Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрсеннің экс-әйелімен бір дастархан басында отыруға қарсы емеспін – Баян Алагөзова

Тұрсын және Баян Алагөзовтер
Фото: Instagram.com/bayanmaxatkyzy

Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында жұбайы Тұрсен Алагөзовтің бірінші әйелімен қарым-қатынасы туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист одан “Тұрсеннің бірінші жарымен бір дастархан басында отыруыңыз мүмкін бе?” деп сұрады.

Баян Алагөзова мұндай жағдайды жоққа шығармайтынын айтып, арада балалар болғандықтан, бұрынғы өкпе-реніштен гөрі олардың көңілін бірінші орынға қойған дұрыс деп есептейтінін жеткізді.

“Ешқашан “ешқашан” деме дейді ғой. Егер адамдар ажырасқанда айғай-шусыз, дүние бөліспей, ұрыс-керіссіз, төбелессіз, бір-біріне қастық жасамай, мәдениетті түрде айырылыса алса, бәрі әлдеқайда жақсы болар еді. Сондықтан мен ештеңені жоққа шығармаймын. Ол – мен араласатын балалардың анасы. Мен бұған қарсы емеспін”, – деді продюсер.

Продюсер Тұрсен Алагөзовтің ұлы Арсен болашақта шаңырақ көтерсе, оның тойына отбасы болып бірге барғысы келетінін айтты.

“Арсен ертең үйленуі мүмкін. Ол қазірдің өзінде ересек азамат. Сондай күні күйеуімнің менен бөлек барғанын қаламас едім. Біз ұзақ жылдан бері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеміз. Мен де Арсеннің тойына отбасының толыққанды мүшесі ретінде қатысқым келеді. Оның анасының да сол жерде болғанын, бәріміздің бір-бірімізбен қалыпты, мәдениетті қарым-қатынас жасағанымызды қалаймын. Балаларды “мынау әкесінікі, мынау анасынікі” деп бөлу мүмкін емес. Олар – екеуіне де ортақ бала”, – деді ол.

Продюсер дәл осындай ұстанымды Айарудың болашақ тойына қатысты да айтты. Оның сөзінше, балалар ата-анасының арасындағы қарым-қатынас үшін өзін кінәлі сезінбеуі керек.

“Ертең Айарудың тойында да бүкіл отбасының түгел болғанын қалар едім. Ешқандай түсініспеушілік болмаса екен деймін. Мен бұған тек қолдау білдіремін. Ертең бәріміз қартайамыз, ешкім мәңгілік емес. Балалардың әкесіне немесе анасына барған сайын ақталып, өзін кінәлі сезінгенін қаламаймын. Олардың анасының алдында белгілі бір кінә сезімі бар екенін білемін. Мен соның болғанын қаламас едім. Өткен – сағым. Барлық өкпе-ренішімді, көрген қиындығымды жіберемін. Мен тек бейбітшілік пен татулықты қолдаймын. Сондықтан есігіміз ашық”, – деді Баян Алагөзова.

Сөз соңында продюсер өткенге өкпе артпайтынын және бұрынғы реніштердің бәрін артта қалдыруға дайын екенін жеткізді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 19:21