"55 жасында дүниеге келген": Ата-анасы жасы келгенде туған қазақстандықтар қиыншылықтарын бөлісті
Ата-анасының жасы ұлғайған сайын олардың қартайғанын көру, ерте айырылып қаламын ба деген қорқынышпен өмір сүру – кеш туған балаларға таныс сезім. Бірі әкесі оны 43 жасқа келгенде дүниеге әкелсе, енді бірі ата-анасының жанында ұзақ бола алмай қаламын деп алаңдайды. Stan.kz тілшісі кеш туған балалардың жан күйзелісі, мойнына ерте артылған жауапкершілігі және олардың мұндай тәжірибесі болашақта ата-ана болу туралы көзқарасына қалай әсер еткені туралы сұрап білді.
“Кеш туған балаларға қарсымын”
Әлеуметтік желіде Мерлан есімді ер адам кеш әке болудың өзіне қалай әсер ететінін айтып, жазба жариялады. Ол ата-анасының жасы ұлғайған сайын мұны қабылдау қиынға соғатынын, бірге өткізетін уақыттарының аздығына алаңдайтынын жеткізген.
"Мен кеш туған балаларға қарсымын. Себебі өзім де сондай балалардың бірімін. Жыл өткен сайын ата-анамның қартайып бара жатқанын көру маған қиынға соғады. Ата-анам менен небәрі 25-30 жас үлкен болса ғой деп армандайтынмын. Сонда бірге өткізетін уақытымыз көбірек болар еді. Өзім де жас әке болғым келді. Балаларым мені ұзақ жыл бойы жас әрі күш-қуаты мол күйімде көрсе екен деймін. Бірақ мен де кеш әке болатын сияқтымын", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол өмірінде бұл таңдауға қатысты өкініші барын айтып, "Бірақ, шамасы, жас әке болуға кешігіп қалған сияқтымын" деп түйіндеген. Ол жазбасында анасы өзін 37 жасында, ал әкесі 40 жасында дүниеге әкелгенін айтады.
"Кеш туған бала ата-анасына ұзақ өмір сүруге қосымша мотивация беруі мүмкін. 60-70 жасқа келгенде, балаң әлі жас болса, денсаулығыңды күтіп, белсенді болып, онымен мүмкіндігінше ұзақ бірге болуға тырысасың. Мұның психологиялық тұрғыдан мәні бар деп ойлаймын", – деп жазды ол.

"Мені 43-те, інімді 55-інде туды"
Осы ретте Самал да (аты өзгертілген) ата-анасының өзін кеш дүниеге әкелгенін айтқан еді. Самалдың айтуынша, ол әкесі 43 жасқа келгенде дүниеге келген. Оның үстіне, отбасындағы тұңғыш бала. Әкесі қатарластарының әкелерінен жасы үлкен екенін бала кезінен сезінгенін айтады. Әсіресе өзге балалардың жас ата-аналарын көргенде, өзінің өмір жолы өзгеше екенін түсінген. Ол кезде мұны толық қабылдай алмаса да, кейде іштей қынжылған сәттері болғанын жасырмайды.
"Студенттік шағымда ата-анамның қартаюы мені қатты алаңдататын. Әсіресе әкемнің шашына ақ түскенін көргенде, өзімді біртүрлі кінәлі сезінетінмін. Уақыттың өтіп жатқанын, олардың да қартайып бара жатқанын ерте түсінген шығармын. Кейін есейген соң мұның өмірдің табиғи заңдылығы екенін қабылдадым. Дегенмен ата-ананың жасы ұлғайған сайын алаңдаушылық та бірге жүретінін жоққа шығара алмаймын", – деп түсіндірді Самал.

Самал осы мәселеде өзінен гөрі інісі үшін көбірек алаңдайтынын айтады. Қазір інісі жасы 17, ал әкесі 73-те. Сондықтан оның әкесімен бірге өткізетін маңызды сәттері мен болашақтағы өміріне қатысты ойлар Самалды көбірек толғандырады.
"Алда оның талай маңызды кезеңі, арманы мен мақсаты бар. Сол сәттерде ата-анамыз жанында бола алмай қала ма деген ой мазалайды. Кейде болашақта ініме ата-ананың қамқорлығын да көрсетуім керек шығар деп ойлаймын. Өйткені оның өміріндегі жауапкершіліктің бір бөлігі маған да жүктелетінін сеземін. Әрине, ондай сәттер болды. Меніңше, ата-анасы жасы үлкен болып дүниеге келген балаға кейбір жауапкершіліктер ертерек жүктелуі мүмкін. Қазір әкемнің денсаулығына байланысты жиі ауруханаға жатуына, операцияларына көмектесеміз. Бұрын өзі атқарып жүрген күнделікті шаруалардың кейбірі қазір қиындап қалды. Мәселен, бір өзі жуыну, аяқ киімін кию сияқты қарапайым әрекеттердің өзіне көмек қажет болатын кездер бар", – дейді Самал.
Самал мен інісі мұндай жағдайда ата-анасының жанынан табылуға барынша тырысады. Кейде өз жоспарларын кейінге қалдырып, ата-анасының жағдайын бірінші орынға қояды. Сонымен қатар ол ата-анасының жасы үлкен болғаны оның болашақта ата-ана болу жасына қатысты көзқарасына әсер еткен. Ол өз тәжірибесінен түйген ойларын ескере отырып, бұған бейжай қарамайтынын айтады.
"Әрине, көзқарасым өзгерді. Баланың есейіп, өз алдына өмір сүре бастаған шағында ата-анасының денсаулығы мен күш-қуаты оған үлкен қолдау болатынын түсіндім. Сондықтан қызымды 23 жасымда дүниеге әкелдім. Болашақта не болатынын ешкім білмейді. Бірақ мүмкіндігім мен денсаулығым жеткенше қызымның жанынан табылып, өміріндегі маңызды кезеңдерін бірге өткеріп, мәселелерін шешуге көмектескім келеді", – дейді Самал.
Самал егер мүмкіндік болғанда, ата-анасының өзін ертерек дүниеге әкелгенін қаламайтынын айтады. Оның ойынша, өмірде әр нәрсенің өз себебі бар. Ол дәл осы ата-ананың баласы болып дүниеге келгенін тағдырының жазуы деп қабылдайды. Сондықтан өткенге өкінішпен қарағаннан гөрі, қазіргі сәттің қадірін білген дұрыс деп есептейді.
"Өзім сияқты балаларға айтарым – өздеріңізді кінәлі сезінбеңіздер. Ата-ананың жасы үлкен болуы сіздердің таңдауларыңыз емес. Сіздерді дүниеге әкелу – олардың өз шешімі. Сондықтан сол үшін өздеріңізді кінәлап, мойындарыңызға артық жауапкершілік пен кінә сезімін алмаңыздар. Ата-анаңызды жақсы көріп, қамқор болуға болады, бірақ өз өміріңізді де ұмытпаған жөн. Ал жасы үлкен кезде ата-ана болуды жоспарлап жүрген адамдарға айтарым. Ең әуелі, денсаулықтарыңыз бен күш-қуаттарыңызды ескерсеңіздер екен. Баланы дүниеге әкелу ғана емес, оның есейген шағында да жанынан табылу, қолдау көрсету маңызды", – дейді Самал.
Бұдан бөлек, Самал балаға ұзақ жылдар бойы тірек болуға мүмкіндігіңіз жете ме, осыны да ой елегінен өткізген дұрыс деп санайды.

Самал ата-анасының жанында өзін әлі де бала сезінетінін айтады. Кейде ата-ана мен баланың рөлі ауысқандай әсерде болатынын атап өтті.
"Қазір біздің отбасында рөлдер біршама өзгергендей. Кейде өзімді ата-анама да, ініме де жауапты адам ретінде сезінемін. Бұрын олар мені қорғаса, қазір мен олардың жағдайын ойлап, қамқор болуға тырысамын. Кей сәттерде ата-анамның өздері де бала секілді көрінеді. Әрине, отбасындағы осындай тепе-теңдіктің өзгергенін түсінемін. Бірақ өмірдің өз ағысы бар. Қолымыздан келгенше бір-бірімізге сүйеу болуға тырысамыз", – деп тоқталды Самал.
Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, кеш немесе ерте ата-ана болудың өзі ата-анамен ұзақ уақыт бірге болуға кепілдік бермейтінін жазған. Кейбірі ата-анасынан ерте айырылғанын айтса, енді бірі адамның өмір сүру ұзақтығы оның жасына ғана емес, денсаулығы мен өмір салтына да байланысты екенін атап өткен.
