"Жарақатты үйде алдым деп айт": Жұмыс берушілер өндірістегі оқиғаны неге жасырады және қызметкер не істеуі керек
Жақында Астанада құрылыс алаңында мұнаралы кран құлап, үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйел бір аяғынан айырылды. Әйелдің айтуынша, жұмыс беруші оған үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде берген. Бұл оқиға көпшіліктің назарын аударып, әлеуметтік желіде талқыланған еді. Ал жалпы жұмыста ауыр жарақат алған адамға қандай көмек көрсетілуі керек? Денсаулығына келген зиян мен жоғалтқан табысы қалай өтеледі? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі еңбек заңнамасы жөніндегі заңгер Әділет Тұралықтан сұрап білді.
Еске салайық, 31 тамызда Астанада құрылыс алаңында мұнаралы кранды бөлшектеп жатқанда қайғылы жағдай болды. Кран құлап, бір жұмысшы сол жерде қаза тапты. Ал кран машинисі Ақмарал Қарабалиева биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның оң аяғын кесуге мәжбүр болған.
Ақмаралдың айтуынша, жұмыс беруші оған мүгедектер арбасын алып беріп, үш айлық жалақы көлемінде өтемақы төлеуге уәде еткен. Бірақ әйел мұндай көмектің жеткіліксіз екенін айтып, тұрақты қаржылай қолдау сұраған. Өйткені ол енді бұрынғы жұмысына орала алмайды. Оның үстіне, үш баланы жалғыз асырап отырған әйелдің баспанаға алған несиесі де бар. Бұл оқиғаға байланысты арнайы тергеу басталған. Еңбек инспекциясы өкілінің сол кездегі мәліметінше, Ақмаралдың еңбек шарты да, сақтандыруы да болған. Тергеу біткеннен кейін құжаттар сақтандыру компаниясына жіберілуге тиіс еді.
Жұмыста жарақат алсаңыз, алдымен не істеу керек?
Айталық, сіз жұмыста ауыр зат көтеріп, беліңізді ауыртып алдыңыз. Басында мән бермей, жұмысыңызды жалғастырдыңыз. Бірақ бірнеше күннен кейін ауырсыну күшейіп, дәрігерге баруға тура келді. Осындайда жарақатты дәл жұмыста алғаныңызды қалай дәлелдейсіз?
Әділет Тұралықтың айтуынша, ең алдымен болған жағдайды басшылыққа хабарлау қажет. Жарақат жеңіл көрінген күннің өзінде оны жасырып қалмаған дұрыс.
"Жұмыста жарақат алған адам алдымен өзінің тікелей басшысына, бөлім жетекшісіне немесе кәсіпорын директорына айтуы керек. Егер ауыр жағдай болса, еңбек инспекторлары арнайы тексеруге қатысады. Мен еңбек инспекторы болып жүргенде адамдар ауыр жарақат алған немесе қаза тапқан оқиғаларды тергедім. Біз оқиға орнына барып, адамның қай жерде жұмыс істегенін, сол кезде қандай жұмыс атқарғанын анықтайтынбыз. Содан кейін жарақаттың қалай болғанын, оған не себеп болғанын тексереміз", – деді заңгер.
Заң бойынша жұмыс беруші жарақат алған адамға алғашқы көмек көрсетіп, қажет болса ауруханаға жеткізуі керек. Сонымен қатар оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін тиісті шаралар қабылдауға міндетті. Ал қызметкер дәрігерге барғанда жарақатты қай жерде, қалай алғанын жасырмай айтуы қажет. Өйткені ауруханада жазылған алғашқы мәліметтер кейін оның құқығын қорғауға көмектесуі мүмкін.
Сондай-ақ оқиғаны көрген әріптестерінің телефон нөмірлерін, басшымен жазысқан хабарламаларды, дәрігер берген анықтамаларды және басқа да дәлелдерді сақтап қойған жөн.
"Жарақатты үйде алдым деп айт": Мұндай ұсынысқа келісуге бола ма?
Кейде қызметкер жұмыста жарақат алғанда басшысы оны ауруханаға жеткізіп, емделуіне ақша беретінін айтады. Бірақ бір шарты бар. Дәрігерге жарақатты жұмыста емес, үйде алғанын айту керек. Әділет Тұралық мұндай жағдайлардың тәжірибеде кездесетінін жеткізді.
"Кейбір жұмыс берушілер жарақатты жасырудың түрлі жолын іздейді. Мысалы, қызметкерді өз көлігімен ауруханаға апарып, дәрігерге жарақатты үйде алдым деп айтқызады. Одан кейін өзара келіскен мөлшерде ақша береді. Сөйтіп, жұмыста болған оқиға ресми тексерілмей қалады. Ал адамның денсаулығы бірнеше жылдан кейін нашарласа, жарақатты жұмыста алғанын дәлелдеу қиындайды. Өйткені сол кезде ешқандай тексеру жүргізілмеген, оқиғаның қалай болғаны құжатқа түспеген", – деді заңгер.
