Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаштың мексикалық жанкүйерлеріне Қазақстаннан 60 кітап жеткізілді

Димаштың мексикалық жанкүйерлері
Фото: Dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы жанкүйерлеріне Алматыдан арнайы 60 кітап жеткізілді. “Алматы кітап” баспасынан жарық көрген “Шексіз музыка” туындысы 29 тамызда Қазақстанның Мексикадағы елшілігінде жергілікті Dears қауымдастығына табысталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dimashnews-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Кітаптарды табыстау рәсіміне Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, елшілік қызметкерлері, кеңесші Ерлан Кубашев және Димаштың мексикалық жанкүйерлері қатысты. Елші өнер иесінің шығармашылығына ерекше ықылас танытып, Қазақстанға қызығушылық білдіріп жүрген тыңдармандарға алғысын жеткізді.

Бұл бастама Димаштың Мексикада өтетін концерттері қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Қараша айында қазақстандық әнші Мехико, Мерида, Монтеррей және Гвадалахара қалаларында өнер көрсетеді. Концерттерге Мексикадан бөлек, Латын Америкасының өзге елдерінен де жанкүйерлер келеді деп күтіліп отыр. 

Димаштың мексикалық жанкүйерлері
Фото: Dimashnews.com

Осыған орай Қазақстанның Мексикадағы елшілігі еліміздің мәдениеті мен тарихын жергілікті жұртқа кеңірек таныстыруды жоспарлап отыр. Димаш концерт беретін төрт қалада Қазақстанға арналған фотокөрмелер ұйымдастыру көзделген. Бұл бастамаға әншінің жергілікті жанкүйерлері де қолдау білдірген.

Кездесу барысында Алмұрат Тұрғанбеков Қазақстандағы қазіргі өзгерістер туралы айтып, екі ел арасындағы достық байланысты одан әрі нығайтудың маңызына тоқталды.

Дипломаттың айтуынша, мәдени байланыс Қазақстан мен Мексика халықтарын жақындастыратын маңызды көпір бола алады. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған тыңдарманы бар Димаштың шығармашылығы шетелдік аудиторияның Қазақстанға, оның мәдениеті мен өнеріне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Димаштың мексикалық жанкүйерлері
Фото: Dimashnews.com

 

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 17:18