Шымкентте ыстыққа шыдамаған термометрлер істен шықты: Қалада өрт сөндіру көліктері ауаны салқындату үшін су шашып жүр

Шымкентте күннің аптап ыстығында көшедегі термометрлер 60 градустан асатын көрсеткішті тіркеп жатыр. Қазақстанның оңтүстігін қамтыған аптап ыстық тұрғындардың күнделікті өмір салтын өзгертуге мәжбүрледі. Тіпті қаладағы температураны түсіру үшін өрт сөндіру көліктері көше мен аулаларда су шашуды бастаған.
Otyrar арнасының мәліметінше, ашық күннің астында небәрі 15 минут тұрған термометр алдымен 49 градусты көрсеткен. Алайда бірнеше секундтан кейін аптап ыстыққа шыдамай істен шыққан. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қаладағы көше термометрі шамамен 66 градусқа дейін көтерілгені көрсетілген видеолар кеңінен таралып жатыр.
Жедел медициналық жәрдем қызметінің мәліметінше, шақыртулар саны артпаған. Күніне орта есеппен 2300 шақырту тіркеледі. Алайда олардың сипаты өзгерген. Соңғы күндері созылмалы аурулары бар, қан қысымы көтерілген, жүрек-қан тамырлары және өкпе ауруларына шалдыққан адамдар жиі көмекке жүгінуде. Дәрігерлер мұндай ауа райында күн астында ұзақ уақыт болмауға кеңес береді.
"Маңызды шаруаларды таңғы сағат 11:00-ге дейін аяқтаған дұрыс. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін үйде немесе көлеңкеде болған жөн. Міндетті түрде бас киім киіп, жеткілікті мөлшерде су ішу қажет. Егер адамның жағдайы нашарласа, оны салқын жерге кіргізіп, су беріп, маңдайына салқын компресс қойған дұрыс. Бірақ бірден кондиционердің астына апаруға болмайды, денені біртіндеп салқындатқан жөн", – дейді жедел медициналық жәрдем станциясының №4 қосалқы станциясының меңгерушісі Жанат Әбілданова.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері де оңтүстік өңірлерде аптап ыстық сақталады. Жауын-шашын күтілмейді, ауа температурасы жоғары деңгейде болады.
"Қазақстанның оңтүстік және шығыс өңірлеріне Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі ыстық ауа массалары келуін жалғастырады. Соның әсерінен жауын-шашынсыз ыстық ауа райы сақталады. Күндіз еліміздің оңтүстігінде ауа температурасы 40-45 градусқа дейін, ал шығысында 33-38 градусқа дейін көтеріледі", – деді синоптик-инженер Ақнұр Айтбаева.
Қаладағы аптап ыстыққа байланысты коммуналдық қызмет пен өрт сөндіру көліктері аулалар мен көшелерде су шашуды бастаған.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме