Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыста 52 жастағы жүргізуші жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірді

жол апаты адам өлімі
Фото: Telegram-канал Kozachkov offside

Түркістан облысы Арыс қаласында жеңіл көлік жеке үйдің қоршауына соғылып, сол маңда орындықта отырған адамдарды қағып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Апат салдарынан төрт адам, соның ішінде екі кішкентай бала мен айы-күні жақындаған жүкті әйел қаза тапты.

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Көлікті 52 жастағы әйел басқарған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол мектепте жұмыс істейді, ал бос уақытында адамдарды тасымалдаумен айналысады. Сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші әйел мас болған.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған өлімге әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.

Қылмыстық кодекске сәйкес, мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жағдайда күдіктіге өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Николай Арсютин мас жүргізушілерді көлік жүргізу құқығынан айыру мерзімін қысқартуды ұсынған еді. 

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл бап бойынша мас күйде көлік жүргізген азаматтар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Біз бұл мәселені қарастыру үшін министрлікке бірнеше рет жүгіндік. Оның ішінде рақымшылық мәселесін талқылау барысында да көтердік”, – деді депутат.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 11:46