Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуанға қатысты сот: Сараптама үйдің 2017 жылдан бері бұзылып тұрғанын анықтаған

сот
Фото: Видеодан скрин

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот жалғасып жатыр. Отырыста мүлік иелерінің бірлестігі төрағасы Сауле Жұбаниязованың адвокаты істі прокурорға қайтаруды және қосымша сараптамалар тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қорғаушы құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, ғимарат конструкциясының опырылуына мүлік иелері бірлестігінің салғырттығы емес, үй салынған кезден бері кеткен жүйелі құрылыс кемшіліктері себеп болған.

Сараптама қорытындысында:

  • Құрылыс ақаулары: жобада қарастырылған монолитті армопоястар мен арматуралық торлар болмаған. Сонымен қатар кірпіш қалау сапасыз жүргізіліп, кей жерлерде жіктер бос қалған;
  • Ақаулардың тарихы: алғашқы жарықтар мен қаптаманың жекелеген бөліктерінің бұзылғаны 2017 жылы, яғни сотталушы бұл қызметке кіріспей тұрып-ақ тіркелген.

Адвокаттың айтуынша, сарапшы мүлік иелері бірлестігі төрағасының әрекеті немесе әрекетсіздігі және адамның қаза болуы арасында тікелей байланыс бар екенін анықтай алмаған.

“Тергеу үйді салған құрылыс компаниясының, техникалық және авторлық қадағалау мамандарының,  жобалау ұйымының жауапкершілігін де қарастыруы керек.Сонымен қатар, Жұбаниязова бұл ақауды өздігінен анықтай алды ма, мүлік иелері бірлестігінде оны жоюға жеткілікті қаражат болды ма осыны анықтау қажет. Сонымен қатар мұндай мәселені шешу үшін тұрғындардың жалпы жиналысының келісімі керек болды ма, жоқ па деген сұраққа да жауап берілуі тиіс. Онсыз қылмыс құрамы бар-жоғын анықтау мүмкін емес”, — деді адвокат.

Қорғау тарапы соттан қосымша құрылыс-техникалық және қаржылық-экономикалық сараптама тағайындауды сұрады. Сонымен қатар үйді пайдалануға беру құжаттарын сұратып, істі анықталған заңбұзушылықтарды жою және қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтаруды өтінді.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 26 Тамыз, 2026 11:49