Трамп Иранмен келісім жасалса да, АҚШ байытылған уранды алып кететінін мәлімдеді

АҚШ Иран аумағындағы жоғары байытылған уранды екі ел арасында бейбіт келісім жасалса да, жасалмаса да АҚШ алып кетіп, жоятынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі NBC News телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мұны Дональд Трамп мәлімдеді.
“Егер келісімге келсек, онда біз дос боламыз және бәрін бірге жүзеге асырамыз. Бұл біздің жабдықтарымыз болады. Біз уранды алып кетіп, жоямыз. Не сол жерде, не басқа жерге шығарып жоямыз”, – деді Трамп.
Ал егер Тегеран мен Вашингтон келісімге келе алмаса, АҚШ Иран мәселесін әскери жолмен өте қатаң түрде шешетінін айтты.
“Біз алдымен осыны жүзеге асырып, сосын ғана уран мәселесіне көшеміз. Қалай болғанда да, біздің қауіпсіздігіміз қамтамасыз етіледі”, – деді Трамп.
Америкалық шенеуніктердің мәліметінше, Иранда шамамен 970 фунт (440 келіге жуық) жоғары байытылған уран бар. Оның негізгі бөлігі Исфахан қаласында сақталған.
Сонымен қатар Трамп тараптар келісімге келуге жақын екенін мәлімдеді. Алайда ол Ираннан ядролық бағдарламадан бас тартуға қатысты қосымша жеңілдіктер күтетінін айтты.
“Олар ядролық қаруға иелік етпейтін болды. Мұнымен өздері келісті. Бұған бәрі риза болды, тек мен ғана толық қанағаттанған жоқпын”, – деді Трамп.
Себебі Трамп келісімге ядролық технологияларды сатып алуға немесе иеленуге тыйым салатын тармақтарды енгізуді талап еткен. Трамптың айтуынша, Иран бұл талапқа бастапқыда қарсылық білдіргенімен, кейіннен келіскен.
АҚШ президенті Иранның қазіргі басшылығын бұрынғылармен салыстырғанда “әлдеқайда парасатты және өте ақылды” деп сипаттады.
Мамыр айының соңында Трамп Ираннан жоғары байытылған уранды АҚШ-қа беруді немесе оны сол жерде жоюды талап еткен еді. Егер уран АҚШ-тан тыс жерде жойылатын болса, бұл процеске Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) немесе осыған ұқсас комиссиялар бақылау жасауы тиіс екенін айтқан.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде Тегеран Вашингтонға байытылған уранды беруге ниетті емес екенін мәлімдеген. Алайда The Wall Street Journal басылымы Иранның уранды үшінші елге шығаруға қарсы емес екенін жазды.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мамыр айының ортасында Мәскеудің байытылған уранды Ресей аумағына шығару жөніндегі ұсынысын талқылауға дайын екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл мәселе Ресей президенті Путинмен кездесу барысында көтерілген.
Өз кезегінде Путин Ресейдің Ираннан байытылған уранды алып кетуге дайын екенін растаған. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе 2015 жылы да жүзеге асырылған. Ресей президенті бастапқыда бұл бастаманы Иран, АҚШ және Израиль қолдағанын, алайда кейін олардың ұстанымы қатаңдай түскенін айтты.
Путин Ресейдің ұсынысы әлі де күшінде екенін айтты. Ал Трамп Иран уранын Ресейге немесе Қытайға шығаруға қарсы екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Иранның Кувейт пен Бахрейнге жеті зымыран ұшырғанын мәлімдеген еді.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек
Оқыңыз