"Қыздың үнсіз қалуы келісім белгісі": Тәліптер балалар некесін заңдастыратын құжат бекітті

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы кәмелетке толмағандардың некесін іс жүзінде заңды деп танитын құжатты бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Amu TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
31 баптан тұратын "Ерлі-зайыптылардың бөлек тұру қағидалары" атты құжатты тәліптердің жетекшісі Хибатулла Ахунзада бекіткеннен кейін ресми басылымда жарияланған.
Құжатта балалар некесі, күйеуінің жоғалып кетуі, діннен шығу, мәжбүрлі ажырасу, емізу арқылы туыстық және зинақорлық айыптары сияқты діни-құқықтық мәселелер кезіндегі некені бұзу ережелері қамтылған.
Заңдағы ең көп талқыланған бөлімдердің бірі – ислам құқық жүйесіндегі "хияр әл-булуғ" ұғымы. Бұл қағида жас кезінде тұрмысқа шыққан балаға жыныстық жетілу жасына жеткен соң некені бұзуды талап етуге мүмкіндік береді.
Құжаттың 5-бабына сәйкес, егер кәмелетке толмаған ұл немесе қыздың некесін әкесі не атасы емес, басқа туыстары қиған болса, ерлі-зайыптылар "әлеуметтік тұрғыдан сәйкес" деп танылып, қалыңмал талапқа сай болса, неке заңды деп есептеледі. Кейін бала жыныстық жетілу жасына толған соң сот арқылы некені бұзуды талап ете алады.
Ал ерлі-зайыптылар "үйлеспейді" немесе қалыңмал әділетсіз деп танылса, мұндай неке жарамсыз деп есептеледі. Құжатта әкелер мен аталарға балалар некесіне қатысты кең өкілеттік берілген. Дегенмен егер қамқоршылар зорлық-зомбылыққа бейім, психикалық ауытқуы бар немесе моральдық тұрғыдан азғын деп танылса, мұндай некелер жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Сондай-ақ заң әйелдерге қатысты консервативті қамқорлық нормаларын күшейтеді. Мәселен, 7-бапта жыныстық жетілу жасына толған бойжеткеннің үнсіз қалуы некеге келісім ретінде қарастырылуы мүмкін екені жазылған. Ал ер бала немесе бұрын тұрмыста болған әйелдің үнсіздігі автоматты түрде келісім болып саналмайды.
Құжат тәліп судьяларына діннен шығу, күйеуінің ұзақ уақыт жоғалуы, зинақорлық айыптары және "зихар" секілді діни санаттар бойынша отбасылық дауларға араласуға да құқық береді. "Зихар" – ислам құқық жүйесіндегі күйеудің әйелін өзіне үйленуге тыйым салынған туысымен салыстыру ұғымы.
Осы бөлімде судьялар күйеулерді діни жаза орындауға мәжбүрлей алады немесе ажырасу туралы шешім шығара алады. Құжатта мұндай жазаларды орындату үшін түрме жазасы мен физикалық жаза қолданылуы мүмкін екені де айтылған.
Заңда мұсылман емес адамдар арасындағы некелерге де қатысты ережелер бар. Егер мұсылман емес ер адам ислам дінін қабылдап, әйелі "Кітап иелерінің" қатарында қалса, неке сақталуы мүмкін. Ал мұсылман әйел исламды қабылдап, күйеуі исламды қабылдаудан бас тартса, судья оларды бөлек тұруға міндеттей алады.
Сонымен қатар құжатта бір әйелдің емізген балалары арасындағы туыстық мәселесі де қарастырылған. Ислам құқығында мұндай балалар діни тұрғыдан бауыр саналып, бір-бірімен некеге тұра алмайды. Егер осындай жағдай анықталса, сот оларды ажырату туралы шешім шығара алады.
Құжаттың жариялануы тәліптердің 2021 жылғы тамызда билікке оралғаннан бері әйелдер мен қыздарға қатысты шектеулерді күшейтіп отырған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Қазір Ауғанстанда қыз балаларға алтыншы сыныптан кейін білім алуға тыйым салынған. Әйелдер университеттерден шеттетіліп, олардың еңбек етуіне, еркін жүруіне және қоғамдық өмірге қатысуына да қатаң шектеулер қойылған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы шектеулерді бірнеше рет сынға алып, оларды адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуы деп бағалаған. Құқық қорғаушылардың пікірінше, тәліптер ислам құқығының қатаң түсіндірмелерін мемлекеттік заңдарға енгізу арқылы гендерлік шектеулерді құқықтық жүйеде одан әрі институционалдандырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Иракта балалар некесін заңдастыруға жол ашатын заңға түзетулер қабылданған еді. Өзгерістерге сәйкес, елде ресми неке жасы 18 болып сақталғанымен, діни қызметкерлерге ислам құқығының жекелеген қағидаларын қолдануға рұқсат берілді. Осылайша, кейбір діни мектептердің ұстанымы бойынша қыз балаларды жасөспірім шағында, тіпті 9 жастан тұрмысқа беруге мүмкіндік туған. Құқық қорғаушылар бұл түзетулер әйелдер мен балалардың құқықтарына қауіп төндіретінін мәлімдеген еді.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз