Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өрт туралы тым кеш білдік": Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешеніндегі өрттен аман қалғандар сол түнгі сұмдықты айтып берді

ЖК Ламия өрт
Фото: ТЖМ

Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде болған жойқын өрт кезінде тұрғындар бастан өткерген үрейлі сәттерін әлеуметтік желіде бөлісті. Олардың бірі отбасымен бірге қою түтін басқан ғимараттан қалай шыққанын айтып берсе, енді бір әйел қызы мен оның құрбысы пәтерде қалып қойған сәттегі жанайқайын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Егер әпкем келмегенде, өрт туралы тым кеш білер едік"

Алматыдағы тұрғын үй кешенінде болған өрт кезінде отбасымен бірге ғимаратта болған Даяна Ким сол түнгі оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді. Оның сөзінше, олар өрт туралы әпкесінің қоңырауынан ғана білген.

"Бүгін түн өте қорқынышты болды. Біз Алматыда жетінші күн жүрміз, ал бүгін таңғы сағат 04:00-05:00 шамасында Астанаға қайтуды жоспарлаған едік. Әдеттегідей қалада серуендедік, әпкем сауда жасауға кетті. Ал біз кешкі сағат 20:00 шамасында үйге келдік. Lamiya тұрғын үй кешенінен пәтер жалдаған едік, заттарымызды жайлап жинап отырдық. Сағат 23:00-ге қарай қызымды ұйықтатуға дайындалып жатқанбыз. Сол кезде әпкем қоңырау шалды. Ол дәл сол уақытта үйдің жанына келіп, үрейленіп тұрған әйелді көрген екен. Әпкем бізге "Тез шығыңдар, үйде өрт болып жатыр", – дейді Даяна Ким.
ламия тк өрт
Фото: @dai.yasha

Ерлі-зайыпты бірден баспалдақпен төмен түсуге әрекеттенген. Алайда бірнеше қабаттан кейін жолды қою қара түтін басып қалған.

"Біз бірден жиналып, баспалдақпен төмен қарай жүгірдік. Пәтеріміз бесінші қабатта еді. Екі қабат төмен түскеннен кейін ары қарай қою қара түтін басып қалғанын көрдік. Үшінші қабатта барлық есікті қаға бастадық. Алғашында ешкім ашпады, екінші рет қаққанымызда ғана тұрғындар шығып, не болғанын білген соң бізді үйлеріне кіргізді. Қызым қатты шошып, дүрлігіп кетті", – дейді әйел.

Даяна Кимнің айтуынша, күйеуі мен көршісі балаларды жайма арқылы төмен түсіруге шешім қабылдаған. Төменде пандус болғандықтан, оларды небәрі бір қабат төмен түсіру жеткілікті болған. Алдымен Даяна Кимнің қызын, кейін өзге балаларды, содан соң әйелдерді қауіпсіз жерге түсірген.

"Адамдар мен өрт сөндірушілер үшін қатты қорықтық. Баспалдаққа шығатын жол жабылып, қамалып қалу өте қорқынышты екен. Сол сәтте ұйықтап жатқан болсақ не болар еді? Егер әпкем дәл сол уақытта келмегенде не істер едік? Үшінші қабаттағы көршілер ештеңе сезбегенін айтты. Олар тіпті әдеттегідей жер сілкінісі болып жатыр деп ойлап, бастапқыда есікті ашпаған екен. Біз көшеге шыққан кезде өрт сөндірушілер шамамен 7-8 жасар ес-түссіз қызды көтеріп шығып, жедел жәрдем көлігіне алып барды", – дейді әйел.

Даяна Кимнің айтуынша, ол таңертең қаза тапқандар бар екенін, олардың арасында қыз бала болғанын естіген. Алайда оның өрт сөндірушілер сыртқа алып шыққан сол қыз екенін нақты білмейтінін айтқан. Сонымен қатар құтқарушылар бір жігітті де ғимараттан алып шығып, оған жедел көмек көрсеткеннен кейін есін жидырған.

"Өртті сөндірген өрт сөндірушілерге көп рақмет! Бірақ тұрғын үй кешенінің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бар. Ешқандай дабыл жүйесі жұмыс істемеді. Егер әпкем сағат 11-де үйдің жанына келмегенде, біз өрт туралы тым кеш білер едік. Тіпті үшінші қабатта да ешқандай иіс сезілмеген. Тек баспалдақ жақтан қою, ащы түтін шығып жатқан", – дейді Даяна Ким.

Ал Алматыдағы өрттен аман қалған Даяна Кимнің жазбасына пікір қалдырған тұрғын өзін сол түні есігін ашып, көршілерді үйіне кіргізген адам ретінде таныстырды. Оның айтуынша, Даяна Ким мен жанындағылардың есікті қағуының арқасында олар да қауіп туралы біліп, аман қалған.

