Алматының 1,5 миллион тұрғыны аптап ыстықтың зардабын тартып отыр
Алматы халқының 64%-ға дейіні жылу қаупі жоғары және сыни деңгейдегі аумақтарда өмір сүреді. Қаланың кей бөліктерінде жер бетінің температурасы шілдеде +75°C-қа дейін жеткен. Мамандар мұндай ыстықтың жүрек-қан тамырлары аурулары, сусыздану және ұйқының бұзылуы қаупін арттыратынын ескертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Cool Almaty жобасының зерттеушілері Landsat 8 спутниктік түсірілімдері арқылы қаланың "жылу аралдарын" зерттеу нәтижесінде келген. Алматы тұрғындарының 64%-ға дейіні 1,5 миллионнан астам адам жылу қаупі жоғары және сыни деңгейдегі аумақтарда тұрады.
Зерттеушілер Алматыдағы жер бетінің температурасын, яғни асфальттың, ғимарат шатырларының, топырақтың, судың және өсімдіктердің қаншалықты қызғанын талдаған. Авторлар бұл көрсеткіш адам сезінетін ауа температурасын емес, дәл жер бетінің қызуын көрсететінін атап өтеді. Дегенмен жер бетінің температурасын қаланың ең қатты қызып жатқан учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді.
2025 жылғы шілдедегі спутниктік түсірілім бойынша Алматыдағы жер бетінің температурасы +44-тен +75°C-қа дейін болған. Ең жоғары көрсеткіштер +68-75 °C негізінен қаланың орталық және солтүстік бөліктерінде тіркелген. Бұл аумақтарда тығыз көпқабатты құрылыс, өндірістік нысандар, көлік магистральдары және үлкен асфальтталған алаңдар көп.
Ең қатты қызатын нысандардың қатарында қара түсті жалпақ шатырлары және үлкен автотұрақтары бар ірі ғимараттар бар. Зерттеуде Mega Alma-Ata, Aport Mall East, Dostyk Plaza, Grand Park, "Атакент", "Мерей" сауда нысандары, сондай-ақ барахолка мен "Жетісу" базарының аумағы аталған.
Бұдан бөлек, Бурундай көшесіндегі өндірістік және қойма аумақтары, әуежай мен Іле трактісі маңы, Қазыбаев көшесі ауданы және Алатау ауданындағы Astana Motors кешені де қатты қызатын аумақтарға жатады.
Алайда жеке сауда орталығы немесе қойма ғимаратының ыстық болуы міндетті түрде адамдарға жоғары жылу стрессін білдірмейді. Негізгі қауіп қатты қызатын аумақтар халық тығыз орналасқан және адамдар көп уақыт өткізетін жерлермен сәйкес келген кезде пайда болады. Оларға тұрғын кварталдар, аулалар, аялдамалар, мектеп аумақтары мен жаяу жүргіншілер бағыттары жатады.

Зерттеушілер Алатау, Жетісу және Түрксіб аудандарында жылу жүктемесінің сыни деңгейін анықтаған. Бұл аудандарда жалпы саны шамамен 867 мың адам немесе Алматы халқының 37%-ы тұрады. Мұның негізгі себептері ретінде өндірістік және қойма аймақтарының, теміржол инфрақұрылымының көп болуы және жасыл желектің жеткіліксіздігі аталады.
"Жылу стрессі халықтың жекелеген топтарына ғана емес, қаланың тұрғындарының басым бөлігіне әсер етеді. Оның ішінде балалар, қарттар және созылмалы аурулары бар адамдар ерекше осал", – дейді зерттеу авторлары.
Олардың айтуынша, жоғары температураның ұзақ уақыт әсер етуі жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының қаупін арттырып, жылу әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар күндіз жиналған жылудың ғимараттар мен жолдар арқылы түнде қайта бөлінуі ұйқы сапасын нашарлатады. Қайта керісінше, күннің астында жұмыс істейтін құрылысшылар, сатушылар, курьерлер және басқа да жұмысшылар үшін қызып кету мен сусыздану қаупі жоғары.
Алматының оңтүстіктегі тау бөктеріне жақын бөлігінде жер бетінің ең төмен температурасы +44-60°C аралығында. Бұл аумақтарда саябақтар, орман алқаптары және табиғи өсімдіктер көбірек.
Спутниктік мәліметтер өсімдік жамылғысы неғұрлым көп болса, жер бетінің қызуы соғұрлым төмен болатынын көрсетеді. Саябақтар, скверлер және көшелер бойындағы ағаштар жергілікті деңгейде салқындату әсерін қалыптастырады. Осындай әсерді Сайран көлі мен Family Park та береді. Алайда олардың аумағы айналасындағы тығыз құрылыстың қызуын толық өтеуге жеткіліксіз.
Зерттеу авторлары Алматының алдағы даму жоспарларында қалалық жылу аралдарын міндетті түрде ескеру қажет деп санайды. Тығыз салынған аудандарда қолданыстағы жасыл аймақтардың өзі жолдар, асфальт және ірі ғимараттардың әсерінен салқындату мүмкіндігін толық пайдалана алмайды.
Сондықтан көгалдандыру, су нысандары және басқа да салқындатушы кеңістіктерді жай ғана абаттандыру элементі емес, қаланың маңызды инфрақұрылымының бір бөлігі ретінде қарастыру қажет.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатқанын жазған едік. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған. Синоптиктер өңірде күндіз ауа температурасы +40…+45 градусқа дейін көтерілетінін болжап, тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпауға кеңес берген.
Қазақстанда жалдамалы пәтер бағалары шарықтады: Маман оған не себеп болғанын айтты