Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кейбір қазақстандықтардың несие төлемі екі есе азаюы мүмкін

ақша
Фото: Pexels

Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен табысы күрт төмендеген кейбір қарыз алушылар несие төлемін кемінде 50%-ға азайтуға құқылы. Мұндай жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары төлемді төмендетуге немесе оны кемінде үш айға кейінге шегеруге міндетті. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Кімдердің несие төлемі екі есе азаюы мүмкін?

Заң бойынша мұндай жеңілдік халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға және төтенше жағдай енгізуге негіз болған оқиғалардан зардап шеккен қарыз алушыларға қарастырылған. Алайда бұл санатқа жату жеткіліксіз. Қарыз алушы төмендегі екі талаптың кемінде біріне сәйкес келуі керек:

  • Өтініш берер алдындағы екі айдағы орташа айлық табысы бұған дейінгі 12 айдағы орташа айлық табысымен салыстырғанда 30%-дан астам төмендеуі керек.
  • Өтініш берген кезде атаулы әлеуметтік көмек алып отыруы қажет.

Осы талаптар орындалған жағдайда банк ай сайынғы несие төлемін кемінде 50%-ға азайтуға немесе негізгі борыш пен пайыз төлеуді кемінде үш айға кейінге шегеруге міндетті. Мұндай талап микроқаржы ұйымдарына да қатысты. Олар да ай сайынғы төлемді кемінде жартысына азайтуға немесе төлем мерзімін кемінде үш айға шегеруге тиіс.

Маңыздысы, қаржы ұйымдары несие шартын осылай өзгерткені үшін клиенттен комиссия немесе басқа да қосымша төлем талап ете алмайды.

Демек, тек жұмыстан айырылу немесе жалақының азаюы банктің төлемді автоматты түрде кейінге қалдыруына негіз болмайды. Қарыз алушы заңда көрсетілген санатқа жатуы және табысына қатысты талаптардың біріне сәйкес келуі қажет.

Қаржылық жағдайыңыз нашарласа, не істеу керек?

Несие төлемін азайту үшін қарыздың кешігуін күтудің қажеті жоқ. Егер алдағы уақытта ай сайынғы төлемді өтеу қиындайтынын түсінсеңіз, банкке немесе микроқаржы ұйымына алдын ала өтініш беруге болады. Қарыз алушы қаржы ұйымынан бірнеше өзгеріс енгізуді сұрай алады.

Мысалы:

  • негізгі борышты немесе пайыз төлеуді уақытша тоқтату;
  • несие мерзімін ұзарту;
  • ай сайынғы төлемді азайту;
  • жылдық мөлшерлемені төмендету;
  • төлем кестесін өзгерту;
  • берешектің бір бөлігін кешіру.

Өтініште қаржылық жағдайдың неліктен өзгергенін түсіндіріп, оны растайтын құжаттарды тіркеген жөн. Мәселен, жұмыстан босатылғаны туралы құжат, жалақының азайғанын көрсететін анықтама, табыс туралы мәліметтер немесе жұмыс іздеуші ретінде тіркелгені жөніндегі ақпарат қажет болуы мүмкін. Егер несие бойынша төлем мерзімі өтіп кетсе, қарыз алушы кешіктірілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгінуге құқылы. Бұл жағдайда қаржы ұйымы өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешімін хабарлауы керек. Ол қарыз алушының ұсынысын қабылдай алады, өз нұсқасын ұсынады немесе бас тарту себебін түсіндіреді.

Ал төлем мерзімі әлі бұзылмаған кезде алдын ала берілген өтініштерді қарау тәртібі бөлек жүргізіледі.

Үш ай төлем жасамасаңыз, қанша артық төлейсіз?

Төлемді кейінге шегеру несиенің жалпы құнын арттыруы мүмкін. Себебі негізгі борыш өтелмеген кезеңде оған пайыз есептеле беруі ықтимал. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төлемді кейінге шегерудің қаржылық салдарын бірнеше есептік сценарий арқылы көрсетеді. Есепте негізгі борыш 2 миллион теңге, жылдық мөлшерлеме 25%, ал несиенің аяқталуына 24 ай қалғаны ескерілген.

Қалыпты төлем кестесі бойынша қарыз алушы ай сайын шамамен 106 743 теңге төлеп, жалпы 2 561 833 теңге қайтарады.

Ал төлемді кейінге шегерудің салдары мынадай:

  • Үш ай бойы тек пайыз төлесе: алғашқы үш айда ай сайын 41 667 теңгеден төлейді. Кейінгі айларда төлем 118 559 теңгеге дейін өседі. Жалпы қосымша шығын қалыпты кестемен салыстырғанда 52 904 теңгені құрайды.
  • Үш ай бойы мүлде төлем жасамаса: есептеу тәсіліне қарай жалпы төлем 2 686 833 теңгеден 2 725 306 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл қалыпты кестеден 125 мыңнан 163,5 мың теңгеге дейін артық.

Осылайша, төлемді кейінге шегеру уақытша қаржылық жеңілдік бергенімен, несиенің жалпы құнын арттыруы мүмкін. Сондықтан жаңа кестеге келіспес бұрын, кейінге қалдырылған кезеңдегі пайыз қалай есептелетінін және соңында қанша ақша төлеу керегін нақтылап алған жөн.

Банк төлемді азайтудан бас тартса, қайда жүгінуге болады?

Егер банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының өтінішін қанағаттандырмаса, бас тарту себебін түсіндіруге міндетті. Мұндай шешіммен келіспеген азамат алдымен банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Ол үшін қаржы ұйымына ресми өтініш беріп, оның жауабын алу қажет.

Егер несие беруші заң талаптарын бұзды деп есептесеңіз, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдануға болады. Дауды сот арқылы шешу мүмкіндігі де бар.

Несиені банкроттықсыз кешіруге бола ма?

Заңнамада банкроттық рәсімін қолданбай-ақ қарыздың бір бөлігін немесе барлығын кешіруге мүмкіндік қарастырылған. Азаматтық кодекске сәйкес, несие беруші қарыз алушыны міндеттемесінен толық немесе ішінара босата алады. Бірақ бұл – банктің құқығы, міндеті емес. Яғни адамның қаржылық жағдайының нашарлауы немесе тұрақты табысының болмауы несиенің автоматты түрде кешірілуіне негіз болмайды. Мұндай шешімді банк әр жағдайға жеке қарап қабылдайды.

Сондықтан несиені қайта құрылымдауға келіспес бұрын жаңа төлем кестесін мұқият тексеру маңызды. Әсіресе кейінге шегерілген кезеңдегі пайыз қалай есептелетініне, несие мерзімінің қаншаға ұзаратынына және нәтижесінде жалпы қанша ақша төлейтініңізге назар аударған жөн.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда депозит мөлшерлемелері төмендеді.

 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 11:07