Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 8 маусымда болған сотта қайғылы оқиға күні сотталушы Александр Пакпен бірге кафеде болған жолдастары куәлік берді. Алайда достарының ешқайсысы Пактың ішімдік ішкен-ішпегенін растай алмады. Stan.kz тілшісі сотқа қатысты.
8 маусымдағы сот отырысына Александр Пак онлайн қатысты.
Бір оқиға, әртүрлі жауаптар: Пак ішімдік ішті ме?
Сол күні онымен бірге “у Афанасича” мейрамханасында көңіл көтерген достарының куәлігінде әртүрлі жауаптар байқалды. Мәселен куәгер Адам Мархиев дастархан басында ішімдік болған жоқ дейді. Ол түнгі 12 шамасында қайтып кеткенін айтты.
Куәгер сотталушыны 1,5 жылдан бері таниды екен. Сөзінше, осы уақыт ішінде ешбір оғаш қылығын байқамаған. Сотталушыны адал, шыншыл әрі әділ адам ретінде сипаттады.
Тағы бір куәгер Айгерім Абдраимова да сол күні мейрамханаға құрбысы Назигумның шақыртуымен барыпты. Сотталушыны танымайды. Сөзінше, ол апероль, ал құрбысы шарап ішті, алайда тағы да басқа кім ішкенін айта алмады.
Ол ондағы адамдарды танымағандықтан және олардың әңгімелері ұнамағандықтан, жарты сағаттан соң кетіп қалғанын айтты. Оның айтуынша, отырыста қыздар туралы және т.б. адамдар туралы жағымсыз пікір, қаңқу сөздер айтылған.
Александр Пакпен бірге уақыт өткізгендердің бірі – Омар Оразғали. Оны сол кешке Бекмұхай есімді досы шақырған. Жігіт мекемеге түнгі сағат 1:30 шамасында келген. Ол үстел басында шамамен алты адам болғанын айтты. Омар ішпегенін және үстелде алкогольді ішімдіктерді көрмегенін айтты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов түбіртектегі заттарды оқып, үстелде виски, текила, шарап, апероль, Нью-Йорк сырасы немесе басқа алкогольді ішімдіктерді көрді ме деп сұрады. Куәгер алкоголь бөтелкелерін көрмегенін айтты.
Сондай-ақ Омар мұнда жүргізушісімен келген көрінеді. Сол түні жүргізушісі қос сызықты кесіп өткені үшін алты айға жүргізуші куәлігінен айырылған екен. Куәгердің айтуынша, тағы екі көлік – BMW және Camry жол қозғалысы ережесін бұзған. Омар жүргізушіге қос сызықты кесіп өтуді өзі бұйырған.
Адвокат не себепті “өзіне бәрі болады” деп ойлайтынын сұрады.
“Жастықтың буымен болды. Мен 23 жастамын", – деді ол.
Тағы бір куәгер Назигум Шамахунованы Zeekr көлігімен Александр Пак және Адам алып кеткен екен. Ол сотталушыны 1 апта көлемінде танитынын айтады. Қыз шарап ішіп, масайып қалған. Алайда басқа адамдар өздерін “адекватты ұстады және мас болып көрінбеді” деді. Дегенмен дастарханда ішімдік болғанын және одан бөлек басқа адамдар ішкенін де мойындады.
“Қайтатын сәтте тұрақ орнына жиналдық. Сол кезде Пак мені үйге апарып тастайтынын айтты, мас болып көрінбеді. Кейін оның бағыты басқа болып шығып, басқа жігіт апаратын болды. Пак тұрақ орнынан бірінші шығып кетті. Ал біз 3-4 көлікті өткізіп барып, жолға шықтық. Әл-Фараби бойында ақ көліктің жол апатына түскенін көрдік. Полицейлер жиналып тұрды. Біздің достарымыздың ешқайсысында мұндай көлік болмағандықтан, біздікілердің қатысы жоқ деп ойладым. Сөйтсем Zeekr алысқа қарай ұшып, оны байқамаппыз”, – деді Назигум.
Үш жәбірленуші тарап та кешірім берді
Сотта марқұм Томирис Қадырбектің анасы Арайлым Есенбаева Александр Пакты бас бостандығынан айырмауды сұрап, өтініш жазды. Сөзінше, сотталушы барлық шығынды өтеген.
Онымен қоса сотта жол апатының видеосы көрсетілді. Сотталушы бар жылдамдықпен соқтығысқанын көруге болады.
Жол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады