Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың 250 миллиард теңге қарызы кешіріледі

Теңге
Фото: Stan.kz

Қазақстанда 66 мыңнан астам адамның қарызы кешіріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаеваның мәліметінше, соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы ғана шамамен 132 миллиард теңге қарызды есептен шығару жоспарланып отыр.

Ал жалпы банкроттықтың екі түрі бойынша шамамен 66,6 мың адам банкрот деп танылған.

"Жалпы алғанда, банкроттықтың екі рәсімі бойынша 66 600 адам банкрот деп танылды. Олардың 250 миллиард теңге қарызы есептен шығарылады", – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың бір бөлігі табысы мен мүлкін тексертпей-ақ мерзімі өткен несиелерін есептен шығара алатынын хабарлаған еді.

Егер адам бес жылдан астам уақыт несиесін төлемесе, оның қарызы автоматты түрде кешірілуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтың табысы мен мүлкінің бар-жоғы ескерілмейді.

Сондай-ақ Қазақстанда "проактивті банкроттық" жүйесі енгізілуде, бұл жүйеде мемлекет мұндай борышкерлерді өзі анықтап, қарыздарын есептен шығару рәсімін рәсімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама жолдайды.

Банкроттық – тек қарыздың кешірілуі ғана емес, банкрот деп танылған адамға белгілі бір шектеулер енгізіледі. Егер адамның қарызы есептен шығарылса:

  • 5 жыл бойы несие алуға тыйым салынады;
  • 3 жыл бойы уәкілетті органдар оның қаржылық жағдайын бақылап отырады;
  • қайта банкроттық рәсімін тек 7 жылдан кейін ғана қолдануға болады;
  • банкроттық туралы ақпарат ашық дереккөздерде жарияланады.

Еске салсақ, бұған дейін енді қарызы бар қазақстандықтардың банктік шоттары толық бұғатталмайтыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 18:58