Мысалы, жұмысшы аяғын жарақаттап, ауруханада үйде құлағанын айтты делік. Біраз уақыт емделгеннен кейін жұмысына қайта оралады. Бірақ бірнеше жылдан соң аяғы сыр беріп, жұмыс істеуі қиындайды. Осындайда дәрігердің алғашқы құжатында жарақатты үйде алғаны жазылып тұрса, оның жұмыста болғанын дәлелдеуге қосымша айғақтар қажет болады. Сондықтан басшыңыз емделуге ақша берсе де, болған жағдайды жасырмаған дұрыс, дейді маман.
Қомақты ақша беріп, қолхат жаздырса ше?
Жұмыста ауыр жарақат алған адамға басшысы қомақты сома ұсынып, "ешқандай талабым жоқ" деген қолхат жазуды сұрауы мүмкін. Қызметкер сол сәтте емделуге ақша қажет болғандықтан келісіп те қалады. Бірақ біраз уақыт өткен соң тағы ота жасату, дәрі-дәрмек алу немесе бірнеше ай бойы оңалтудан өту қажет болуы ықтимал. Ал басында берілген ақша бұл шығындардың бәріне жетпеуі мүмкін.
Заңгердің айтуынша, сондықтан жұмыс беруші ақша бергенімен, жұмыста болған оқиғаны ресми тексеру бәрібір жүргізілуі керек.
"Қызметкер ақша алып, ешқандай талабым жоқ деп жазса да, жұмыста болған жазатайым оқиға тергелуге тиіс. Өйткені алдымен оның қалай және неліктен болғанын анықтау керек. Бұл тек жарақат алған адамның мәселесін шешу үшін жасалмайды. Осындай жағдай басқа қызметкерлердің басына түспеуі үшін де қажет. Сондықтан жұмыс беруші мен қызметкердің ақшаға келісуі ресми тексерудің орнына жүрмейді", – деді Әділет Тұралық.
Бірнеше жылдан кейін денсаулығыңыз нашарласа ше?
Жұмыста жарақат алған адамның бәрі бірден еңбекке жарамсыз болып қалмайды. Кейбірі емделіп, қайта жұмысқа шығады. Бірақ бірнеше жылдан кейін бұрынғы жарақаты қайта мазалап, жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Ал сол кездегі оқиға еш жерде тіркелмесе, кейін оны дәлелдей ала ма?
"Егер адам бірнеше жыл бұрын жарақат алса, оның жұмыста болғанын дәлелдеу қиындайды. Өйткені сол кезде жедел жәрдем шақырылмаған болуы мүмкін. Жұмыс беруші де оқиға туралы хабарламаған, ешқандай тексеру жүргізілмеген жағдайлар кездеседі. Сондықтан мұндай істерді жеке-жеке қарау керек. Қандай дәлелдер көмектесетінін оқиғаның қалай болғанына қарап анықтауға болады", – деді заңгер.
Дегенмен оқиғадан бірнеше жыл өткені үшін ғана оны тексеруге болмайды деген сөз емес. Заң бойынша кезінде хабарланбаған жазатайым оқиғаны да зардап шеккен адамның өтінішімен тексеруге болады. Бірақ бір мәселе бар. Адам бұрын жұмыста жарақат алғанын ғана емес, қазіргі денсаулығының нашарлауы сол жарақаттың салдары екенін де дәрігерлердің қорытындысымен растауы қажет болуы мүмкін.
Еңбек шарты болмаса, өтемақы алуға бола ма?
Мысалы, адам құрылыста бірнеше ай жұмыс істеді. Бірақ басшысы онымен еңбек шартын жасамаған. Жалақысын қолма-қол беріп отырған. Бір күні жұмысшы жарақат алады. Ал жұмыс беруші оны өз қызметкері ретінде мойындаудан бас тартады. Мұндай жағдайда адам сол жерде жұмыс істегенін қалай дәлелдей алады?
"Егер еңбек шарты болмаса, алдымен адамның шынымен сол кәсіпорында жұмыс істегенін анықтау қажет. Жұмыс беруші оны мойындамаса, сотқа жүгінуге тура келуі мүмкін. Өйткені жарақаттың қалай болғанын тексеру үшін сол адамның қандай жұмыс атқарғанын, кімнің тапсырмасын орындағанын білу керек. Еңбек қатынасы анықталғаннан кейін жазатайым оқиға мәселесін қарауға болады. Сондықтан еңбек шартынсыз жұмыс істейтін адамдарға өз құқығын қорғау қиындауы мүмкін", – деп түсіндірді Әділет Тұралық.
