Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тренд емес, жаңа стандарт болса екен": Қазақ тіліндегі жарнама тіл жанашырларының назарын аударды

жарнама
Фото: Instagram asqar.aqtileu

Соңғы уақытта елдің әртүрлі өңірінде қазақ тілінде ғана жазылған жарнамалар мен маңдайшалар көбейіп келеді. Бұл өзгеріс әлеуметтік желіде де талқыланып, қолданушылар қоғамдық кеңістіктегі мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты қызу пікірталас жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Көпшілік мұндай бастамалар қазақ тілінің күнделікті ортадағы қолданысын арттырады деп есептейді.

“Қазақ тілінің мәртебесі көшедегі жарнамадан көрінуі керек”

Тіл жанашыры Назгүл Қожабек Алматы көшелерінде қазақ тілінде жазылған жарнаманың пайда болуын оң өзгеріс деп бағалады. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің шынайы мәртебесі көшедегі ақпарат пен маңдайшалардан көрінуі керек.

“Отыз бес жылда екі ауыз қазақша білмейтін азаматы бар ел болмасақ дейтінмін. Оның көрсеткіші – көшедегі ақпарат, жарнама, маңдайша атаулы екі тілде емес, бір-ақ тілде, мемлекеттік тілде жазылғаны. Қазақшасы бірінші тұрсын, қарпі үлкенірек болсын, анау-мынау деген алдамшы басымдық емес, шын мәнінде, жай ғана бір-ақ тілде ақпарат тұратын күнге жетсек дейтінмін. Оған анау айтқандай бір зоооор жағдайдың керегі жоқ. Бар керегі – ерік пен жігер. Сондай жігерлі брендтер шыға ма деп жүруші едім, шықты. Мына баннердің ар жақ бер жағын айналып көп жүрдім. Орысшасын таппадым. Таппадым да қуандым. Ұзағынан болсын. Көбейсін”, – деп жазды ол. 

“Маңдайшада қай тілге көбірек мән берілгенін қаріптің көлемінен байқауға болады”

Тіл жанашыры Дастан Зікірия қоғамдағы тілдік орта мен жарнамадағы тіл қолданысына назар аударды. Оның айтуынша, әлеуметтік ғылымдарда “лингвистік ландшаф” деген ұғым бар. Бұл термин қоғамдағы маңдайша, жарнама және көше жазулары арқылы адамдардың тілге деген көзқарасын, қай тілдің басым қолданылатынын аңғаруға мүмкіндік береді.

“Лингвистік ландшафт бизнес, билік пен халықтың тілге қатынасын көрсетеді. Одан қалды қай тіл токен, ал қайсы үстем екенін де айқындай алады”, – деді ол.

Дастан Зікірияның сөзінше, әлемнің көптеген елінде көшедегі жазулар мен жарнамалар қоғамның тілдік бейнесін көрсетеді.

“Токио қаласындағы Шибуя көшелеріндегі жазулардың жапон тілінде болуы бұл қоғамның монотілді екенін көрсетеді. Сол сияқты кейбір елдердегі жарнамалардың толықтай ағылшын тілінде жасалуы да тілдік басымдықты байқатады. Ал Қазақстанда жарнамалар көбіне екі тілде беріледі. Жарнамада немесе маңдайшада қай тілге көбірек мән берілгенін қаріптің көлемінен де байқауға болады”, – деді ол.

Сонымен қатар ол жуырда Алматы көшелерінен толықтай қазақ тілінде жазылған жарнаманы көргенін айтып, мұндай үрдіс көңіліне жылулық сыйлағанын жеткізді.

“Бүгін қала аралап жүріп көзіме қазақша жарнамалар түсті. Ішім жылыды. Тренд емес, жаңа стандарт болса екен”, – деп жазды блогер.

Оның айтуынша, жарнамадағы ақпарат қосымша аудармасыз-ақ интуитивті түрде түсінікті болған.

Тіл жанашырының пікірін басқа да желі қолданушылар қолдап отыр. Олар мемлекеттік тілдің күнделікті өмірде кеңірек қолданылғанын қалыпты әрі қажет құбылыс деп есептейді. 

“Румынияға тұрмысқа шығып, көшіп келгеніме 5 жыл болды. Барлық жазулар, ескертпелер, кез-келген жерде румынша. 1 рет тіл үйрену курсына 3 ай қатыстым. Жалпы өмірде күйеуіммен ағылшынша, қызыммен қазақша сөйлесеміз. Барлық достарым қазақтар, әріптестеріммен орыс тілдінде сөйлесеміз. Соның өзінде не жазылып тұрағанын жылдан жылға жақсы түсініп үйреніп келе жатырмын. Тілді меңгеруге мүлдем тырыспасам да. Сондықтан, жарнамалар мен ақпараттар әр елде өз елінің тілінде жазылу дұрыс. Қатты түсініксіз болса, телефоннан аудара салады 1-2 секундта”.

“Қазақстанда жүргендіктен әрбір адам, мейлі ол басқа ұлт өкілі болсын, қазақ тілін базалық деңгейде білуге міндетті. Сондықтан жарнамаларды тек қазақ тілінде жасау керек. Қосымша ағылшын тілін қосуға болады. Алайда орыс тілін толықтай біздің қоғамнан жоя алмаймыз. Ол үшін ондаған, тіпті жүздеген жылдар керек”.

“Менің ойымша ақырындап қазақ тіліне көшу керек. Барлығы дайын емес, дегенмен бастау керек. Интуитивті түсінуге болады”.

“Қазақ тілі өз тұғырына орнығып келеді”

PR және медиа саласының маманы Асқар Ақтілеу де кейінгі уақытта Ақтөбе қаласы көшелерінде қазақ тіліндегі жарнамалар көбейгенін байқаған. Оның сөзінше, бұл – көпшілік бірден аңғара бермейтін, бірақ қоғамдағы тілдік ортаға әсер ететін маңызды өзгеріс.

“Ақтөбе көшелерінде бір қызық жайтты байқадым. Кейбіреулер үшін ол аса мән беретін дүние болмауы мүмкін. Бірақ PR бағытына араласып жүрген адам ретінде мен үшін бұл маңызды көрінді”, – деді ол.

Асқар Ақтілеудің айтуынша, қала көшелерінде толықтай қазақ тілінде ілінген жарнамалар жиілеп келеді. Ол мұны мемлекеттік тілдің жарнама нарығында “есеп үшін” емес, табиғи коммуникация тіліне айнала бастағанының белгісі деп бағалады.

“Көрнекі құралдардың осылай өз тілімізде жиі кездесуі жарнама нарығында қазақ тілінің аясы “есеп үшін” емес, өз тұғырына орнығып келе жатқанын білдіретін сияқты. Бұл жағдайдың үйреншікті құбылысқа айналып жатқаны қуантады”, – деді ол.

Сонымен қатар маман бизнестің мемлекеттік тілге саналы түрде бет бұра бастағанын құптарлық қадам деп атады.

“Бұл формальдылық үшін емес, шынайы коммуникация үшін жасалып жатқаны байқалады. Осындай баннерлер мен жарнама тақтайшаларын жиі көру PR және медиа саласының өкілі ретінде мені қуантады. Мұндай көзге бірден түсе бермейтін өзгерісті көпшілік те сезеді деп сенемін. Ешкімге ой-пікірін немесе ұстанымын таңбайды, керісінше күнделікті қала тіршілігіндегі қалыпты жағдайға айналып келе жатқандай әсер қалдырады”, – деді Асқар Ақтілеу.

Медиа саласы маманының пікірін басқа да қазақстандықтар қолдады. Олар қазақ тілін қарым-қатынас тіліне айналдыру керегін айтты. 

“Қазақ тілі тек “міндет үшін” емес, шынайы коммуникация тіліне айналып келе жатқаны байқалады. Жарнама мен бизнес саласының мемлекеттік тілге бет бұруы қоғам санасының өскенінің белгісі. Осындай көзге бірден түсе бермейтін, бірақ маңызды өзгерістер көбейе берсін!”.

“Ешбір елде екі тілде жазылған жарнаманы көрмеппін. Біз ғана жазып, оны аударып жүрміз. Оның үстіне, аудармасы қазақша, ал түпнұсқасы орысша. Бір тілге үйрену керек! Егер қос тіл қажет болса, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ал туристік тіл ретінде ағылшын тілін пайдаланған жөн”.

“Бизнес қай тілде аудиториямен сөйлессе, сол тіл дамиды. Сондықтан компаниялар қазақша контентке көбірек көңіл бөлуге тиіс”.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 19 Мамыр, 2026 11:45