Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әл-Фараби даңғылындағы апат: Сол түні Александр Пактан басқалары да жол ережесін өрескел бұзғаны анықталды

әл-фараби даңғылындағы жол апаты
Фото: Әлеуметтік желіден

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Жол-көлік оқиғасы кезінде кезекшілікте болған полиция қызметкері Шоқан Бесбаев пен полиция капитаны Дархан Нұрғалиден және басқа да куәгерлерден жауап алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полиция қызметкері Шоқан Бесбаев жол-көлік оқиғасы кезінде кезекшілікте болған. Бесбаевтың айтуынша, жол-көлік оқиғасы шамамен сағат 03:33-те болған, ал бір минуттан кейін полицей жедел жәрдемге хабарласқан. Ол Пак оқиға кезінде есін білгенін, бірақ ауырсыну шогы болғанын айтты.

"20 наурызда біз түнгі кезекшілікке шықтық. әл-Фараби даңғылында патрульде болдық. Назарбаев көшесінің қиылысында бағдаршамға тоқтаған кезде қатты соққы дыбысын естідік. Бірден дыбыс шыққан жаққа бардық. Пактың көлігін көрдік. Әріптесім бірден бөлімге хабар берді, мен жедел жәрдем шақырдым. Пакты көліктен шығардық. Артынша ол жедел жәрдеммен ауруханаға кетті. Пакты көліктен шығарып жатқан кезде алкоголь иісін сезген жоқпын", – деді куәгер.

Полицейден мемлекеттік нөмірді көріп, көрмегені сұралды. Бесбаевтың айтуынша, көліктің алдыңғы бөлігі қатты зақымданғандықтан, нөмірді анық көру мүмкін болмаған. Сондай-ақ ол Mercedes көлігінің есігін ашу мүмкін болмағанын да айтты.

Оқиға түні Шоқан Бесбаевпен кезекшілікте болған полиция капитаны Дархан Нұрғали де куәлік берді. Ол Беспбаевтың айтқандарын қайталады. 

"Жүргізуші Александр Пак есін біліп тұрды, бірақ қойылған сұрақтарға жауап бере алмады. Біз одан қай жері ауырып тұрғанын сұрадық. Оны көліктен шығарып жатқанда алкоголь иісін сезбедік. Алайда жағдай қалыпты емес еді. Оның жанында азаматтық киімдегі бірнеше адам болды", – деді ол.

Сот бірден бірнеше куәгерден жауап алды. Сол кеште жол ережесін өрескел бұзған тек Александр Пак қана емес екені анықталды.

Александр Пактың жақын досы куәлік берді

Сонымен қатар куәгер ретінде Николай Александров есімді азамат та жауап берді.

"Біз 2016–2017 жылдан бері таныспыз. “У Афанасича” мейрамханасына кешкі ас ішу үшін бардық. Сол жерде отырып, демалдық. Біз бес-алты адам болдық, нақты айта алмаймын. Мен ішімдік ішкен жоқпын, басқалары ішті ме, көрген жоқпын. Ішімдік көп болды. Мен BMW M5 көлігімен жүремін", – деді куәгер.

Кездесуден кейін бірінші болып Александр Пак, артынша Николай Александров мейрамханадан шыққан. Үйіне бара жатқан жолда Александров Әл-Фараби даңғылында жол апаты болғанын көреді.

"Біз апатты көрдік. Әлдекімдер терезелерді шағып, адамдарды шығарып алуға тырысып жаттты. Жанымда бір қыз бар еді. Мен оған “біздікілер емес, жақсы болды ғой” деп айттым. Оқиға орнынан алыстай бергенде маған телефон соғып, біздікілер апатқа ұшырағанын айтты. Біз оқиға орнынан қайта бардық. Досымды жедел жәрдем алып бара жатқанын көрдім. Ол ештеңе айтқан жоқ, бүкіл денесі қан болды", – деді ол.

Адвокат Чернов куәгерден мейрамханада кім ішімдік сатып алғаны және кім ішкені туралы сұрады. Александров басқа куәгерлер сияқты бұл туралы ештеңе білмейтінін айтты. Сонымен қатар, ол да тұтас сызықты кесіп өткенін мойындады. Александров сол үшін жүргізуші куәлігінен айырылып, айыппұл арқалаған.

Александров кешкі аста полиция қызметкері болғанын қайғылы оқиғадан кейін ғана білгенін айтты. Сонымен қатар Черновтың “Әсет Жақсылықов деген адамды (әзірге оның бұл іске қандай қатысы бары белгісіз) таныйсыз ба?” деген сұрағына куәгер “танимын” деп жауап берді айтты. Ол Әсет Жақсылықовқа хабарласпағанын,  видеорегистраторды алып тастау туралы өтініш түспегенін айтты.

Александр Пактың адвокаты куәгерден оның клиентіне мінездеме беруін сұрады. Куәгер ол туралы тек жақсы пікір айтты.

Александр Пакпен сол түні таныстым – Рыскелді Бекмахай

Ал куәгер Рыскелді Бекмахай Александр Пакпен сол түні танысқанын мәлімдеді. 

