Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сахнада балағат сөз айтқан рэпер Nurik Smit жауапқа тартылды

Нурик Смит қамалды
Фото: instagram.com/resmismit / Видеодан скриншот

Nurik Smit лақап атымен танымал әнші Нұрғиса Әнуарбеков сахнада балағат сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде түсірілген бейнежазбаны анықтаған. Видеодан әншінің өнер көрсету кезінде әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық орындардағы тәртіп талаптарын бұзғаны байқалады.

Ал Алматы қалалық полициясы жариялаған видеодан кісенделген әншінің полиция бөлімшесіне жеткізілгенін көруге болады.

Құқық қорғау органдары бұл әрекетті ұсақ бұзақылық деп бағалады. Сот шешімімен Нұрғиса Әнуарбековке 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды.

Полиция адамның мәртебесі мен қызметіне қарамастан, қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, айналадағы адамдарға құрметпен қарау баршаға ортақ талап екенін еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы клубтардың бірінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған Кисло-Сладкий лақап атымен танымал рэпер жауапқа тартылғаны хабарланған еді. Полицияның мәліметінше, әртіс клубта дөрекі әрі арандатушы әрекет жасап, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салды.

Полиция адамның мәртебесі мен танымалдығына қарамастан, қоғамдық тәртіпті бұзған кез келген әрекет заң аясында жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 08 Маусым, 2026 15:35