Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәтер мен көлік сатып алғанда нені ескеру керек? Сарапшы қазақстандықтарға маңызды кеңес берді

Көлік пәтер құжат
Фото: magnific.com

Алматылық сарапшы, "Қазақстан тұтынушылар ұлттық лигасы" РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский пәтер мен көлік сатып алар кезде төлем жасамас бұрын құжатты тексеріп, сатушының берген уәдесін ресми құжатта бекітіп алып, ауызша келісім жасамау керегін айтты.  

Сарапшының айтуынша, жұрттың көбі жылжымайтын мүлік пен көлікті ең қымбат дүниенің қатарына жатқызады. Сондықтан құжатты рәсімдеу кезінде кеткен аз ғана қателіктің өзі едәуір шығынға алып келуі мүмкін. Василий Романовский шартқа қол қоймай тұрып осындай шығынды ептеп азайтуға болатынын айтты.

Пәтер сатып алған кезде меншік құқығын растайтын құжатты, нысанның алаңы мен жоспарын, кепілдің, тыйым салудың, қамауға алу мен сатуға қойылған басқа да шектеудің бар-жоғын тексеріп алу қажет. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікке қатысты қандай да бір берешектің бар-жоғын да алдын ала анықтап алған жөн. Пәтердің барлық маңызды сипаттамасы – мекенжайы, алаңы, құны, тұрғын үйдің жағдайы, оны беру мерзімі, жиынтықталуы, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті жаңа меншік иесіне бергенге дейін пайда болған берешекті өтеу бойынша сатушының міндеттемесі тікелей шартта көрсетілуі тиіс. 

"Адамға бір пәтер немесе бір жоспар көрсетіліп, ал шартта басқа сипаттама көрсетілген жағдайлар болған. Сондықтан тек сатушының сөзіне немесе жарнамалық материалдарға сүйенуге болмайды, мәліметтерді құжаттармен салыстыру қажет. Сатушының барлық маңызды уәделері шартта жазбаша түрде көрсетілуі тиіс. Егер олар құжатта болмаса, кейін өз құқығыңызды дәлелдеу сізге қиынға түседі", – дейді Василий Романовский.

Мамандар құрылысы әлі аяқталмаған үйден тұрғын жай сатып алғанда ерекше сақ болу керегін айтты. Құрылыстың кешігуі немесе тоқтап қалуы, құрылыс салушының банкротқа ұшырауы, сондай-ақ пәтердің алаңы, әрлеуі мен басқа да мәлімделген сипаттаманың өзгеруі сияқты қауіп бар.

Сондай-ақ қаражат салмас бұрын сатып алушы құрылыс салушының өзін, нысанға қатысты құжаттар мен мәміле талаптарын тексеруі керек. Бұл ретте менеджерлердің, мысалы, үйді пайдалануға беру мерзімі, әрлеу жұмысы немесе жиынтықталуы жөніндегі уәдесі де жазбаша түрде бекітілуі тиіс.

Егер пәтерді сатып алғаннан кейін мәселе анықталса, мамандар ең алдымен оны растайтын құжаттарды жинауға кеңес береді. Оларға ауыртпалықтар туралы мәліметтер, берешек туралы ақпарат, есептегіш көрсеткіштері, тұрғын үйдің қабылдап алған кездегі жағдайын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдер жатады. Осыдан кейін сатушыға бұзушылықты жою, берешекті өтеу, келтірілген шығынды өтеу немесе шартты бұзу сияқты нақты талап көрсетілген жазбаша наразылық жолданады. "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңның 42-4-бабына сәйкес, сатушы талаппен келіспеген жағдайда 10 күнтізбелік күн ішінде дәлелді жазбаша жауап беруі тиіс.

Автокөлікті салоннан сатып алар кезде де көп жайтқа назар аудару қажет. Қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймас бұрын сатып алушы VIN-нөмірін, көліктің кузовын, жүрісін, мәлімделген жиынтықталуын, құжаттары мен сыртқы зақымдардың бар-жоғын салыстырып тексеруі керек. Егер ақау табылып жатса, оларды актіде жазбаша түрде тіркеу қажет.

