Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам құрылыс орнында биіктен құлап кеткен: Туыстары енді 32 миллион теңге талап етіп отыр

жұмыс жаратқат
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбелік дәнекерлеуші өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалды. Қайғылы жағдай осыдан екі жыл бұрын құрылыс алаңында болған. Содан бері зардап шеккен азамат пен оның туыстары жұмыс берушіден өтемақы ала алмай келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

42 жастағы Александр Турянский 20 жылдан астам уақыт дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Алайда 2024 жылдың қарашасында металл конструкцияларын монтаждау кезінде ол абайсызда үшінші қабаттан құлап кеткен. Александр басынан, кеуде тұсы мен өкпесінен ауыр жарақат алып, жамбас сүйегін сындырған. Сондай-ақ жадының жартысын жоғалтқан.

“Жалпы, ештеңе есімде жоқ. Үйге келіп, анама "Бесік шайқалып тұр" дегенмін. Сөйтіп құлап кеттім. Өтемақы төлесін, әрі қарай өмір сүру керек қой. Бәріне ақша керек, өздеріңіз білесіздер. Ал олар ештеңе төлегісі келмейді”, – дейді Александр.

Оның анасы Любовь Турянскаяның айтуынша, ұлы жұмысының үшінші күнінде-ақ биіктен құлап кеткен. Ол 15 күн комада жатқан. Жалпы үш ай ауруханада емделген. Қазір ер адамға бірінші топтағы мүгедектік берілген. Дәрі-дәрмекке, массажға және дәрігерлерге қаралуға қаражат жетпейді. Әйелдің айтуынша, жұмыс беруші бастапқыда аздап көмектескенімен, кейін қолдау көрсетуді тоқтатқан.

“Олар біртіндеп, біртіндеп бізден алыстай бастады. Сөйтіп, ешқандай көмек болған жоқ. Кіші ұлым барғанда қайыр сұрағандай болып ақша алатын. Мен зейнетақымды дәрі-дәрмекке жұмсайтынмын. Бізге ештеңе өтеген жоқ”, – дейді Любовь Турянская.

Еңбек инспекциясы тексеру жүргізді. Алғашында жұмыс берушінің кінәсі ішінара дәлелденген.

“80 пайызы – жұмыс берушінің кінәсі, 20 пайызы – жұмысшының кінәсі. Қауіпсіздік талаптарын сақтамаумен қатар, жұмысшыға нұсқама жүргізілмеген. Мұның барлығы арнайы тексеру актісінде тіркелді”, – дейді Ақтөбе облысы бойынша еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Кәмиев.

Кейін сот жұмыс берушінің кінәсін 100 пайыз деп таныды. Алайда компания өкілдері өндірістегі жазатайым оқиғадан кейін заң талаптарына сәйкес әрекет еткендерін алға тартады.

“Олар жөргекке және басқа да қажеттіліктерге ақша сұраған кезде, барлығын төледік. Бірақ мәселе мынада: олардың өкілі Турянский мырза заңда белгіленген талаптарды толық орындамаған. Жазатайым оқиға болғаннан кейін біз барлық құжаттарды бердік. Олар сақтандыру компаниясына жүгінуі керек еді”, – дейді “Кабленова” ЖК-тің ресми өкілі Төлеген Есенгужин.

Бұл іске қатысты соңғы нүктені сот қоюы тиіс. Зардап шеккен тарап жұмыс берушіден моральдық және материалдық шығын ретінде 32 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 08:26