Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алатауда елдегі екінші ең биік ғимараттың құрылысы басталды: Оның құны 360 миллиард теңге

Iconic Complex
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Алатауда биіктігі 272 метр болатын алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жобаға 360,8 миллиард теңгеден астам инвестиция салынады. Кешен екі мұнарадан тұрады: бірінің биіктігі – 272 метр, екіншісі – 78 метр. Ішінде кеңселер, тұрғын үйлер, қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктер болады. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Iconic Complex 3
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Билік бұл жобаны Алатауды ірі іскерлік орталыққа айналдыру жолындағы маңызды қадам деп отыр. Қалада инвесторларға жағдай жасау үшін арнайы құқықтық режим енгізіліп жатыр.

Инвестиция көлемі де өсіп келеді. 2026 жылы Алатаудың негізгі капиталына салынған қаражат 1,6 есе артып, 70,3 миллиард теңгеге жеткен.

Қазір қаланың инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 3,11 триллион теңге болатын 67 жоба бар. Олардың барлығы іске асса, 55 мыңға жуық жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Үкіметтің мәліметінше, Iconic Complex деп аталатын кешеннің іргетасын қалау рәсіміне премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.

Iconic Complex 3
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Алайда зәулім ғимарат салумен іс бітпейді. Мұндай ауқымды жобаға жол, су, электр қуаты және қауіпсіздік мәселелері қатар шешілуі керек. Қазір осы бағыттағы 28 инфрақұрылымдық жобаға резервтен 35,3 миллиард теңге бөлінген.

Соның ішінде қосалқы стансаны жаңғырту, су жүйелерін салу және жолдарды жөндеу жұмыстары бар.

Қанат Бозымбаев құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Әсіресе сейсмикалық қауіпсіздікке, энергия тиімділігіне және жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуына баса назар аударылмақ. Сондай-ақ құрылысқа қазақстандық компаниялар мен мамандарды тарту қажет.

Айта кетейік, кешеннің бас мердігері – Қытайдың China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы. Ал сәулеттік тұжырымдамасын америкалық SOM бюросы әзірлеген.

Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласын Дубай, Сингапур және Қытайдың арнайы экономикалық аймақтары үлгісімен дамыту жоспарланып отырғанын жазған едік. Үкімет қаланың арнайы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірлеп, инвесторларға қолайлы құқықтық және салықтық жағдай жасау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу тетіктерін ұсынды. Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2050 жылға қарай қаланың өңірлік жалпы өнімі 50 млрд долларға (22,55 трлн теңге) жетуі мүмкін. Қазір Алатауда жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба жоспарланған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 11:51