Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық депутатқа тиесілі фермада алты жұмысшы қаза тапты: Басшысы 100% кінәлі деп танылды

александр терентьев депутат
Фото: Александр Терентьевтің жеке архивінен

Павлодар облысындағы Aqtogai Milk кәсіпорнында күкіртсутектен уланып, алты жұмысшы қаза тапқан еді. Арнайы комиссия қайғылы оқиғаға жұмыс берушінің толық кінәлі екенін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдымен құдықта жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің бірі күкіртсутектен зардап шеккен. Одан кейін әріптестерін құтқару үшін өзге жұмысшылар да кезекпен құдыққа түскен. Соның салдарынан алты адам көз жұмды.

Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау әдістері бойынша оқытылмағанын және қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сонымен қатар құдықтағы жұмыстардың ұйымдастырылуы, соның ішінде апат кезінде және құтқару шараларын жүргізу барысында қауіпсіздік талаптарына сай болмаған.

"Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша жұмыс беруші “Aqtogai Milk” ЖШС-нің кінә дәрежесі 100% деп белгіленді", – деп мәлімдеді министрлік.

Тергеу барысында қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы, сондай-ақ оған жауапты лауазымды тұлғалар анықталды. Комиссия анықталған заң бұзушылықтарды жою және мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша ұсынымдар әзірледі.

Министрлік жұмыс берушілерді құдықтарда, резервуарларда, ыдыстарда және басқа да жабық кеңістіктерде жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікке ерекше назар аударуға шақырды. Қызметкерлер қауіпсіздік ережелеріне оқытылып, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі және төтенше жағдай кезіндегі әрекеттерге дайын болуы қажет.

Еске салайық, қайғылы оқиға 20 шілдеде Павлодар облысы Ақтоғай ауданындағы Aqtogai Milk сүт кәсіпорнының аумағында болған. Жабдықтарға қызмет көрсету кезінде алты жұмысшы қаза тауып, тағы бір ер адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша оқиғаға улану себеп болуы мүмкін. Оқиғаның мән-жайын арнайы комиссия мен құқық қорғау органдары анықтады.

Кәсіпорын иесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі кәсіпкер Александр Терентьев қызметкерлердің қаза болғанын растаған. Ол компания марқұмдардың отбасыларына қажетті көмек көрсететінін мәлімдеді.

Қаза тапқандардың арасында Евгений Яроцкий (1983 жылы), Жұмабек Қайдаров (1963 жылы), Рахат Расул (1998 жылы), Бауыржан Мұхаммед (1975 жылы) және оның ұлдары Дархан (2006 жылы) мен Дәулет (2009 жылы) бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Рахат Расул да бұл отбасына туыстық қатысы болған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 12:49