"Түнгі шамамен 10-дарда маған досым Николай хабарласып, достарымен танысуға шақырды. Түнгі бірлер шамасында мейрамханаға келдім. Ол жерде бірақ адам отырды, мен тек Николайды ғана танитынмын. Мен Омар деген досымды шақырдым, ол да келді, біз шамамен бір-екі сағат отырдық", – деді куәгер.

Оның айтуынша, кафеде шамамен алты-жеті адам болған. Өзі тек алма шырынын ішкен, оны алдын ала тапсырыс берген. Досы Омар минералды су ішкен. Есепті кім төлегенін Бекмахай білмейді.

"Содан кейін сыртқа шығып, қоштастық та, көліктерімізге отырдық. Біз Достық даңғылымен төмен қарай жүрдік, мен соңғы болып келе жатқандықтан қалған көліктерді көрмедім. Үйге кеттім. (Жол ережесін бұзғаным үшін, менде сақтандыру болмағаны үшін айыппұл салынды және қос тұтас сызықты кесіп өткенім үшін алты айға жүргізуші куәлігімнен айырылдым", – деді ол.

Ол апат туралы үйіне жеткеннен кейін, шамамен жарты сағаттан соң білген.

"Маған Николай хабарласты, мен оны әзілдеп тұр деп ойладым. Бірақ кейін оның шын екенін түсіндім. Біз бірге оқиға орнына бардық, кейін ауруханаға бардық. Ауруханадан кейін мен жұмысқа кеттім", – деді куәгер.

Адвокат Чернов куәгердің бұрынғы жауабын оқып беріп, сұрақ қойды.

"Сіз кальян шеккенін, сөйлескенін, тамақтанғанын айтқансыз. Бірақ алкоголь болмаған дедіңіз. Ал қазір алкоголь болды ма, жоқ па нақты айта алмаймын деп отырсыз. Қай жауабыңыз дұрыс?" – деді адвокат.

Куәгер алкогольдің бар-жоғын нақты айта алмайтынын қайталады.

Куәгер Данат Сарнугаев мас күйінде рөлге отырғанын айтты.

Келесі куәгер Данат Сарнугаев куәлік беруді бастамас бұрын өзін түсірмеуді сұрады. Оның айтуынша, оқиғаға бір күн қалғанда достары топтық қоңырау шалған. Алдымен ол келуден бас тартып, бос еместігін айтқан. Кейін оларды үйіне шақырған. Бірақ достары қайта хабарласып шақырған соң, кездесуге барған.

"Мен Александр Пакпен үш жылдан бері таныспын, біз әріптеспіз. 22:00-ден кейін кафеде төрт адамнан көп болды. Көп нәрсені есімде емес. Мен телефонмен жұмыс істеп отырдым. Мен алкогольге тапсырыс берген жоқпын, кім алғанын білмеймін", – деді ол.

Ол үстелде алкоголь болды ма, жоқ па нақты білмейтінін және есінде жоқ екенін айтты. Апат сәтін көрмеген, өйткені басқа бағытта жүрген.

"Апат туралы білген соң, мен ауруханаға бардым", – деді Сарнугаев.

Оны да, басқа куәгерлер сияқты, адвокат Олег Чернов қос тұтас сызықты кесіп өткені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғанын нақтылады. Сонымен қатар, ол жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік жүргізген.

Куәгер бастапқыда сұраққа жауап беруден бас тартты, бірақ судья оны жауап беруге міндеттеді. Содан кейін ол мас күйде рөлге отырғанын мойындады.

"Есепті кім төлегенін білмеймін", – деді ол.

Куәгер Әсет есімді адаммен таныс екенін, бірақ жақын дос емес екенін айтты.

Куәгердің не үшін апат орнына қайта барғаны сұралды.

"Александр Пактың қымбат сағаты жоғалып кеткендіктен, мен оны іздеу үшін өз еркіммен бардым, бірақ таба алмадым", – деді Бекмахай.

Ол көліктен видеорегистраторды алмағанын да айтты. Адвокат бұл куәгерден де Пакқа мінездеме беруін сұрады. Куәгер оны "көмекке дайын, жақсы адам" деп сипаттады. Сондай-ақ Александр Пак "Авиациялық чартерлік сервис" ЖШС-де брокер болғанын айтты.

Омар Оразғалидың жүргізушісі куәлік берді.

Сонымен қатар Омар Оразғалидың жүргізушісі, Алмат Әділбаев та сотта куәлік берді. Оның айтуынша, Омар алкоголь ішпеген.

"Мен Омардың сынақ мерзімінен өтіп жүрген жүргізушісі едім. Сол күні ол маған хабарласып, бір жерге апаруды сұрады. Тұрақты жұмыс істеген жоқпын, кейде ғана шақыратын. Қос тұтас сызықты кесіп өтуге тура келді, өйткені Омар “арттарынан жүр” деді, ал олар бәрі солай өтті, мен де артта қалмайын деп ойладым. Жүргізуші куәлігімнен айырылдым. Қазір құрылыс саласында жұмыс істеймін", – деді куәгер.

Еске салсақ, осыған дейін сотта қайғылы оқиға күні сотталушы Александр Пакпен бірге кафеде болған басқа да жолдастары куәлік берген еді. Алайда достарының ешқайсысы Пактың ішімдік ішкен-ішпегенін растай алмады.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 19:28