"Тірі өлікке айналдым": Ләйсира Марат Тұрсен Алагөзовпен ажырасқаннан кейінгі ауыр кезеңі туралы айтты

Кәсіпкер Тұрсен Алагөзовтің бұрынғы жары Ләйсира Марат ажырасқаннан кейінгі жан күйзелісін ашық баяндады. Ол “Вслух о личном” подкастында бұл кезеңнің өзі үшін ғана емес, ата-анасы үшін де үлкен сынақ болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ләйсира Мараттың сөзінше, отбасылық өмірі аяқталғаннан кейін ол өте ауыр психологиялық күйге түскен.
“Шынымды айтсам, сол кезде тірі өлікке айналдым деуге болады. Тіпті өмір сүргім келмеген сәттер де болды. Қазір есімді жиып, сол кезеңге қарап отырып, ата-анам үшін оның нағыз тозақ болғанын түсінемін. Ешбір ата-анаға баласының мен бастан өткерген жағдайға тап болуын тілемеймін”, – деді ол.
Оның айтуынша, адамның қабылдаған шешімі мен жасаған әрекетінің салдары тек өзіне емес, балаларына және жақындарына да әсер етеді.
ОқыңызЛәйсира Марат бұрынғы жұбайымен арадағы қарым-қатынас туралы сөз қозғағанда барынша абай болуға тырысатынын жеткізді. Өйткені олардың ортақ екі баласы бар.
“Балаларымыз үлкен махаббаттан дүниеге келді. Сол махаббаттың жылуы олардың бойында бар. Олар – көрікті, ақылды, тәрбиелі әрі дені сау балалар. Оларға әке болатын адамды мен өзім таңдадым. Бұл – менің таңдауым. Мен одан бас тартпаймын және сол шешіміме жауапкершілікпен қараймын”, – деді ол.
Ләйсира Марат сол кездегі сезімнің шынайы болғанын да ашық айтты. Ол кейінгі қиындықтарға қарамастан, сол махаббат олардың өмірінде болғанның бәрін белгілі бір деңгейде ақтайды деп есептейді.
Еске салайық, бұған дейін Ләйсира Марат режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жұбайына қолдау білдіргені хабарланған еді. Кәсіпкер Назира Бақаеваны түсінетінін айтып, енді олар үшін жаңа кезең басталатынын жазған.
“Біз бармыз! Біз аман қалдық, демек жаңа кезең басталды. Бұл – жарық пен махаббатқа толы екінші өмір!” – деп жазған ол.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді