Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдегі жалғыз ұлттық мектеп оқу жылын директорсыз бастады: Ұжым білім ордасында мәселенің шешілмей жатқанына наразы

Абай ұлттық мектебі
Фото: Stan.kz

Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Алматыдағы “Абай ұлттық мектебі” жаңа оқу жылын директорсыз бастады. Мектеп жаңа ғимаратқа 2026 жылдың мамырында көшсе де, ауладағы ағаштар мен көгал қурап кеткен. Ал жоспар бойынша 1 қыркүйекте берілуі керек жаңа жатақхананың құрылысы да аяқталмаған. Мектептегі мәселелерге қатысты оқу орнының түлектері бас көтеріп, ұжым да өз наразылығын білдірді. Елдегі жалғыз ұлттық мектептегі жай-күйді Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

“Абай ұлттық мектебі” – елде ұлттық дәрежесін алған жалғыз білім ордасы. Мектеп-интернатқа 2026 жылдың мамырында жаңа ғимарат пен жатақхана берілген. Ал ашылу салтанатына Сенаттың экс-спикері Мәулен Әшімбаев, қала әкімі Дархан Сатыбалды мен өзге де лауазымды тұлғалар қатысқан. Алайда кейін аудит тексерінен соң 10,4 миллиард теңгенің заңбұзушылықтары анықталған. Тексеріс қорытындысы шілдеде жарияланған соң, директор мен орынбасары өз еркімен қызметтен кетіпті. 

Мектептегі мәселелерді мектеп ұжымы мен түлектері көтерді. Олардың айтуынша, мектепте соңғы жылдары төрт директор ауысқан. Сондай-ақ дәл оқу жылы басталарда министрлік тарапынан жаңа басшы тағайындалмаған. Мұғалімдер сабақ кестесі мен оқу бағдарламасы да кеш бекітілгеніне наразы. Сондай-ақ 24 тамызда мектепте сантехник, бағбан мен аспаз, диетолог сынды 10-нан аса маман керегі туралы хабарландыру жарияланыпты.

Абай ұлттық мектебі
Фото: мектеп ауласы
“Түлек ретінде біз бейжай қарай алмаймыз. Осыдан бір ай бұрын шыққан аудит қорытындысына көңіліміз толмаған.Түсініксіз өзі, елдің бәрі оқып, бұл жерде құдды бір ақша ұрланған сияқты ой қалыптасты. Негізінде ол жай ғана балансқа өтпеген дүниелер еді. Оның үстіне бұл есеп бұқаралық ақпарат құралдарында емес, министрліктің өзінің сайттары, пабликтерінде жарияланды. Сол себептен осы жерге оқуға түсіп тұрған 30-дан астам бала келмей қалды. Өйткені ата-ана баласы үшін алаңдайды. Былай қарасаңыздар, қандай үлкен мектеп, барлық жағдай жасалған, кеше ғана ашылу салтанаты өтті, бүкіл зиялы қауым келді. Қаншама тұлғалар, дүлділдер осы жерден түлеп ұшты. "Ұлттық" деген статус алудың өзі оңай емес. Ол жалғыз мектеп, Абайдың атын иемденіп отыр. Енді бұндай мектепке көңіл аудару керек қой. Басқа 100 мектепті қоя тұрса да, осы мектепке көңіл аудару керек”, – деді Рауан Оқас. 

Рауан Оқастың сөзінше, елде оқу-ағарту министрі ауысса, мектептің де директоры ауысып отырған. Ал жаңа басшылықты тағайындауға министрлікте 2 ай уақыт болды дейді. Әйткенмен Мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгеріс енгізілгеніне байланысты, директор тағайындалмай отыр екен. Әзірге интернат меңгерушісі директордың міндетін атқарып отыр. 

Оқу бағдарламасы мен жатақхана мәселе 

Мектеп-интернатқа жоспар бойынша тағы бір жатақхана салынуы керек болған. Бастапқыда нысан 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп айтылғанымен, құрылыс тұралап тұр. Ал қыздарға арналған жатақханасында ыстық су мәселесі толық шешілмеген көрінеді. 

Абай ұлттық мектебі
Фото: құрылысы аяқталмаған жатақхана

Бұдан бөлек “Абай ұлттық мектебінде” оқу жылы бастала салысымен оқыту бағдарламасы өзгеріп кеткен. Ұжымның пайымдауынша, енді оқушылар ескі бағдарламамен оқуы керек. Әкімшілік қызметіне кіріспегендіктен, оқу жылының сабақ кестесі де толық бекітілмепті. Сондай-ақ аудит қорытындысы жарияланғаннан кейін кей оқушылар мектеп шығып, сыныптар жабылған. 

Оқу-ағарту министрлігі бұл туралы не дейді?

Министрлік желідегі шудан кейін мектептегі жағдай туралы 1 қыркүйекте пікір білдіріп, аудит 2023 жылдың 1 қаңтары мен 2025 жылдың 31 желтоқсаны аралығын қамтығанын айтты. Нәтижесі бойынша құқық қорғау органдарына шешім қабылдау үшін 4 материал жолданды. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжат жіберілген.

Абай ұлттық мектебі
Фото: Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов

Сонымен қатар мектепке оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов келді. Журналистердің сауалына жауап берген ол оқу орнында директордың орынбасарының міндетін атқарушылар тағайындалғанын және оқу процесінің жалғасып жатқанын мәлімдеді. 

“Бүгін тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасарын тағайындаймыз. Мәселе 10,4 миллиард теңгенің ғимаратын директор балансқа алмауынан туындап отыр. Ол – бұрынғы басшылықтың кемшілігі. Бүгін де осы мәселені шешу жеке министрдің жеке бақылауында. Білім беру процесі жүріп жатыр, оқушылар жатақханаларға орналасты. Мамандармен бірге жұмыс істеп жатырмыз”, – деді ол.
Абай ұлттық мектебі
Фото: мектеп макеті

Ал ұлдарға арналған жаңа жатақхана 1 қарашада тапсырылады дейді. Директор мен өзге де әкімшілік құрамды алдағы 2 аптада тағайындау туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар министр Жұлдыз Сүлейменова да мектеп ұжымы және түлектермен жеке кездеспек. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 15:25