Алматыда рэпер Кисло-Сладкий клубтағы даулы видеодан кейін ұсталды

Алматылық клубтардың бірінде бейәдеп сөздер айтып, шу шығарған Кисло-Сладкий лақап атымен танымал рэпер жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Instagram желісінде Алматыдағы түнгі клубтардың бірінде түсірілген видео тарады.
“Әнші Кисло-Сладкий мекемеде балағат сөздер айтып, дау шығарған. Редакцияға әртістің қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтқан видеосы келіп түсті. Мұндай әрекеттер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық ретінде сараланатынын еске саламыз”, – делінген жарияланымда.
19 мамырда Алматы қалалық полиция департаменті ресми Instagram парақшасында әртісті ұстау сәті түсірілген видеоны жариялады. Видео сипаттамасында “Бейәдеп сөз айтқаны үшін қамалды” деп жазылған.
Полицияның мәліметінше, Алматыдағы түнгі ойын-сауық орындарының бірінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу дерегі тоқтатылған.
“Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері өзін әнші ретінде таныстыратын азаматтың клубта болған кезде әдейі дөрекі әрі арандатушы мінез көрсетіп, әрекетін бейәдеп сөздермен сүйемелдегенін анықтады. Осы арқылы ол қоғамдық тәртіпті бұзған. Болған жағдайды өзі видеоға түсіріп, кейін әлеуметтік желілерде таратқан”, – делінген полиция хабарламасында.
Дерек бойынша құқықбұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды. Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен оған 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
“Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және бұл қоғамға құрметсіздіктің айқын көрінісі. Адамның мәртебесі мен танымалдығына қарамастан, әркім заң талаптары мен қоғамдық орындардағы тәртіп нормаларын сақтауға міндетті.
Эпатаж, арандату және қоғамдық тәртіпті әдейі бұзу арқылы назар аудартуға жасалған кез келген әрекетке қатаң құқықтық баға беріледі. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты өзгермейді: кез келген заңға қайшы әрекет жауапкершілікке әкеп соғады”, – деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел Қызылорда-Павлодар бағытындағы пойызда өзіне мас жолаушы тиісіп, агрессивті әрекет жасағанын мәлімдегені хабарланған еді. Түнде баласымен жалғыз келе жатқан жолаушы полиция шақыруға мәжбүр болған.
Полиция шамамен бес сағаттан кейін келіп, түсініктеме алған. Әйел қатты шаршағанын және баласының қауіпсіздігіне алаңдағанын айтып, бастапқыда шағым жазудан бас тартқанын жеткізді.
Кейін ол қайтадан ресми арыз түсіріп, пойыздағы жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты оқиғаны тексеруді талап етті.
Артынша танымал жайдарманшы айыппұл арқалады.
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек
Оқыңыз