Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Күдіктінің достарының үстінен жалған айғақ бергендері үшін қылмыстық іс қозғалды

Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына қатысты іс бойынша жалған айғақ берген төрт куәгерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, Zeekr жүргізушісінің достары күдіктіні ақтап алуға тырысып, қайғылы оқиғаға дейін оның ішімдік ішкенін жасыру мақсатында тергеуге әдейі жалған айғақ берген.
Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізушінің төрт танысына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Оларға қылмыстық кодексінің 420-бабының 1-бөлігі (Көрінеу жалған айғақ беру) бойынша айып тағылған.
"Алғашқы жауап алу кезінде олар күдікті Пак алкоголь ішпейді деп айтқан. Кейін сараптама оның спирттік ішімдік ішкенін дәлелдеді. Бұдан бөлек, біз мейрамханадағы шотты тексерген кезде онда әртүрлі алкогольдік ішімдіктер сатып алынғаны анықталды. Олардың шоты 480 мың теңге болған", — дейді Мейірман Шекеев.
Сондай-ақ аталмыш жол апатына қатысты үстінен "әрекетсіздік" бабы бойынша іс қозғалған полиция қызметкері де сол отырыста болғаны және мас күйдегі досының қымбат электрокөлік тізгініне отыруына жол бергені белгілі болды.
"Ол да сол жерде қызметтік уақыттан тыс кезде болған және барлығы бірге шыққан. Ол Zeekr көлігін тізгіндеген Пактың мас күйде екенін жақсы білген, бірақ ешқандай әрекет жасамаған. Аталған бап дәл осындай жағдайды – қызметтік міндетін орындамауды қарастырады", – дейді адвокат.
ОқыңызЖол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.
Неге Қазақстан қалаларында аялдама бағасы пәтер құнымен тең: Әкімдіктер қанша қаржы жұмсайды?