Сатып алғаннан кейін өндірістік ақау анықталған жағдайда дилерге ауызша жүгінумен шектелуге болмайды. Сатушыға автокөліктің маркасы, VIN-нөмірі, жүріс көрсеткіші, ақаудың анықталған күні, оның сипаттамасы мен сатып алушының нақты талабы көрсетілген жазбаша наразылық жіберу қажет.

"Автокөлікті сервиске тек тапсырыс-наряд немесе акт бойынша беру керек. Онда көлік иесі шағымданып отырған нақты ақау көрсетілуі тиіс. Шартты, сервистік кітапшаны, диагностика нәтижелерін, фотосуреттер мен сатушымен болған барлық хат алмасуды сақтау қажет. Кейін дау туындаған жағдайда дәл осы құжаттар ақаудың қашан пайда болғанын және дилердің сатып алушының өтінішіне қалай әрекет еткенін дәлелдеуге көмектеседі. Сондықтан мұнда құжатпен тіркеу өте маңызға ие", – деп атап өтті спикер.

Заң талапқа сай емес сападағы автокөлік сатып алған жағдайда ақауларды тегін жою, тауардың бағасын төмендету, жөндеуге кеткен шығындарды өтеу, ал заңда белгіленген жағдайларда автокөлікті ауыстыру немесе ақшаны қайтеру сияқты сатып алушының құқығын қорғаудың бірнеше жолын қарастырады.

Автокөлік техникалық күрделі тауар санатына жататындықтан, оны ауыстыру немесе ақшаны қайтару мүмкіндігі, атап айтқанда, елеулі ақаудың болуына байланысты. Мұндай ақауға қайталанатын бұзылулар, ұзақ уақыт жөндеуде тұру, автокөлікті пайдалану мүмкіндігінің болмауы және басқа да жағдайлар жатады. Василий Романовскийдің айтуынша, елеулі ақау болған жағдайда заң бойынша ақшаны қайтару үш жұмыс күні ішінде, ал автокөлікті ауыстыру 30 жұмыс күні ішінде жүргізілуге тиіс.

Қолданылған автокөлікті жеке тұлғадан сатып алған жағдайда бөлек ережелер қолданылады. Егер сатушы қарапайым азамат болып, автокөліктерді кәсіпкерлік мақсатта сатумен айналыспаса, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңның нормалары, әдетте, мұндай мәмілеге қолданылмайды.

Сондықтан сатып алушының негізгі қорғанысы – көлікті ақша бермес бұрын мұқият тексеру. VIN-нөмірін, тіркеу тарихын, кепілдің, қамауға алу мен басқа да шектеудің бар-жоғын, жол апаты мен жүріс туралы мәліметті тексеру, сондай-ақ сатып алушының өзі таңдаған сервистік орталықта тәуелсіз диагностика жүргізу қажет. Шартта нақты жүріс көрсеткішін, көліктің белгілі техникалық жағдайын, бар ақауларын, құнын және үшінші тұлғалардың құқықтарының жоқ екенін көрсеткен жөн.

"Егер қолданылған автокөлікті сатып алғаннан кейін жасырын ақау анықталса, сатып алушы бұл ақаудың мәміле жасалғанға дейін болғанын және сатушының ол туралы хабарламағанын дәлелдеуге мәжбүр болады. Мұндай дауларда диагностика нәтижелері, сараптамалық қорытындылар, тапсырыс-нарядтар мен сатушымен жүргізілген хат алмасу дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан автокөлікті төлем жасамас бұрын тексерген дұрыс. Оның үстіне тексеруді сатып алушының өзі таңдаған сервистік орталықта жүргізу қажет", – деп түсіндірді Василий Романовский.

Сарапшының айтуынша, мәміле қаншалықты егжей-тегжейлі рәсімделсе, кейін өз мүддеңді қорғау мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 12:07