Алайда еңбек шарты жоқ екен деп адамның ешқандай құқығы болмай қалмайды. Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты жасалмаса, адам жұмысқа нақты кіріскен күннен бастап қызметкер болып есептеледі. Мұндай жағдайда басшымен жазысқан хабарламалар, жалақы аударымдары, жұмыс кестесі, жұмыс орнында түскен суреттер және әріптестерінің куәлігі көмектесуі мүмкін.

Жарақат алған адамға қанша ақша төленеді?
Ауыр жарақаттан кейін адам бірнеше апта, бірнеше ай, тіпті ұзақ уақыт жұмыс істей алмауы мүмкін. Ал кейбірі бұрынғы кәсібіне мүлде орала алмайды. Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайларда төлемнің екі түрін ажырату керек. Бірі – адам емделіп, уақытша жұмысқа шыға алмаған кезде берілетін ақша. Екіншісі – жарақат салдарынан адамның еңбек ету мүмкіндігі ұзақ уақытқа немесе біржола шектелген жағдайда қарастырылатын төлемдер.
"Егер қызметкер жұмыста жарақат алып, уақытша жұмыс істей алмаса, оған орташа жалақысының жүз пайызы мөлшерінде жәрдемақы төленуі тиіс. Мысалы, дәрігер бір ай емделу керек десе, сол уақытқа тиісті ақша есептеледі. Бұдан бөлек, емделуге кеткен шығындарды өтеу мәселесі де қаралуы мүмкін. Ал жарақат ауыр болып, адам бұрынғыдай жұмыс істей алмай қалса, төлемдердің тәртібі өзгереді. Сондықтан дәрігерлердің қорытындысы мен болған оқиға туралы ресми құжаттар өте маңызды", – деді Әділет Тұралық.
Ал егер адам кәсіби еңбекке қабілетінің 30–100%-ынан айырылса, заңда көрсетілген талаптарға сай сақтандыру компаниясы жоғалтқан табысын өтеуі керек. Дегенмен бұл көрсеткіш 5–29% болса, төлемге жұмыс беруші жауап береді. Мұндай төлемдер белгілі бір мерзімге, зейнет жасына дейін тағайындалуы мүмкін. Сонымен бірге дәрігерлер қажет деп тапса және тиісті құжаттар болса, емделуге, оңалтуға немесе қосымша күтімге жұмсалған шығындарды да өтеу мәселесі де бөлек қаралады.
Жұмыс беруші көмектеспесе, қайда шағымдануға болады?
Егер жұмыс беруші жарақатты тіркемесе, болған жағдайды жасыруды сұраса немесе көмек көрсетуден бас тартса, мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге болады. Әділет Тұралықтың айтуынша, азаматтар бұл мекемеге барып, өз жағдайын түсіндіріп, тегін кеңес ала алады.
"Қазақстанның барлық өңірінде мемлекеттік еңбек инспекциясының аумақтық бөлімшелері бар. Мысалы, Алматыда жұмыс күндері азаматтарды қабылдайтын кезекші инспектор жұмыс істейді. Ол жерде тегін кеңес береді. Қолда оқиғаға қатысты құжаттар болса, соларды бірге алып барып, өтініш жазуға болады. Егер жұмыс беруші адамды өз қызметкері ретінде мойындамаса, алдымен еңбек қатынасын қалай дәлелдеуге болатынын анықтау керек", – деді заңгер.
Шағымда жарақатты қашан, қай жерде және қалай алғаныңызды, сол кезде қандай жұмыс істегеніңізді және басшылықтың не айтқанын нақты көрсету қажет. Өтінішке дәрігердің анықтамаларын, басшымен жазысқан хабарламаларды, оқиғаға қатысты суреттерді және басқа да дәлелдерді қосуға болады. Егер жұмыс берушімен мәселе шешілмесе, сотқа жүгіну керек.
Жұмыста алған жарақат адамның денсаулығына ғана емес, табысына, отбасына және алдағы өміріне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан болған жағдайды жасырмай, уақытында тіркетіп, дәрігерге қаралған дұрыс. Бұл кейін өз құқығыңызды қорғауға және заң бойынша тиесілі төлемдерді алуға көмектеседі дейді заңгер.
Еске салайық, ақтөбелік дәнекерлеуші өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалғанын жазған едік. Қайғылы жағдай осыдан екі жыл бұрын құрылыс алаңында болған. Содан бері зардап шеккен азамат пен оның туыстары жұмыс берушіден өтемақы ала алмай келеді. Кейін сот жұмыс берушінің кінәсін 100% таныған. Енді зардап шеккен тарап моральдық және материалдық шығын ретінде 32 млн теңге талап етіп отыр.
"Жарақатты үйде алдым деп айт": Жұмыс берушілер өндірістегі оқиғаны неге жасырады және қызметкер не істеуі керек