Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық өрт сөндірушілерге оқиға орнына жету үшін көліктерді қағып өтуге рұқсат берілмеді

Шлагбаум өрт сөндіру қызметі
Фото: sb.by

Депутаттар құтқарушыларға зардап шеккендерге тез жетуге кедергі келтіретін жағдайда көліктерді, шлагбаумдарды және басқа да бөгеттерді ашуға немесе зақымдауға құқық беруді ұсынған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты орынсыз деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанада өрт сөндірушілер жолда тұрған көліктің кесірінен оқиға орнына дер кезінде жете алмаған жағдайдан кейін, мәжіліс депутаты Олжас Кұспеков жедел қызметтерге жолды бөгеген көліктерді тарандауға рұқсат беруді ұсынды.

Сондай-ақ сенатор Марат Қожаев Қазақстан қалаларында арнайы техникалардың жүруіне арналған орындардың жеткіліксіз екенін айтты.

Депутаттық сауалға жауап ретінде премьер-министр өртті сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлері қажет болған жағдайда есіктерді, терезелерді, шатырды және басқа да қоршаушы құрылымдарды, соның ішінде шлагбаумдарды ашуға құқылы екенін еске салды. Мұндай шаралар өрттің таралуын болдырмау және оны жою үшін қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, шлагбаумдарды оңай ашу үшін тәулік бойы кезекші қызметкер болуға тиіс немесе қажет болған жағдайда оны қолмен ашатындай механизммен жабдықталуға тиіс.

"Сонымен бірге көлік қозғалысын бөгейтін көлік құралдарын зақымдауға рұқсат беру мәселесі уәкілетті органдар тарапынан орынсыз деп саналады. Өйткені шектеулі жағдайларда кедергілер болған кезде өртті сөндірудің түрлі тәсілдері бар. Тығыз құрылыс аймақтарында өрт шыққан жағдайда әрекет ету алгоритміне сәйкес өрт бөлімшелерімен бірге жолды бөгеген көліктерді мәжбүрлі түрде жылжыту үшін полиция қызметкерлері де барады", – деп жауап берді премьер-министр.

Үкіметтің мәліметінше, полиция қызметкерлері көлік құралдарының талаптарға сай келмейтін жерлерде тұрақтауына жол бермеу үшін тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізеді.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігі көпқабатты тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған арнайы алаңдарды міндетті түрде қарастыруды көздейтін құрылыс нормаларына өзгерістер дайындап жатқанын айтты.

"Көпқабатты тұрғын үйлердің жанында өрт сөндіру техникасын орналастыру үшін арнайы алаңдар салу, яғни кемінде 15 × 6 метр көлемінде, түрлі түсті жол таңбаларымен және арнайы жол белгісін орнату бойынша құрылыс нормаларына түзетулер енгізу мәселесі пысықталып жатыр", – деді премьер-министр.

Еске салайық, бұған дейін депутат адамдарды құтқару үшін тұрғын үйлердегі шлагбаумдарды бұзуға рұқсат беруді ұсынған еді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 12:35