Қазақстанда қызметкерлердің жалақысынан бірыңғай төлем енгізу жоспарлануда: Мән-жайы белгілі болды

Мемлекеттік кірістер комитеті Салық төлеуші кабинетіндегі жаңа қызметті таныстырды. Бұл қызмет жұмыс берушілерге еңбекақы төлеу қорынан есептелетін салықтар мен міндетті төлемдерді "бір батырмамен" есептеп, төлеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа қызмет премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысында таныстырылды. Пилоттық жүйенің іске қосылуы 2026 жылдың қыркүйегіне жоспарланған, ал толық енгізу 2027 жылдың қаңтарынан басталуы мүмкін.
Қазір жұмыс берушілер қызметкерлер үшін 7-8 түрлі әлеуметтік төлем аударады, олардың әрқайсысы жеке-жеке есептеледі. Жаңа қызмет іске қосылған жағдайда, ол қолданыстағы жеңілдіктер мен қызметкерлердің жекелеген санатының ерекшелігін ескере отырып, барлық қажетті төлемді автоматты түрде есептеуге, сондай-ақ төлем құжатын банкке жіберуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйенің мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланатыны атап өтілді. Соның арқасында ол қызметкерлердің мәртебесін ескере отырып, тиісті есептеу тәртібін қолдана алады. Сондай-ақ қызметте жұмыс уақытының табелін жүргізу мүмкіндігі қарастырылмақ, оның негізінде қажетті төлемдер автоматты түрде есептеледі.
Ұлттық экономика министрлігі жаңа қызмет шағын және орта бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтатынын атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпкерлер 200.00 нысанын тапсыру қажеттілігінен босатылады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев бұл қызметті пайдалану ерікті болатынын атап өтті. Алғашқы кезеңде оны шағын және орта бизнес субъектілері үшін іске қосу жоспарлануда, кейін бухгалтерлік жүйелермен интеграция аяқталған соң ірі компанияларға да кеңейтілетін болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің пікірінше, қызмет әлеуметтік төлемдер бойынша есептеулерді автоматтандыруға, құжаттарды толтыру кезіндегі қателіктер санын азайтуға және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы есеп айырысуды анағұрлым ашық етуге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін ұлттық экономика министрлігі Қазақстанда ең төменгі жалақы қашан көтеріледі деген сауалға жауап берген еді.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады
Оқыңыз