Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты
Астанада 68 жастағы ер адам ғимараттардың бірінде металл іздегіш есіктен өту кезінде көпшілік алдында шалбарын шешкені үшін жауапқа тартылды. Дегенмен полиция оны бірден ұстап, видеосын желіге жариялағаннан кейін қазақстандықтар қарияны жақтап наразылық білдірді. Айтуларынша, қарияға ешкім ешнәрсе түсіндірмей, ірі қылмыс жасағандай ісін сотқа жолдауы дұрыс емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласы полиция департаменті қарияның металл өткізгіштен өтер кезде шалбарын шешкен сәтінің видеосын желіге жариялаған. Айтуларынша ол айналасындағыларға құрметсіздік танытқаны үшін жауапқа тартылған.
“Полиция қызметкерлері ер адамның жеке басын анықтады. Оның Өскемен қаласының тұрғыны 68 жастағы Ризабек Жұмағалиев екені белгілі болды. Өз әрекетімен ол айналасындағыларға анық құрметсіздік танытып, қоғамдық орында жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзған. Аталған ер адам ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Алайда желіде қазақстандықтар қарияның видеосын көріп, оған аяушылық танытты.
“Мен бұл видеоны бірнеше рет қайта қарап шықтым, тіпті аккаунтқа кіріп, тексеріп те көрдім. Бұл шынымен Астана полициясының ресми аккаунты екен. Олар мұны шынымен жариялаған. Қысқасы, 68 жастағы ер адам тексеруден өтіп жатқан кезде металл іздегіш дабыл берген. Атасы, шамасы, тексеруден өту үшін шалбарын шешу керек деп ойлаған сияқты. Сөйтіп, шешіп тастаған. Нәтижесінде оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы материал рәсімделіп, іс сотқа жолданған”, – деп жазды қазақстандық.

Көпшілік зейнеткердің тексеру тәртібін түсінбеген болуы мүмкін екенін болжады.
“Неге ішке кірмес бұрын қызметкерлер тексеру тәртібін түсіндірмеген?! "Шаш ал" десе, басыңды алып тастайтын жағдайға жеттік пе?! Ата тексеруден қалай өту керегін білмеген шығар, бәлкім, мұндай тексеруден алғаш рет өтіп тұрған шығар”;
“Сонда қарияның шалбарын шешкені дұрыс емес те, ал оның шалбарын шешкен сәтінің видеосын бүкіл елге көрсету дұрыс па?”;
“Бейшара зейнеткерге не үшін айыппұл салдыңыздар? Жоспар орындау керек болды ма? Адамның ешқандай жаман ниеті болмаған ғой, тек одан не талап етіліп тұрғанын түсінбеген”;
“Үлкен қылмыстың басын ашыпсыңдар ғой. Не деген қырағылық, не деген жылдамдық. Ескерту, түсіндіру деген жоқ па сонда?”;
“Көрініп тұр ғой, оның не болып жатқанын түсінбегені. Оның үстіне құқық қорғау органдарының алдында адам абдырап, қобалжып қалады. Ал мұндай жағдайдың соңы осындай келеңсіздікке әкелуі мүмкін”, – деп жазды жұртшылық.
“Қарияны бірден жазалау заңды ма?”
Заңгер Альбина Бахтиярқызының айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қоғамдық орында балағат сөз айту, адамдарға тиісу, ортақ пайдаланатын орындарды қорлау және осыған ұқсас әрекеттерде жауапкершілік қарастырылған. Алайда мына жағдайда ер адамның сондай әрекеті нақты дәлелденуі керек екен.
“Адамның металл өткізгіштен өту кезінде шалбарын шешіп тастауының өзі автоматты түрде ұсақ бұзақылық болып табылмайды. Мұнда оның нақты қандай мақсатпен әрекет жасағаны, жағдайдың мән-жайы және оның әрекеті айналасындағыларға құрметсіздік білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған-бұзбағаны анықталуы тиіс. Егер қария металл өткізгіштен өту тәртібін дұрыс түсінбей, білместіктен шалбарын шешкен болса және оның әрекетінде әдейі қоғамдық тәртіпті бұзу немесе айналасындағыларға құрметсіздік көрсету ниеті болмаған болса, бұл қорғау тарапы үшін маңызды мән-жай”, – деді маман.
Заңгердің айтуынша, әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде "ескерту" әкімшілік жаза ретінде көзделмеген. Сондықтан "полиция міндетті түрде алдымен ескерту жасап, содан кейін ғана хаттама толтыруы керек еді" деп айту заң тұрғысынан дұрыс емес.
“Алайда полиция қызметкері жағдайды түсіндіріп, адамның әрекеті талапқа сәйкес келмейтінін айтып, оны тоқтатуды талап ете алатын еді. Мұндай түсіндірудің жасалған-жасалмағаны істің нақты мән-жайларын бағалау кезінде маңызды болуы мүмкін. Ең бастысы – полицияның хаттама жасауы адамның міндетті түрде кінәлі екенін білдірмейді. Соңғы құқықтық бағаны сот береді. Егер іс сотта қаралып жатса, қарт азамат өзінің құқықтарын толық пайдаланып, қорғауға құқылы”, – деп қосты ол.
Альбина Бахтиярқызы бұл істе сотта іс материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, дәлелдемелер ұсынуға, өтінішхаттар мәлімдеуге және қорғаушының көмегін пайдалануға мүмкіндік бар.
“Бұл жағдайда бейнебақылау жазбалары ерекше маңызды деп санаймын. Себебі бейнежазба арқылы адамның әрекеті әдейі жасалған демонстративті әрекет болды ма, әлде ол тек белгіленген тәртіпті білмей, қателесіп әрекет етті ме – соны анықтауға болады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің оған қандай талап қойғаны және оның сол талаптарға қалай әрекет еткені де маңызды. Және де ол адам ішімдік ішкен бе, жоқ па сол кезде - ол да маңызды. Егер сот адамның әрекетінде ұсақ бұзақылық құрамының жоқ екенін анықтаса, ҚР ӘҚБтК-нің 741-бабы негізінде іс тоқтатылуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде қорғауды "қарт адам болғандықтан кешіру керек" деген эмоционалдық позицияға емес, нақты заң талаптарына негіздеу қажет”, – деп қорытты ол.
Заңгердің айтуынша, бұл жерде ең басты мәселе адамның әрекетінен әкімшілік кодекстің 434-бабында көрсетілген құқық бұзушылық белгілері табыла ма, жоқ па дегенге келіп тіреледі.
24 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Ж.-ға қатысты ұсақ бұзақылық туралы әкімшілік іс бойынша қаулы шығарған.
"24 тамыз күні сағат 09:28 шамасында Ж. Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Азаматтарды қабылдау орталығында металл іздегіштен өту кезінде әдепсіз әрекет жасап, шалбарын шешкен. Осылайша, Ж. қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасаған. Сот отырысында Ж. өз кінәсін мойындамады. Ол бұл әрекетті әзіл ретінде жасағанын түсіндірді. Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен және оқиға бейнежазбасымен дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.
Сотта әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК көлемінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылғаны айтылды.
"Жаза тағайындау кезінде сот жасалған әрекеттің дәрежесі мен сипатын, яғни орынсыз мінез-құлық танытып, қоғамға анық құрметсіздік көрсеткенін ескерді.
Сонымен қатар, әкімшілік кодекстің 50-бабына сәйкес, 63 жастан асқан адамдарға әкімшілік қамақ қолданылмайтыны назарға алынды", – деп нақтылады сот.
Сот қаулысымен Ж. әкімшілік кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл салынды.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты