Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваны өлтірді деген күдіктілер Ресейде ұсталды

Сыртқы істер министрлігі Германияда қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваның ісіне қатысты тергеу барысы жөнінде айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Германиядағы елшілігі бұл мәселе бойынша аталған елдің Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізіп келеді.
Сонымен қатар Қазақстанның Франкфурт-на-Майнедегі Бас консулдығы Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
“Қазақстан тарапы күдіктілерді экстрадициялау туралы сұрау жолдаған. Осыдан кейін Ресейдің құқық қорғау органдары А.Донцов пен Н.Донцованы Мәскеуде ұстады. Бұған дейін аталған екі тұлғаға Германияның құқық қорғау органдары тарапынан халықаралық іздеу, ал Қазақстан ішкі істер министрлігі арқылы мемлекетаралық іздеу жарияланған”, – делінген ресми жауапта.
Алайда күдіктілердің екеуі де Ресей азаматы болғандықтан, оларды басқа мемлекетке экстрадициялау мүмкін емес екені Қазақстан тарапына алдын ала хабарланған.
“Қазір Ресейдің құзырлы органы Қазақстаннан күдіктілерге қатысты Ресей аумағында қылмыстық іс қозғау жөнінде ресми сұрау күтіп отыр. Бұл тергеу әрекеттерін бастауға заңды негіз болады. Сонымен қатар Б.Сайлыбаев аталған азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы өтінішін Ресейдің Тергеу комитетіне жолдауды сұраған. Осыған байланысты Қазақстан елшілігі 2026 жылы 5 мамырда Ресей Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдады. Ресей сыртқы істер министрлігімен өткен келіссөздер барысында Қазақстан елшілігі бұл мәселені жедел қараудың маңызына назар аударды. Оған қоса бұрын жолданған нотаға жақын арада жауап беріледі деген үміт білдірді. Аталған мәселе Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің тұрақты бақылауында”, – деп хабарлады министрлік.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның елшілік өкілдіктері қаза тапқан әйелдің туыстарымен тұрақты байланыста.
Істің мән-жайы
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған еді. Судьяның денесі табылғанға дейін оның Германияда із-түссіз жоғалып кеткенін хабарланған. Ол Бенсхайм қаласында күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең Сайлыбаева қызын балабақшаға алып кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
16 маусым күні оның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетте болған. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кейін Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексерді. Әйелдің үйіне тінту жүргізілді. Кейін оның енесі мен күйеуіне іздеу жарияланды.
2025 жылдың Айгүлдің туған ағасы Қанат Сайлыбаев күдіктілер Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғанын хабарлады. Алайда кейінірек Қазақстанның бас прокуратурасы Ресей тарапы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін мәлімдеді.
Ал жақында Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов әйелінің өліміне кінәлі емес екенін айтқан.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз