Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат адамдарды құтқару үшін тұрғын үйлердегі шлагбаумдарды бұзуға рұқсат беруді ұсынды

шлагбаумФото: sb.by

Қазақстанда адамды жедел құтқару үшін шлагбаумдарды бұзуға рұқсат беру ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл ұсынысты Үкімет басшысына мәжіліс депутаты Олжас Құспеков айтты. Ол Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі жүйесі мен төтенше қызметтердің кедергісіз жету тәртібін шұғыл қайта қарауды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, соңғы төтенше жағдай адамның тек өрттен емес, құтқарушылардың оқиға орнына дер кезінде жете алмауынан да қаза табатынын көрсетті.

“Бұл мәселе тұрғын үй кешендеріне ғана емес, жеке үйлерге, бизнес нысандарына және адам көп жиналатын орындарға да қатысты. Құтқарушыларға дер кезінде жетуге көбіне жабық қақпалар, ретсіз қойылған көліктер, жұмыс істемейтін өрт гидранттары және жауапты мекемелердің немқұрайлы бақылауы кедергі келтіреді”, – деді депутат.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы өрт пен құтқару жұмыстарына байланысты 93 мыңнан астам шақырту тіркелген. Оның шамамен 62%-ы тұрғын үй секторына тиесілі.

Осылайша депутат мынадай ұсыныстар айтты: 

  • Төтенше қызметтер үшін арнайы өту дәліздерін (Fire Lane үлгісі бойынша) енгізіп, ол жерлерге көлік қоюға тыйым салу;
  • Құтқарушыларға кедергілерді кідіріссіз жоюға рұқсат беру. Демек шлагбаумдарды, қақпаларды ашуға, қажет болса адам өмірін құтқаруға кедергі келтірген көліктерді бүлдіруге мүмкіндік жасау (егер ереже бұзылса, өтемақы төленбейді);
  • Ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарын күшейту, цифрлық бақылау енгізу және түтін датчиктерін хабарлау жүйесіне қосу;
  • Төтенше жағдайлардан мүлікті міндетті сақтандыру тетігін қарастыру.

“Санаулы секундтар шешуші рөл атқарғанда, шлагбаумдар мен көліктер адам өліміне себеп болмауы керек”, — деді Олжас Құспеков.

Оқиғаның мән-жайы

Қайғылы жағдай 12 сәуірге қараған түні Астана қаласындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жедел жеткен. Алайда аулаға кіреберіс жабық болып, көліктер толып тұрған. Ал бір жүргізуші көлігін үйдің ауласына кіретін пандус үстіне қойып кеткен. Салдарынан өрт сөндірушілер техникасы уақытында кіре алмаған. Ал пәтерге кірген кезде, іші толық жанып кеткенін байқапты. 

Өрт сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Қазір жансақтау және терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оған 2-3 дәрежелі күйік шогы диагнозы қойылған. Оқиға орнында кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылған.

Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шыққан.

Өрт толық сөндіріліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.

Кейін өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтірген көлік иесіне 43 250 теңге айыппұл салынды. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 17:59