KIMEP университетінің басшылығы сексуалды қылмысы бар мұғалімді жұмысқа алды деп айыпталды

Қазақстандағы KIMEP университетінде дау туды. Әлеуметтік ғылымдар колледжінің деканы Джейсон Гейнос қызметінен кетіп, студенттерді оқытушылар тарапынан жыныстық қысым көрсету (харассмент) фактілері болса, оларды жасырмай, жария етуге шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Гейнос жоғары оқу орнында бір жылға да жетпейтін уақыт жұмыс істеген. Гейнос өткен апта соңында студенттерге жазған қоштасу хатында университет басшылығының өзіне қысым көрсеткенін айтқан. Оның сөзінше, басшылық бұрын жыныстық қысым көрсету дауына іліккен профессор Надим Наквимен келісімшартты ұзартуды талап еткен. Алайда Гейнос бұл шешіммен келіспей, қызметін сақтап қалудан гөрі өз ұстанымын қорғауды жөн көрген.
Студенттерге арналған хатында ол 1999 жылы АҚШ-тың Джорджия университетінен (Атенс қаласы) студенттерге жыныстық қысым көрсеткені үшін жұмыстан шығарылған Надим Наквимен бірге жұмыс істей алмайтынын жазған. Бұл жайт туралы білген соң, Гейнос KIMEP басшылығын мәселені барынша байыппен қарастыруға шақырған. Алайда оған бұл оқиғаның шамамен 30 жыл бұрын болғаны және қазір өзектілігін жоғалтқаны айтылған. Айта кетейік, Накви KIMEP университетінде 2013 жылдан бері жұмыс істейді.
Гейностың айтуынша, университет басшылығы бұл мәселеде Наквиді қолдап, одан даулы тақырыпты қозғамауды сұраған. Сонымен қатар оны Наквимен жаңа келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген.
Осыдан кейін Гейнос студенттерге оқытушылар тарапынан болатын харассмент жағдайын жасырмай, оларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етуге шақырды. Кейін бұл хат әлеуметтік желілерге тарап, студенттер арасында ғана емес, қоғамда да үлкен резонанс тудырды.
Әзірге KIMEP университеті басшылығы бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, жуырда ғана KIMEP университетінде түлектердің бітіру кеші өткен еді. Ал қазір оқу орны жаңа талапкерлерді қабылдау науқанына дайындалып жатыр.
Бұл оқиғаның тағы бір назар аударарлық тұсы – дау ортасында жүрген екі оқытушының да шетелдік болуы. Ресми түрде расталмаған мәліметке сәйкес, екеуі де АҚШ азаматтары болуы мүмкін. Сонымен қатар KIMEP оқу үдерісінде америкалық білім беру моделін қолданады.
Сонымен қатар 1992 жылы құрылғаннан бері университетті Оңтүстік Корея азаматы, АҚШ-та ғылыми дәрежесін алған Чан Йанг Бэнг басқарып келеді. Университеттің басқару құрамында шетелдік мамандардың басым екені де жасырын емес.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда екі университет лицензиясынан айырылатыны туралы жазған едік.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек
Оқыңыз