Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектеп пе, сән көрсетілімі ме?": 1 қыркүйектегі аналардың киімі желіні шулатты

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Биылғы Білім күнінде әлеуметтік желіде оқушылар ғана емес, олардың аналары да қызу талқыға түсті. Әсіресе мерекелік жиынға ерекше сәнденіп келген аналардың образы жұрт назарын аударып отыр. Қысқа белдемше, биік өкше мен ашық киім таңдаған аналардың суреттері желіде тарап, көпшіліктің пікірін екіге бөлді. Stan.kz Білім күнінде талқыға түскен аналардың образдарына шолу жасады.

Threads және өзге де әлеуметтік желілерде мектеп ауласына қысқа белдемше, биік өкше, корсет үлгісіндегі киімдер мен ашық көйлек киіп келген аналардың суреттері тарады. Бірі мұндай образды мерекелік көңіл күйдің көрінісі деп қабылдаса, енді бірі мектептегі шараға барғанда киімнің орны мен жағдайын ескерген жөн деп есептейді.

Пікір білдірушілердің бір бөлігі “адам қалағанынша киінуге құқылы” деген ұстанымда. Олардың айтуынша, әйелдің жас әрі әдемі көрінуге ұмтылуынан оғаштық іздеудің қажеті жоқ.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Ал қарсы тарап мектептегі салтанатты жиын ең алдымен балаларға арналғанын айтып, ата-ананың тым көзге түсетін киімі негізгі назарды басқа жаққа бұрып жіберетінін алға тартты.

“Әйелдер әдемі дау жоқ. Бірақ киімдері бұл жерге онша сәйкес келмейді. Мектепке сәл ұстамдырақ киініп келуге болар еді. Кейбір мекеме мен ортада жазылмаған дресс-код сақталуы керек деп ойлаймын”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Тағы бір пікір иесі мәселе адамның сырт келбетінде емес, киімде екенін алға тартқан.

“Өте жақсы бір сөз бар – “орындылық”. Ол киімге де, жүріс-тұрысқа да қатысты”, – дейді ол.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Талқыға бала кезінде осындай жағдайды бастан өткергенін айтқан қолданушы да қосылды. Оның сөзінше, анасының тым ашық киінуі кезінде өзіне ыңғайсыздық тудырған.

“Осындай ананың баласы ретінде айтайын, мен қатты қысылатынмын. Анам өте қысқа немесе ішінен көрініп тұратын киіммен жүргенде маған ыңғайсыз болатын”, – деп жазды ол.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Пікірлер арасында әзіл аралас сын да жетерлік.

“Шара жарты сағатқа ғана созылады. Кейін бәрі үйлеріне тарайды. Сонда осынша сәнденудің бәрі Instagram үшін бе?”, “Бұл аналар баласының тойына да ақ көйлек киіп келетін шығар”, – деп таңғалған қолданушылар да болды.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Тағы бірі кей аналардың өзін оқушы қыздай көрсетуге тырысатынын әжуа етті.

“Сол баяғы “жасым 36-да, бірақ 15-тегідей көрінемін, мектепке барсам, бәрі баламның сыныптасы деп ойлап қалды” дейтіндер ғой”, – деп жазды ол.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Ал кей қолданушылар мектептегі мерекеге сәнді киінудің өзіне қарсы емес екенін, мәселе образдың тым ашық болуында екенін атап өтті.

“Сұлулық пен сымбатты міндетті түрде ашық киіммен көрсету шарт емес. Оны әлдеқайда орынды образбен де көрсетуге болады”, – дейді пікір иелерінің бірі.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Үш ұл тәрбиелеп отырғанын айтқан тағы бір әйел мұндай образдардың мектептен гөрі мейрамхана немесе көңіл көтеру орындарына көбірек келетінін жазған.

“Аналардың әдемі әрі сымбатты көрінгісі келетіні түсінікті. Бірақ мектептегі мерекеге мұндай киім мүлде үйлеспейді. Осындай образдарды мейрамханаға немесе клубқа таңдаған дұрыс”, – деп пікір білдірді ол.

Білім күніндегі аналардың киімі
Фото: Threads / Скриншот

Қызығы, пікірталасқа аналардың өздері де қосылған. Бірқатары мерекелік күн болған соң әдеттегіден сәндірек киінгенін жасырмайды. Ал кей қолданушылар үшін мәселе киімнің ашықтығында емес, оның нақты ортаға қаншалықты үйлесетінінде болып отыр.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 14:57