Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басына қышқылдық құйып, денесін шамаданға жасырған: Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты сұмдық деректер айтылды

Айгүл Сайлыбаева
Фото: instagram.com/podslushano.de

Германияда қаза тапқан қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі алдын ала жоспарланған болуы мүмкін. Марқұм тараптың адвокаты “Осторожно: Собчак” YouTube-арнасына берген сұхбатында қылмыстың ықтимал себебін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сұхбат барысында марқұм Айгүл Сайлыбаеваның туыстары да қылмыстың жантүршігерлік мән-жайын айтып берді. Олардың сөзінше, марқұмның көмейі кесіліп, саусақтары шабылған. Сондай-ақ басын денесінен ажыратуға әрекет жасалып, үстіне қышқыл құйылған. 

“Малды бауыздағандай өлтірген”

Марқұмның анасы Шолпан Батқалова қызының денесін бөлшектеуге әрекет жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Айгүлдің басына қышқыл немесе басқа химиялық зат құйылған. Соның салдарынан шашы күйіп, көзі зақымданған.

Марқұмның бетіндегі жұмсақ тіндердің барлығы тілінгендіктен, оны бірден тану мүмкін болмаған.

“Оны малды бауыздағандай өлтірген. Денесін бөлшектегісі келген болуы керек. Басын кесуге тырысқан, көмейін тілген. Мұны көру мүмкін емес. Басына қышқыл немесе химиялық зат құйылған болуы керек, өйткені шашы да, бір көзі де болмаған”, – деді Шолпан Батқалова.

Айгүл Сайлыбаеваның туыстары
Фото: Видеодан скриншот

Анасының айтуынша, әйелдің мойнына белгісіз дәрі егілген. Жәбірленуші тараптың өкілдері бұл формалин болуы мүмкін деп болжап отыр.

“Саусақтарының буындары түгел кесілген. Сарапшылар оның белсенді қарсылық көрсетіп, пышақтың жүзінен ұстауға тырысқан болуы мүмкін екенін айтады. Барлық саусағы мен буындары тілінген. Денесінің, беті мен басының әр тұсына 30-дан астам пышақ жарақаты салынған. Тіпті басы мен буындары да кесілген”, – деді Шолпан Батқалова.

Айгүл Сайлыбаеваның денесінен жалпы саны 30-дан астам пышақ жарақаты табылған. Туыстары оны мұрнындағы меңі арқылы ғана таныған.

“Бір мезетте басынан ұрып, іш тұсынан пышақтаған”

Адвокат Жанна Оразбахованың айтуынша, жәбірленуші тарап Айгүл Сайлыбаева күйеуімен бірге тұрған пәтерде өлтірілді деп есептейді.

Олар қылмысқа енесі Наталья Донцова мен оның ұлы, Айгүлдің күйеуі Александр Донцов қатысқан деп болжап отыр. Бұдан кейін олар қылмыстың ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін.

Жанна Оразбахова
Фото: Видеодан скриншот

Адвокаттың сөзінше, пәтердің іші мұқият жуылып-тазаланған. Алайда криминалистер арнайы құралдың көмегімен жуылған қан іздерін анықтаған.

Айгүл Сайлыбаева тұрған пәтердің іші
Фото: Видеодан скриншот

Қан іздері үйдің жертөлесінен де табылған.

Айгүл Сайлыбаева тұрған үйдің жертөлесі
Фото: Видеодан скриншот

“Сараптама деректеріне сүйеніп, пәтердің мұқият тазаланғанын, қанның жуылғанын байқауға болады. Бірақ арнайы жарық түсірілгенде қан бөлшектері көрінген. Жертөледен де қан іздері анықталды. Айгүлдің қарсылық көрсетіп, арпалысуы пәтердің ішінде болған сияқты. Кейін денесін жасырған. Көршілердің әлдебір шу естігені туралы куәліктері бар. Денені түсіріп алуы да мүмкіні”, – деді Жанна Оразбахова.

Адвокат Айгүл Сайлыбаеваның жүктіліктің жетінші айында болған ересек әйел екенін атап өтті. Оның пікірінше, Наталья Донцова марқұмның денесін жертөлеге жалғыз өзі түсіре алмас еді. Осыған байланысты жәбірленуші тарап Айгүлдің күйеуі Александр Донцовтың да қылмысқа тікелей қатысы бар деп есептейді.

Олар Александр Донцов пен оның анасы Айгүлді бір мезетте басынан ұрып, пышақ жарақаттарын салған деп санайды.

“Неліктен оның қылмысқа тікелей қатысы бар деп ойлаймыз? Сот-медициналық сараптама мен мәйітті ашу қорытындысы өмірлік маңызды мүшелерге пышақ жарақаттары салынған сәтте, оның басынан ауыр әрі қатты затпен соққы алғанын көрсетеді. Бір адамның бір мезетте кеуде мен іш тұсынан пышақтап, арт жағынан желкесіне қатты затпен соққы жасауы мүмкін емес”, – деді адвокат.

Айгүлдің денесі қалай табылды?

Марқұмның ағасы Жанат Сайлыбаев қарындасының денесі қалай табылғанын айтып берді. Оның сөзінше, белсенді іздеу жұмыстары басталған алғашқы күні-ақ өзеннен шамадан табылған. Оның ішіне Айгүлдің денесі салынған.

Іс материалдарына сәйкес, шамадан дене табылардан бір түн бұрын суға тасталған.

“Денесі суды сіңіріп, аздап ісініп кеткен. Сондықтан ірілеу болып көрінді. Түнде бізге келіп, бұл әйел адамның денесі екенін айтты. Мұрнындағы меңі сияқты ерекше белгісі болғандықтан, оның менің қарындасым болуы мүмкін екенін жеткізді. Келесі күні менен ДНҚ сынамасын алды. Шамамен екі күннен кейін ғана ДНҚ-ның сәйкес келгенін растады”, – деді Жанат Сайлыбаев.

Қылмыс алдын ала жоспарланған ба?

Сондай-ақ адвокат Жанна Оразбахова марқұмның күйеуі Александр Донцов қайғылы оқиғаға дейін Айгүлге қарсы әдейі айғақ жинаған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Александр ерлі-зайыпты арасындағы жанжалдарды диктофон мен камераға жазып отырған. Бұл жазбаларда Айгүлдің күйеуіне және баласына қатысты агрессия танытқаны көрсетілуі мүмкін.

Бұған қоса, жәбірленуші тарар Александр Айгүлді әдейі ашуландырып, оны жағымсыз қырынан көрсетуге тырысқан деп болжап отыр. Адвокаттар Донцов ортақ қыздары Жаклинді анасынан алып қалуға алдын ала дайындалған болуы мүмкін деп есептейді.

“Ол бұл жазбаларды алдын ала жүргізген, Айгүлді әдейі арандатқан болуы мүмкін. Біз Александр баланы Айгүлден алып қалуға дайындалған деп болжадық. Өйткені Айгүл – Қазақстан азаматы, ал оның күйеуі Германия азаматтығын алған”, – деді Жанна Оразбахова.

Адвокаттың сөзінше, Александр Донцов Айгүлдің өлімінен бірнеше ай бұрын қызы Жаклинге Ресей азаматтығын рәсімдеу үшін құжат жинай бастаған. Алайда бұл туралы әйеліне айтпаған.

Жәбірленуші тарап қазір екі нұсқаны қарастырып отыр. Біріншісі – Айгүл қызына жасырын түрде Ресей азаматтығын рәсімдеп жатқанын біліп қалып, үйде үлкен жанжал туындаған, соңы кісі өліміне ұласқан болуы мүмкін. Екінші нұсқа бойынша, қылмыс әу бастан мұқият жоспарланған.

“Олар Айгүлді қашан және қалай өлтіретінін, денесін қайда апарып жасыратынын алдын ала білген болуы мүмкін. Чемоданды да ертерек әкелген. Бірақ Айгүлдің ата-анасы Германияға осыншалықты тез жетіп, консулдық арқылы жедел іздеу жұмыстарын бастатады деп ойламаған. Осы тұста олардың жоспары бұзылған болуы ықтимал. Олар Айгүлдің денесін бірден іздей қоймайды, ал Александр да қашып үлгереді деп есептеген болуы мүмкін”, – деді адвокат Жанна Оразбахова.

Балаға құжат не үшін жасырын рәсімделген?

