Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Швеция үкіметіне ChatGPT пен Claude қолдануға тыйым салынды

ChatGPT мен Claude
Фото: androidpolice.com

Швеция билігі құпия ақпаратты деректер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы келісімсіз енгізу оның жасанды интеллект жүйелерінде пайдаланылуына және оқыту мақсатында сақталуына әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еuronews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымының мәліметінше, Швеция үкіметінің қызметкерлеріне жұмыс компьютерлерінде OpenAI компаниясының ChatGPT және Anthropic компаниясының Claude сервистерінің браузерлік нұсқаларын пайдалануға тыйым салынған.

Осындай шектеулер Швецияның салық агенттігі мен ұлттық түзеу мекемелерінде де енгізілген.

Мұндай алаңдаушылық Швецияның Көлік басқармасының қызметкерлері пайдаланған жасанды интеллект құралдарына жүргізілген тексерістен кейін туындаған. Билік арнайы деректерді қорғау және қауіпсіздік келісімдері болмаған жағдайда, құпия ақпаратты мұндай платформаларға енгізу ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін деп есептейді.

Швеция үкіметі кеңсесінің цифрландыру жөніндегі директоры Микаэль Веттеркранц мәселе туралы пікір білдірді.

"Реттелмейтін және осындай келісімдермен қорғалмаған платформаларды пайдалану, яғни көлеңкелі IT жүйелерін қолдану, ақпараттық қауіпсіздігімізге кері әсер етуі мүмкін", – деді Микаэль Веттеркранц.

Шенеуніктерге қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілген Microsoft компаниясының Copilot құралын пайдалану ұсынылады.

Ал ChatGPT пен Claude сервистерімен жұмысты жалғастыруға тек шектеулі санаттағы қызметкерлерге ғана рұқсат беріледі. Олар бұл құралдарды Швеция билігі арнайы әзірлеген жасанды интеллект көмекшілеріне арналған платформа арқылы ғана пайдалана алады.

Еске салайық, бұған дейін Билл Гейтс жасанды интеллект адамзатқа үлкен қауіп төндіріп, миллиардтаған адамның өліміне әкелуі мүмкін екенін ескертті. Ол АҚШ билігін жасанды интеллект технологияларын қатаң заңнамалық тұрғыдан реттеуге және міндетті қауіпсіздік шараларын енгізуге шақырды. Гейтстің пікірінше, технологияларды әзірлеушілердің өзін өзі бақылауы жеткіліксіз.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 10:46