Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта МИБ төрағасының үй қасбетіне қатысты міндеті айтылды

Мырзуан
Фото: ҚР Жоғары Соты

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) төрағасының міндеттері сөз болды. Сотта маман ретінде жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова көпқабатты үйдің қасбетін қарап-тексеру тәртібін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Медетованың айтуынша, МИБ төрағасының міндеттері "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңмен және кондоминиум объектісін басқаруға қатысты нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Сотта сарапшы көпқабатты үйдің қасбеті кондоминиумның ортақ мүлкіне жататынын, яғни ортақ мүлік құрамына кіретінін растады.

Оның сөзінше, МИБ төрағасы немесе үйді басқарушы субъект үй кеңесінің мүшелерімен бірге кондоминиумның ортақ мүлкін қарап, түгендеу тізімін және қарап-тексеру актісін жасайды. Бұл тізімге үйдің қасбеті де кіреді. Алайда маман МИБ төрағасына үйдің техникалық жағдайын кәсіби тұрғыда бақылау міндеті тікелей жүктелмегенін атап өтті. 

"Ережеде төраға техникалық бақылау жүргізуге міндетті деп көрсетілмеген. Үй кеңесінің мүшелерімен бірге қарап-тексеру жүргізеді. Яғни бұл техникалық тексеру емес, қарап-тексеру", – деді ол.

Қызғалдақ Медетованың түсіндіруінше, МИБ төрағасынан арнайы техникалық білім талап етілмейді. Сондықтан МИБ төрағасы үйдің немесе қасбеттің техникалық жағдайын кәсіби маман ретінде бағалауға міндетті емес. Алайда қарап-тексеру кезінде қасбеттен немесе үйдің басқа бөлігінен ақау анықталса, мәселе меншік иелерінің жиналысына шығарылуы керек.

"Егер қандай да бір ақау анықталса, оны жиналысқа шығару қажет. Мақсатты қаражат жинау, күрделі жөндеу жүргізу немесе техникалық зерттеу жасату мәселесі көтерілуі мүмкін. Бұл жұмысты ұйымдастыру қажет", – деді Медетова.

Оның айтуынша, мұндай бастаманы МИБ төрағасымен қатар үй кеңесінің мүшелері де көтере алады. Қажет болған жағдайда тұрғындар ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізу, сондай-ақ арнайы техникалық зерттеу жасату туралы шешім қабылдайды.

Сотта ортақ мүлікті қарап-тексеру қаншалықты жиі жүргізілуге тиіс деген мәселе де көтерілді. Медетова нормативтік актіде "жылына бір рет" немесе "жылына екі рет" деген нақты мерзім көрсетілмегенін айтты. Алайда қарап-тексеру нәтижесінде жасалған құжаттар жылдық шығындар сметасын әзірлеуге негіз болатындықтан, оның түсіндіруінше, мұндай жұмыс кемінде жылына бір рет жүргізіледі. Қажет болған жағдайда оны жыл ішінде бірнеше рет өткізуге болады.

Еске салайық, Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі өтіп жатыр. Ұлдана 2025 жылғы қарашада тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған кезде көпқабатты үйдің қасбеті опырылып, ауыр жарақат алған. Кейін ол ауруханада көз жұмды.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 12:08