Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын жұқтыру дерегі тіркелді

Науқас
Фото: istockphoto.com

Атырау облыстық инфекциялық ауруханасында бір отбасынан екі адам Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына (КҚГҚ) шалдықты деген күдікпен ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыс әкімдігінінің мәліметінше, науқастардың бірі – Исатай ауданының тұрғыны. Ол ауру белгілерімен 12 тамызда ауруханаға жатқызылған. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозы ПТР әдісі арқылы расталған. Қазір оның жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа деңгейде. Емдеу республикалық мамандардың бақылауымен жүргізіліп жатыр.

Екінші науқас та дәрігерлердің бақылауында. Оның жағдайы тұрақты, оң динамика бар. КҚГҚ-ға жүргізілген ПТР-тест нәтижесі теріс болып шықты.

Науқастарға медициналық көмек клиникалық хаттамалар мен бейінді мамандардың ұсынымдарына сәйкес толық көлемде көрсетіліп жатыр.

Науқастармен байланыста болған адамдар есепке алынып, медициналық бақылауға алынған.

Сонымен қатар мамандар жағдай тіркелген аумақтағы ауыл шаруашылығы және үй жануарларынан сынамалар алып, кенелерге зерттеу жүргізді. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі теріс болды.

Мамандар тұрғындарға жайылымдарға және кенелер мекен етуі мүмкін жерлерге барған кезде қорғаныш киім мен репеллент қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ киімді, денені және үй жануарларын үнемі тексеріп отыру қажет.

Егер денеге жабысқан кене анықталса, медициналық көмекке жүгіну керек.

Дене қызуы көтеріліп, бас және бұлшықет ауыруы, жүрек айнуы немесе қан кету белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет. Сонымен қатар кене шаққанын, жануарлармен немесе науқас адаммен байланыс болғанын міндетті түрде хабарлау керек.

Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысында кене шаққаннан кейін жасөспірім жансақтау бөліміне түскені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 20:19