Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғын үй кешенінде өрт: Бір адам қаза тапты

кешен
Фото: Видеодан скрин

Алматының Алмалы ауданындағы Lamiya тұрғын үй кешенінде өрт шығып, бір адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғын үй кешеніндегі өрт туралы сол үйде тұратын қыздың анасы Threads-те жазды. Әйел бастапқыда қызы ақша сұрағалы тұр деп ойлаған. Десе де кейін қызының пәтерде құрбысымен бірге қара түтін  арасында қалғанын білген.

“Қызым: “Мама, сөйлей алмаймын, бүкіл жер түтін” деп телефонды қоя салды. Содан кейін қоңырауларға жауап бермеді. Сосын қызым өрт сөндірушілерге хабарласып, пәтерінің нөмірін айтыпты. Ол құрбысымен бірге гардеробқа кіріп, есікті жауып алған. Сосын аузына дымқыл сүлгі басып отырған. Кейін оларды өрт сөндірушілер құтқарыпты”, – деп жазды тұрғын.

Әйелдің айтуынша, өрт кезінде бірнеше пәтер жалынға оранған. Ал бір адамның қаза тапқаны туралы айтылған.

Мұны Төтенше жағдайлар департаменті де растады. Ведомство мәліметінше, тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде 148 адам құтқарылды

“23 тамыз күні сағат 22:49-да тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Алғашқы бөлімшелер 5 минутта оқиға орнына жетті. Сол сәтте екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында кабельдердің, бірінші кіреберістің 7-13 қабаттарындағы электр қалқандарының отқа оранғаны анықталды. Жедел шаралар қабылданып, нәтижесінде өрт сағат 23:57-де оқшауланды. Ал сағат 00:14-те жалын толық сөндірілді. Құтқару қалпақтарын пайдалана тұра, баспалдақ арқылы 148 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды. Төрт адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі ес-түссіз күйде табылды. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізгенімен, зартдап шеккен адамды құтқарып алу мүмкін болмады”, – делінген жауапта. 

Департамент мәліметінше, жалынның өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған. 

“Өртті сөндіруге ТЖД-ның шамамен 90 қызметкері мен 25 арнайы техника жұмылдырылды. Өрттің өршуіне өрт туралы хабардың кеш түсуі себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру бөлімшелеріне қоңырау шалынғанға дейін бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Алайда тұрғындар тарапынан дер кезінде хабарлама түспеген. Бұған дейін жүргізілген тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілген”, – делінген хабарламада. 

Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда базар маңындағы бес бутиктен өрт шыққаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 12:44