пікірлер
Фото: @dai.yasha

Сонымен қатар аталған тұрғын үй кешенінде бұрын тұрған Елизавета Ермакова ғимараттың сапасына қатысты өз күмәнін білдірді. Оның айтуынша, ол кешеннен пәтер жалдап тұрған кезде қабырғаларда жарықтар байқалған, тіпті жер сілкінісі кезінде ламинат қозғалып кеткенін көрген. Ал тағы бір желі қолданушысы мұндай үлкен тұрғын үйлерде міндетті түрде өрт туралы хабар беретін датчиктер болуы керек екенін айтып, ғимараттың қауіпсіздік жүйесіне қатысты сұрақ қойды.

"Анашым, сізді жақсы көремін"

Тағы бір тұрғынның қызы құрбысымен бірге пәтер ішінде қалып қойған. Қыз сол сәтте анасына қоңырау шалып, өмірінде алғаш рет айтқандай әсер қалдырған сөздерін жеткізген.

"Сағат 23:00-де қызым қоңырау шалып “Анашым, мен сізге сізді жақсы көретінімді айтқым келді” деді. Мен ақша керек шығар деп ойладым. Бірақ сол сәтте ол құрбысымен бірге пәтердің ішінде қара түтінге тұншығып жатқан екен. Қызым “Анашым, сөйлесе алмаймын, бәрін түтін басып кетті”, – деп тұтқаны қоя салды", – дейді әйел.
өрт жк ламия
Фото: threads.com желісінен скрин

Осыдан кейін қыз байланысқа шықпай қалған. Анасының айтуынша, қызы өрт сөндірушілерге хабарласып, пәтер нөмірін айтып үлгерген. 

"Ол менен кейін өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, пәтер нөмірін айтыпты. Екеуі қараңғыда үй жануарларын алып, гардероб бөлмесіне кіріп қамалған. Мен қатты абдырап жүргенімде, қызым қайта қоңырау шалып, өрт сөндірушілер келіп, оларды құтқарғанын айтты. Видеоқоңырау арқылы пәтерлердің жанып жатқанын көрдім. Бұл нағыз сұмдық болды. Қызымның аман қалғанына шүкір еттім", – дейді өртте аман қалған қыздың анасы.

Желі қолданушылары әйелдің қызы мен оның құрбысының аман қалғанын естіп, жылы пікірлерін білдірген. Оқырмандар оқиғаның қайғылы аяқталмағанына қуанып, қыздардың өмірін сақтап қалған құтқарушыларға алғыс айтты. Ал әйелдің өзі қызының аман қалғанына шүкіршілік етіп, пікір білдірген жандарға ризашылығын жеткізген.

Өрт туралы не белгілі?

Өрт 23 тамыз күні кешке Алматыдағы Әди Шәріпов көшесі, 145 мекенжайында орналасқан 13 қабатты тұрғын үй кешенінде болды. Өрт туралы "101" пультіне хабар сағат 22:49-да түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы бөлімшелері оқиға орнына бес минуттан кейін жеткен.

Ведомствоның мәліметінше, тұрғын үй кешенінің екінші кіреберісіндегі техникалық бөлмеде және қабаттарда кабельдер, сондай-ақ бірінші кіреберістің жетінші қабатынан 13-қабатына дейінгі электр қалқандары жанған.

"Тұрғын үй кешенінің екінші кіреберісіндегі техникалық бөлмеде және қабаттарда кабельдердің, сондай-ақ бірінші кіреберістің жетінші қабатынан 13-қабатына дейінгі электр қалқандарының жанғаны анықталды", – деп хабарлады Алматы қаласының ТЖД.

Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Ғимараттан 148 адам, оның ішінде тоғыз бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жатқызылды. Бір әйел ес-түссіз күйде табылған. Дәрігерлер оған реанимациялық көмек көрсеткенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Өртті сөндіруге ТЖД-ның шамамен 90 қызметкері мен 25 техникасы жұмылдырылды. Тұрғындар баспалдақ арқылы арнайы құтқару қалпақтарын пайдаланып эвакуацияланған.

ТЖД мәліметінше, өрттің өршуіне құтқарушылардың кеш шақырылуы да әсер еткен. Алдын ала ақпарат бойынша, автоматты өрт дабылы төтенше жағдай қызметіне хабарласудан шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған болуы мүмкін.

"Тұрғындардың мәліметінше, алдын ала автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелері шақырылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындардан өртке қарсы қызметке дер кезінде хабар түспеген", – деп хабарлады ведомство.

Бұған дейін жүргізілген өрт-техникалық тексеру нәтижесінде жауапты тұлғаларға анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтарын жою жөнінде нұсқама берілген.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде болған өрт туралы хабарланған еді. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, 148 тұрғын, оның ішінде тоғыз бала құтқарылды. ТЖД мәліметінше, өрттің шығу себебі әлі анықталып жатыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 18:05