Қазақстанға кірудің жаңа ережелері: Электронды рұқсатты кімдер және қалай алуы керек
Енді Қазақстанға визасыз келетін шетелдіктер электронды рұқсат рәсімдеуі керек. FlyArystan әуе компаниясы электронды рұқсатты қалай алуға болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
FlyArystan визасыз режиммен Қазақстанға келетін шетел азаматтарына елге кіруге арналған электронды рұқсат енгізілетінін хабарлады.
"Оны QazETA мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Жаңа кіру ережелері 2026 жылғы 24 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді. Жүйе кезең-кезеңімен іске қосылады. Электронды рұқсат тегін беріледі және 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады. Оны рәсімдеу үшін QazETA қосымшасын жүктеп, тіркеуден және жеке басын сәйкестендіруден өтіп, Қазақстанға жоспарланған сапардан кемінде 72 сағат бұрын өтініш беру қажет. Шекарадан өткен кезде рұқсат рәсімделген паспортты көрсету керек", – деп мәлімдеді FlyArystan баспасөз қызметі.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап рұқсаттың бар-жоғы Ақтау халықаралық әуежайында, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Астана мен Алматы әуежайларында, ал 2027 жылғы 1 наурыздан бастап қалған өткізу пункттерінде тексеріле бастайды.

Бұл кезеңде рұқсаты жоқ шетелдіктердің Қазақстанға кіруіне тыйым салынбайды, алайда оларға құжатты рәсімдеу қажеттігі түсіндіріледі.
"2027 жылғы 1 шілдеден бастап электронды рұқсат міндетті болады. Онсыз Қазақстанға кіруге рұқсат берілмейді. Электронды рұқсат 16 жасқа толмаған балаларға, 65 жастан асқан адамдарға, Қазақстанның жарамды визасы бар азаматтарға, уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетелдіктерге, сондай-ақ әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын транзиттік жолаушыларға қажет емес", – делінген ақпаратта.
Рұқсат алудан босатылған 29 санат қарастырылған. Бұл ретте тиісті мәртебені растайтын құжаттар болуы қажет.
Еске салсақ, осыған дейін 1 қарашадан бастап шетелдіктер Қазақстанға кіру үшін ақылы электронды рұқсат алуға міндеттелетінін жазғанбыз.
Қазақстанда "Ерен еңбегі үшін" медалі кімдерге беріледі, талаптары қандай
Заңға сәйкес, марапат мына салалардағы еңбек жетістіктері үшін беріледі
Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе не өзгереді және кімдердің табысы өседі
Маман: "Қазақстанда ең төменгі жалақыны белгілеудің нақты математикалық формуласы жоқ"