Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға оқушылардың тамақтануына қатысты үндеу жасады
Денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларының күнделікті рационында қандай өнімдер болуы керектігін айтып, ата-аналарға пайдалы әдеттерді қалыптастыруға қатысты кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік Instagram парақшасында оқушының күнделікті тамақтануын таңғы ас, тіскебасар, түскі ас, бесіндік және кешкі ас түрінде ұйымдастырудың үлгісін ұсынды.
"Мектеп жасы баланың белсенді өсіп, дамитын кезеңі. Сондықтан толыққанды әрі теңгерімді тамақтану аса маңызды. Ол баланың күні бойы күш-қуатын сақтап, зейінін шоғырландыруына және жұмысқа қабілетті болуына көмектеседі", – деп түсіндірді ведомство.
Министрлік оқушының күнделікті рационында мына өнімдер болуы керек екенін атап өтті:
- көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну;
- сүт және қышқыл сүт өнімдері;
- ақуыз көздері – ет, балық, жұмыртқа және бұршақ тұқымдастар;
- тұтас дәнді дақылдардан жасалған өнімдер;
- жеткілікті мөлшерде су ішу керек.
Сонымен қатар құрамында қант, тұз және қаныққан май мөлшері жоғары өнімдерді, тәтті газдалған сусындарды және ультраөңделген тағамдармен жиі тіскебасар жасауды шектеу ұсынылады.
"Баланың не жейтіні ғана емес, қалай тамақтанатыны да маңызды. Тамақтану тәртібін сақтау, дастархан басындағы тыныш орта және ата-ананың жеке үлгісі пайдалы әдеттердің қалыптасуына ықпал етеді", – деп ата-аналарға үндеу жасады Денсаулық сақтау министрлігі.
Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы оқушылардың күнделікті тамақтану режиміне қатысты ұсыныстарын жариялады.
Мамандардың айтуынша, таңғы ас 07:00-08:00 аралығында болғаны дұрыс. Оған ботқа, жұмыртқа мен жеміс, нан мен ірімшік немесе жұмыртқа қосылған көкөніс, сондай-ақ қоспасыз табиғи йогурт, сұлы жармасы мен жидек немесе жеміс қосуға болады. Егер таңертең баланың тәбеті төмен болса, порция көлемін азайтуға рұқсат етіледі.
10:00-11:00 аралығында, егер түскі асқа дейін уақыт ұзақ болып, бала қарны ашса, аралық ас ішуге болады. Мұндай жағдайда жеміс пен йогурт, шағын сэндвич, банан мен аздап жаңғақ немесе қытырлақ нан мен ірімшік ұсынылады. Ал шырын мен печенье сияқты тағамдар бос қанттардың көзіне айналуы мүмкін.
12:00-14:00 аралығындағы түскі ас оқушының негізгі тамақтану уақыттарының бірі саналады. Сондықтан оның құрамында көкөніс, ақуыз көзі және гарнир болғаны жөн. Ақуыз ретінде ет, құс еті, балық, жұмыртқа немесе бұршақ тұқымдастарды, ал гарнир ретінде жарма, макарон, картоп және басқа өнімдерді таңдауға болады. Бұл уақытта су ішуді де ұмытпаған маңызды.
Күні бойы баланың жеткілікті мөлшерде су ішуіне көңіл бөлу қажет. Мамандар шөлді басудың ең дұрыс жолы кәдімгі су екенін атап өтеді. Тәтті сусындар, шырындар мен тәтті шай судың орнын алмастырмауы керек.
Кешкі асты шамамен 19:00-де ұйымдастыруға болады. Ол міндетті түрде жеңіл тағамнан тұруы шарт емес. Мысалы, балықты жарма және көкөніспен, тауық етін картоп пен салатпен, ал бұршақ тұқымдастарды күріш және көкөніспен бірге ұсынуға болады.
Мамандар оқушының тамақтану режимін көбіне таңғы асты өткізіп алу, үзілісте тек тәтті тағамдармен шектелу, мектептен кейін қатты ашығу және үйге келген соң бірден көп тамақ жеу бұзатынын атап өтті. Орталықтың мәліметінше, басты мақсат мінсіз мәзір құру емес, баланың күні бойы уақытылы тамақтанып, жеткілікті су ішіп, әртүрлі өнімдерді тұтынуын қамтамасыз ету. Дұрыс тамақтану бір ғана пайдалы өнімге емес, оқушының бүкіл күн бойындағы тамақтану тәртібіне байланысты.
Еске салайық, бұған дейін былтыр денсаулық сақтау министрлігі мектеп оқушыларының тамақтануын жақсартуға бағытталған жаңа мәзір стандарттарын әзірлеген еді. Жаңа мәзірде қант пен тұз мөлшерін азайтып, газдалған сусындарды итмұрын шырынымен, майлы тұздықтарды жеңіл қаймақпен алмастыру ұсынылды. Сондай-ақ оқушыларға жылқы еті, көкөніс салаттары, пробиотикалық йогурт және жент сияқты тағамдар енгізілмек болды. Жаңашылдық ДДСҰ ұсыныстарына негізделіп, балалар арасындағы артық салмақ пен семіздік қаупін азайтуға бағытталды.
Елдегі жалғыз ұлттық мектеп оқу жылын директорсыз бастады: Ұжым білім ордасында мәселенің шешілмей жатқанына наразы
