Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иран АҚШ пен Израильге ауқымды жауап дайындап жатқанын мәлімдеді

Иранның туы
Фото: Reuters.com

Иран АҚШ пен Израильге ауқымды жауап дайындалып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ИРНА ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақпаратқа сәйкес, Иран Ислам Республикасы атысты тоқтату режимін жүйелі түрде бұзуға жауап ретінде ауқымды шаралар әзірлеп жатыр.

Бұл туралы Иран парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комиссиясы президиумының хатшысы Бехнам Саиди мәлімдеген.

ИРНА агенттігіне берген сұхбатында депутат 40 күнге созылған қақтығыс басталғаннан бері "қарсылық осі" кеңейгенін мәлімдеді. Ол Ливан, Тегеранмен біртұтас майдан ретінде әрекет еткенін еске салды. Оның айтуынша, Иранның бітімге келудегі негізгі талабы барлық бағыттарда, соның ішінде Ливан аумағында да әскери әрекеттердің толық тоқтатылуы болған. Саиди бұл ұстанымның сол кезеңде делдалдық миссия атқарған Пәкістан армиясының қолбасшысына нақты жеткізілгенін атап өтті.

Алайда депутат Израиль бұл міндеттемелерді елемей, Бейрут пен Ливанның өзге өңірлеріне қайтадан соққы жасай бастағанын айтты. Соның салдарынан Ливан жағынан 3,4 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Саиди сондай-ақ АҚШ әкімшілігіне, оның ішінде Дональд Трампқа қатаң ескерту жасап, Вашингтонның аймақтағы позицияларының осалдығына назар аударды.

"Біз АҚШ-қа ескерту жасаймыз. Трамп Ормуз бұғазының батпағына батып отыр. Егер бұл қылмыстар мен астыртын әрекеттер жалғаса берсе, олар жақын арада Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Теңіз түбімен өтетін суасты байланыс кабельдері де дұшпандық әрекеттер жалғасқан жағдайда біздің күн тәртібімізге енгізілуі мүмкін", – деді ирандық парламентарий.

Еске салайық, Израиль мен Ливан атысты тоқтату туралы келісімге келді. Құжатта екі ел өкілдерінің үшжақты кездесуі 2 және 3 маусым күндері өткені айтылды. Сондай-ақ мәлімдемеде атысты тоқтату шарты ретінде “Хезболла” ұйымының толық түрде атысты тоқтатуы және оңтүстік Ливан аумағынан барлық қарулы мүшелерін шығару талап етілетіні көрсетілген.

Алайда артынша Иран атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін Израильге шабуыл жасағаны белгілі болды. Иран Израильдің солтүстігіне бірнеше рет зымырандар ұшырған. Израиль қорғаныс армиясы Ираннан атылған барлық зымыранды ұшу кезінде жойғанын мәлімдеген еді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 18:29