Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ордабасы" футбол клубы мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атанды

Ордабасы ФК
Фото: Ордабасы ФК

Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

25 қазанда Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен "Ақтөбе" мен "Қайрат" футбол клубтары арасындағы кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Бұл нәтиже алматылық клубты чемпиондық мүмкіндігінен айырды. Маусымның аяқталуына бір тур қалғанда "Қайраттың" еншісінде 64 ұпай болса, "Ордабасы" 68 ұпай жинаған. Осылайша, шымкенттік команда ең жақын қарсыласынан ұпай саны бойынша озып, чемпиондық атақты мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.

"Ордабасы" клубы Қазақстан чемпионы атағын тарихында екінші рет жеңіп алды. Шымкенттіктер бұған дейін 2023 жылы ел біріншілігінде топ жарған еді.

Алдыңғы екі маусымда Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанған "Қайрат" бұл жолы титулды "Ордабасыға" берді.

Айта кетейік, келесі жазда Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан қатысатын жалғыз клуб "Ордабасы" болады.

Шымкенттік команда чемпиондықты 31 қазанда өтетін соңғы турда атап өтпек. Бұл күні "Ордабасы" Павлодарда "Ертіспен" кездеседі.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе мен Ордабасы арасындағы матчта плакат ұстаған қыздар жұрттың назарын аударғаны туралы жазған едік. Олар плакатқа “No Shymside”, “No Texas Fans” жазып, қасына Өзбекстан туын қойып қойған. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде наразылықтар пайда болды. Артынша Ақтөбе облыстық полиция департаменті жанкүйек қыздар мен ата-аналарына қатысты шара қолданғанын мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Қазан, 2026 08:31