Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел сегізінші рет кесарь тілігі арқылы бала дүниеге әкелді

италиялық әйел нәрестесімен және дәрігерлермен
Фото: ANSA

Италияда әйел сегізінші рет кесарь тілігін жасатып, қыз дүниеге әкелді. Нәресте Веронадағы Борго-Тренто ауруханасында дүниеге келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ANSA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Кристина сегіз баланың анасы. Ол сегіз баласын да кесарь тілігі арқылы дүниеге алып келген. Төртінші жүктілігінен бастап Кристинаны Верона ауруханасының акушерия және гинекология бөлімінің директоры, дәрігер Валентино Бергамини бақылаған. Сегізінші кесарь тілігін де Бергамини басқа дәрігермен және хирургиялық топпен бірге жасаған.

Дәрігерлер ота кезінде алдыңғы кесарь тіліктері жасалған жерді қайта пайдаланған. Бұл тіндердің жыртылуын болдырмауға және көптеген тыртықтарға байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берген.

Мамандар сегіз рет кесарь тілігін жасау клиникалық тұрғыдан өте сирек кездесетін жағдай екенін атап өтті. Мұндай кезде жүктілік кезінде де, операция барысында да түрлі қиындықтар туындауы мүмкін.

Бұған дейін жасалған кесарь тіліктерінен кейін тіндерде тыртықтар қалады. Уақыт өте келе олар құрсақ қабырғасын, жатырды, қуық пен ішекті бір-бірімен байланыстырып жіберуі мүмкін. Соның салдарынан жамбас ағзаларының қалыпты орналасуы өзгеріп, операция жасау қиындай түседі.

"Сонымен қатар кесарь тілігі саны артқан сайын қан кету, көршілес ағзалардың зақымдану қаупі жоғарылайды. Әсіресе ұрықтың дұрыс орналаспауы немесе плацентаның жатыр қабырғасына жабысып, оған өсуі жағдайында қауіп артады", – делінген хабарламада.

Сондықтан мұндай жүктіліктерді күрделі акушерлік операцияларды жасау тәжірибесі бар, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген орталықта бақылау қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай босану кезінде акушерлер, анестезиологтар мен неонатологтардан тұратын арнайы медициналық топ та алдын ала дайын болуы тиіс.

Жағдайдың күрделілігіне қарамастан, босану сәтті өтті. Кристина мен оның күйеуінің отбасында сегізінші қызы – Луна дүниеге келді.

Кристинаның өзі отадан ешқашан қорықпағанын айтты. Өйткені оған туыстары үнемі қолдау көрсетіп келген. Алайда бұл жолы оған алдыңғы босануларына қарағанда сәл көбірек демалуға тура келген.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 19:05