"Ата-әже рөлі басым болып кететіндей"
Психолог Гүлбану Мурадуллаеваның айтуынша, жасы үлкен ата-ананың баласы болудың артықшылықтары да, қиындықтары да бар. Бір жағынан, балалар ата-анасының ерте қартаюынан және олардан қатарластарынан бұрын айырылып қалудан қорқады дейді ол.
"Балалардың қорқынышы түсінікті әрі негізсіз емес. Олар ата-анасынан ертерек айырылып, материалдық және моральдық қолдаусыз қаламыз деп алаңдайды. Бірақ мұның жақсы жақтары да бар. Ересек ата-аналар эмоциялық тұрғыдан тұрақтырақ келеді, ата-ана болуға дайын болады. Балаларына түсіністік танытып, қолдау көрсетіп, оларды қабылдай алады", – дейді психолог.
Маманның сөзінше, жасы үлкен ата-аналар бала тәрбиесінде өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, кейбір қателіктерді қайталамауға тырысады. Ол мұны өз мысалымен түсіндірді.
"Мен өзім әжемін. Балаларымды тәрбиелеген кезде жіберген кейбір қатемді немерелеріме қатысты қайталамаймын. Оларға тұрақтылық беріп, байқап көруге, қателесуге мүмкіндік жасаймын. Ересек ата-ана баланы қателігі үшін жас ата-ана сияқты қатты жазаламайды. Өйткені оның өмірлік тәжірибесі мен даналығы бар. Ал 40-45 жастан кейін балалы болған адам баласын өз перзентіндей емес, немересіндей тәрбиелеуі мүмкін. Сонда ата-ананың рөлі қайда қалады? Егде жастан кейін балалы болған адамның бойында ата-әже рөлі басым болып кететіндей", – деп түсіндірді Гүлбану Мурадуллаева.

Психолог Гүлбану Мурадуллаева ата-ана болуға қолайлы жас туралы да пікір білдірді. Ол осы сауалға келгенде дефектолог-логопед ретіндегі кәсіби тәжірибесі мен ана, әже ретіндегі өмірлік тәжірибесіне ескере отырып қарайтынын айтады. Маманның сөзінше, баланың денсаулығына ата-анасының жасы мен денсаулық жағдайы да әсер етеді. Сондықтан тым ерте де, тым кеш те ата-ана атану оңтайлы шешім емес.
"Менің ойымша, алғашқы баланы дүниеге әкелуге ең қолайлы кезең 23 пен 33 жас аралығы. Өйткені 23 жасқа дейін адамның физикалық, гормондық және психологиялық тұрғыдан ата-ана болуға толық дайындығы қалыптаса қоймауы мүмкін. Ал 30 жастан кейін гормондық фон өзгереді. Кейінгі жаста ата-ана болуға қатысты психологиялық қорқыныш та пайда болуы мүмкін", – дейді Гүлбану Мурадуллаева.
Маманның айтуынша, ата-ана болуды жоспарлағанда адамның жасымен қатар физикалық және психологиялық дайындығын да ескеру маңызды. Ал баланың ерте есейіп, ата-анасына қамқоршы болуы мәселесіне қатысты психолог мұның да екі жағы барын айтады. Оның пікірінше, бәрі тепе-теңдікті сақтай білуге байланысты.
"Мұның бәрі өте жеке мәселе. Қазір, XXI ғасырда, біз балаларымызды шамадан тыс қамқорлыққа аламыз. Соның салдарынан отыздан асқан ересек балалардың өзі он сегіз жастағы жастар сияқты әрекет етеді. Қоғамда инфантилизм (адамның жасына сай ересек бола тұра, ойлауында, мінез-құлқында және әрекетінде балаға тән қасиеттердің сақталуы) белең алып бара жатқандай. Кейбір ересек балалар ата-анасына қайта-қайта жалтақтап, өз бетінше шешім қабылдай алмайды", – дейді маман.
Психологтың пайымдауынша, ата-ананың жасы үлкен болуы баланың жас ерекшелігіне сай дамуына мүмкіндік беруі де мүмкін. Ол баланы үнемі бақылауда ұстамай, өздігінен әрекет етуге үйрету маңызды екенін атап өтті.
"55 жасында дүниеге келген": Ата-анасы жасы келгенде туған қазақстандықтар қиыншылықтарын бөлісті