Айгүл Сайлыбаева қаза тапқаннан кейін ғана оқиғаның көптеген мән-жайы бір-бірімен байланыса бастаған. Соның ішінде Александр Донцовтың кісі өлімінен алты ай бұрын қызы Жаклинге Ресей азаматтығын рәсімдеуге әрекет жасағаны анықталған.

Ол бұл істі жұбайынан жасырған. Алайда Айгүл күйеуінің елшілікке барғанын кездейсоқ біліп қойған. Бұл туралы марқұмның құрбысы Малика Текенова айтты.

“2024 жылғы қыста Айгүл маған Александр мен оның анасы өзінен жасырып бір нәрсе талқылап жүргенін айтты. Осы жағдай оның ашуын туғызған. Ол күйеуінен “Не ойластырып жүрсіңдер?” деп ашық сұрай бастаған. Бірақ ешкім оған ештеңе айтпаған. Кейін Айгүл кейбір құжаттарды тауып алып, Александрдың Германияда қызына Ресей азаматтығын рәсімдеу үшін өтініш дайындағанын көрген”, – деді Малика Текенова.

Малика Текенова
Фото: Видеодан скриншот

Құрбысының айтуынша, 2024 жылғы қыста Айгүлмен соңғы рет кездескен кезде оның жағдайы өте ауыр болған. Сол кездесуде Александр Донцов әйеліне әр жарты сағат сайын қоңырау шалып, дереу үйіне қайтуын үзілді-кесілді талап еткен.

Сонымен қатар жеке әңгіме барысында Айгүл құрбыларына отбасындағы жағдайдың тым нашарлап кеткенін және бұдан әрі оған шыдай алмайтынын айтқан. Алайда құрбылары Қазақстанда қалып, Германияға оралмауға үгіттегенімен, Айгүл бұған келіспеген.

Ол Германияның қамқоршылық органдарынан қорқатынын түсіндірген. Айгүлдің айтуынша, күйеуі жергілікті ювеналды жүйенің қатаң талаптарын пайдаланып, оны бірнеше рет ана құқығынан айырамын деп қорқытқан.

“Александр оны ана құқығынан айыратынын талай рет айтқан. Сондай-ақ өзінің Германия азаматы екенін, ал Айгүлде ондай азаматтық жоқ екенін алға тартқан. Айгүл қызы Жаклиннен айырылып қалудан қатты қорықты”, – деді марқұмның құрбысы.

Сонымен қатар Александр Донцовтың сол кездің өзінде баланы Ресейге алып кетуді жоспарлағаны туралы да нұсқа айтылды. Айгүл қаза тапқаннан кейін ол қызы Жаклинмен бірге Ресейге көшіп кеткен.

Осыған ұқсас мәліметті Айгүлдің анасы Шолпан Батқалова да жеткізді. Оның сөзінше, қызы жоғалғаннан кейін отбасыға Айгүлдің құрбылары хабарласа бастаған.

Туыстары солардан Александр Донцовтың жұбайының келісімінсіз және рұқсатынсыз Жаклинге Ресей азаматтығын рәсімдеу үшін Берлиндегі Ресей елшілігіне арнайы барғанын білген.

“Айгүл бұл туралы білген кезде Александрдан “Неге менің рұқсатымсыз құжат тапсырып жатырсың?” деп сұраған. Оның не деп жауап бергенін білмейміз. Бірақ құжаттардың Айгүлдің келісімінсіз рәсімделгені анық”, – деді марқұмның анасы.

Шолпан Батқалова істегі маңызды құқықтық жайттарға да тоқталды. Айгүлдің Германияда тұруға берілген ықтиярхатының мерзімі 2024 жылғы 24 мамырда аяқталуға тиіс болған.

Сайлыбаева алдымен ықтиярхатын ұзартып, содан кейін ғана ресми түрде ажырасу рәсімін бастамақ болған.

Ол қажетті құжаттардың барлығын өткізіп үлгерген. Алайда қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Германияның мемлекеттік органдары ықтиярхатты ұзарту туралы дайын құжатты Айгүл қайтыс болғаннан кейін, 2024 жылғы 9 маусымда ғана шығарған.

Мән-жайы

Айта кетейік, 2024 жылғы маусымда қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.

16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.

2025 жылы Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасы Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді. 

Ал жақында Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов әйелінің өліміне кінәлі емес екенінайтқан.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 17:35