Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда салық қарызы бар азаматтардың шетелге шығуына шектеу қойылмақ

салық қарызы
Фото: magnific.com

1 шілдеден бастап салық берешегі 116 миллион теңгеден асып, үш ай бойы өтелмеген кәсіпкерлер мен ұйым басшыларының шетелге шығуына уақытша тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа норма биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін мәлімдеді.

Жаңашылдық заңды тұлғалардың және құрылымдық бөлімшелердің басшыларына, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын азаматтарға қатысты қолданылады. Егер салық берешегі 116 миллион теңгеден асып, үш ай бойы өтелмесе, борышкердің елден шығуына уақытша тыйым салынуы ықтимал.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл өзгеріс жаңа Салық кодексіне енгізілген. Билік аталған шара бюджетке түсетін түсімді арттырып, көлеңкелі қарыз көлемін азайтуға бағытталғанын айтады.

Осыған дейін Қазақстанда салық қарызы бар азаматтардың банк есепшоттарын бұғаттау, мүлкіне шектеу қою сияқты тетіктер қолданылып келген. Енді оған шекарадан шығуға тыйым салу шарасы да қосылып отыр.

"Заңнамада әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Егер азаматқа емделу мақсатында шетелге шығу қажет болса, медициналық құжаттарын ұсынған жағдайда уақытша шектеу белгілі бір мерзімге тоқтатылуы мүмкін", – делінген комитеттің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, шектеу салық қарызы толық өтелгеннен кейін немесе берешектің жоқтығы ресми расталған жағдайда алынады.

Еске салайық, бұған дейін қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұрынғы министрлер, әкімдер мен квазимемлекеттік сектор басшыларына қызметтен кеткеннен кейін 15 жыл бойы шетелге шығуға тыйым салуды ұсынған еді. Оның айтуынша, жоғары лауазымды тұлғалар өздері қалыптастырған жүйеде өмір сүріп, ел алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 12:00