Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам сатып алушыларға жалдамалы пәтерді көрсетіп, 186 миллион теңге жинаған

Үйдің кілті
Фото: Freepik.com

Өскеменде тұрғын үйді мемлекеттік бағдарлама арқылы арзан бағамен алып беремін деп, 25 адамды алдаған күдікті ұсталды. Келтірілген жалпы шығын 186 млн теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 30 жастағы ер адам 2024 жылғы қарашадан 2026 жылғы сәуірге дейін азаматтарға тиімді бағамен пәтер алып беруге уәде еткен. Сондай-ақ тұрғын үйді рәсімдеу жұмыстарын өз мойнына алатынын айтып, адамдардың сеніміне кірген.

Жәбірленушілер оған ақшаны қолма-қол да, банк шоттарына аудару арқылы да берген.

Бірақ ақша алғаннан кейін күдікті түрлі қосымша төлемдерді талап ете бастаған. Оның ішінде пәтерді тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және басқа да шығындар бар.

Полицияның ақпаратына сүйенсек, күдікті адамдарды мәміленің шын екеніне сендіру үшін арнайы пәтер жалдап, оны "болашақ баспаналары" ретінде көрсеткен. Соған сенген азаматтар көп ұзамай үйдің кілтін аламыз деп, ақша беруін жалғастырған.

Алайда жәбірленушілер уәде етілген баспананы да, тиісті құжаттарды да алмаған.

Тергеу мәліметі бойынша, күдіктінің әрекетінен Шығыс Қазақстан облысының 25 тұрғыны зардап шеккен. Оларға келтірілген жалпы материалдық шығын 186 миллион 445 мың теңге.

Қазір 30 жастағы күдікті ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полиция жауап алу кезінде ер адам өз кінәсін мойындағанын хабарлады. Қазір бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Астанада пәтер аламыз деген 51 адам 3 миллиард теңгеге алданып қалғаны хабарланған еді.

Сот мәліметінше, іс бойынша 51 адам жәбірленуші деп танылған. Ал  Б., Е., Ч. Д. есімді төрт адам айыпталушы ретінде танылған. Сотталушылар пәтерлерді, коммерциялық нысандар мен автотұрақ орындарын сатамыз деген желеумен азаматтардан ақша алған. Оларға алаяқтықты ұйымдастырды және алаяқтық жасауға көмектесті деген айып тағылған.

Сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Қорғау тарапы оларды ақтауды сұрады. Ал шығыны өтелмеген жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды талап етті. Сот төрт адамды 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырды. 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 12:18