол.

Маман мұндай тойларды заң тұрғысынан да қарау керегін айтты. Оның сөзінше, қоғамдық тамақтану орындарында діни рәсімдер өткізуге белгілі бір жағдайда рұқсат етіледі.

“Заң бойынша қоғамдық тамақтану орындарында діни рәсімдерді жүргізуге болады. Бірақ ол жақын маңда тұратын адамдардың құқығы мен мүддесіне кедергі келтірмеуі керек. Сондықтан заң тұрғысынан мұны бірден заңбұзушылық деп айту қиын”, – деді Әл-Фараби Болатжан.

Бұл ретте Қазақстанның діни қызмет саласындағы заңнамасында құлшылық ету, діни жоралар мен рәсімдерді қажет болған жағдайда қоғамдық тамақтану орындарында өткізуге рұқсат етілген. Алайда мұндай кезде жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталуы керек. Бұл талап “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” заңның 7-бабында көрсетілген.

Алайда дінтанушы бұл үрдістің ұлттық болмыс тұрғысынан қауіпті тұсы бар деп санайды. Оның пікірінше, мәселе тек ерлер мен әйелдердің бөлек отыруымен шектелмейді. Мұндай формат біртіндеп қазақтың дәстүрлі мәдениетіндегі ән, домбыра, ойын-сауық секілді элементтердің діни тұрғыдан жоққа шығарылуына әкелуі мүмкін.

“Бұл ұлттық мәдениетімізден ажырауға әкелуі мүмкін. Себебі мұнымен тек әйел мен ер адамның бөлек отыруы шектелмейді. Кейін қазақтың кейбір дәстүрлерін жоққа шығару, оған қарсы шығу да болуы мүмкін. Мысалы, музыканы, ән айтуды харам деу, тіпті домбыраны да харам деп қабылдау қаупі бар. Мәсеклен, “халал той”,  “музыкасыз той” деп түсіндіру дұрыс емес. Музыка исламда тыйым салынған деп айтуға болмайды. Құранда оның харам екеніне нақты дәлел жоқ. Сондықтан ұлттық дәстүрді “халал” немесе “харам” деп бөле беру дұрыс еме. Бұл түбінде ұлттық бірегейлігімізге нұқсан келтіреді деп ойлаймын”, – деді дінтанушы. 

Әл-Фараби Болатжан тойда Құран сүрелерін қосып қоюға да қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Құран оқу мен тыңдаудың өз орны бар, алайда оны тойдың негізгі мазмұнына айналдыру дұрыс емес.

“Той – адамдардың қуанышы. Жастар, туыстар көңіл көтеруі керек. Бәрін харам деп айтады. Ешкім көңіл көтере алмайды, тек отырып қайтады. Сүре тыңдау жаман нәрсе емес, әрине. Бірақ оның өз орны бар. Құранды мешітте немесе басқа да діни орындарда оқуға болады. Ал тойды толығымен діни рәсімге айналдырып жіберу – ұғымдардың ауысуы сияқты”, – деді ол.

Дінтанушы бұдан бөлек, діни рәсім мен діни мазмұндағы ақпаратты таратуды ажырата білу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, заңда діни рәсім өткізуге рұқсат берілгенімен, діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпаратты таратуға болмайды. Осыны ажырата білу керек. 

“Заңда діни рәсім деген ұғым бар. Діни рәсім жасауға белгілі бір жағдайда рұқсат етіледі. Бірақ діни әдебиет пен діни мазмұндағы ақпаратты таратуға шектеу қойылған. Сондықтан осы екі ұғымды ажырату керек”, – деді ол.

Бұл ретте заңның 9-бабында діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында және жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген орындарда таратуға болатыны көрсетілген.

Маманның айтуынша, егер тойда Құран сүрелері ғана қосылып қоймай, діни насихат жүргізілсе немесе діни мазмұндағы материалдар таратылса, бұл мәселе заң тұрғысынан да қаралуы қажет.

“Мысалы, той үстінде біреу діни насихат жүргізсе немесе діни мазмұндағы ақпарат таратса, оның заңға сәйкестігін қарау керек. Бұл жерде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу) бойынша мәселе туындауы мүмкін. Бірақ нақты жағдайда қандай материал таратылғанын анықтап, қажет болса сараптама жүргізу керек”, – деді Әл-Фараби Болатжан.

Жаңаөзендегі той тексеріле ме?

Дінтанушы Жаңаөзендегі тойға қатысты тексеру жүргізу қажет болса, оны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы емес, жергілікті әкімдік жанындағы дін істері басқармасы және полиция жүзеге асыра алатынын түсіндірді.

“Мүфтият – діни бірлестік. Ол мемлекеттік орган емес және мемлекеттік органның қызметін атқара алмайды. Әр өңірде әкімдік құрылымында Дін істері жөніндегі басқармалар бар. Осындай жағдайларды сол басқармалар тексере алады. Одан бөлек, полиция да тексеруге құқылы”, – деді ол.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда тек намаз оқылғанына емес, той барысында діни мазмұндағы ақпарат немесе насихат таратылды ма, жоқ па – соған да назар аудару керек.

“Егер мәселе діни рәсімге қатысты емес, діни мазмұндағы ақпарат таратуға қатысты болса, осы жағын тексеру керек. Оның заңға сәйкес немесе сәйкес емес екенін анықтау қажет”, – деді дінтанушы.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 18:19